Accessibility links

Ресей белсенділері советтік репрессия құрбандарына тақта орнатпақ


Ресейдің Ставрополь қаласындағы советтік қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш.
Ресейдің Ставрополь қаласындағы советтік қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш.

Журналистер бастамасымен советтік қуғын-сүргін құрбандары тұрған үйлерге ескерткіш тақта орнатылмақ. Жоба «Соңғы мекенжай» деп аталады.

Совет заманындағы қуғын-сүргін құрбандарының атылардың не ГУЛАГ түрмелеріне айдалардың алдында тұрған үйлеріне ескерткіш тақта орнату шарасы екі аптадан соң басталмақ.

«СОҢҒЫ МЕКЕНЖАЙ»

«Соңғы мекенжай» деп аталатын бұл жоба аясында «Мемориал» құқық қорғаушылар тобының деректер базасындағы қуғынға ұшыраған мыңдаған адамның соңғы тұрған үйлеріне құны 3500-4000 рубль болатын ескерткіш тақталар орнатылмақ. Бұл үшін құрбан болған кісінің туыстары немесе сол үйдің тұрғындарынан [ерікті түрде] қаражат жиналмақ.

Әр тақта советтік кезеңде айыпталып, атылып кеткеннен кейін ақталған бір азаматтың атын жаңғыртады. Қудаланып, атылған кісілердің көбі ешқандай белгі қойылмаған, дерексіз зираттарға жерленген. Сондықтан оларды еске алуға мүмкіндік беретін жалғыз орын – тұрған үйлеріне қойылған тақта болмақ. Жобаны үйлестірушілердің бірі, бұрынғы журналист Елена Висенс:

- Мұндай жобалар кез келген уақытта маңызын жоғалтпайды. Бірақ бұл жоба дәл қазір керек деп ойлаймын. Себебі жұрт тарихты ұмытып бара жатыр. Көпшілік өз тарихын, әулет шежіресін, қаласының, мемлекетінің тарихын білгісі келмейді. Меніңше, бұл – ұлтты сауықтыру тәсілі. Бұл – ұлтты емдейтін дәрі сияқты дүние, - дейді.

Оған бұл жобаны жүзеге асыруға журналист Сергей Пархоменко көмектесіп жатыр. Совет Одағы тарағаннан 23 жыл өткенде қолға алынған мұндай жоба Ресейде бұрын-соңды болмаған.

2,6 МИЛЛИОН ҚҰРБАН

Жоба тек Сталин заманындағы қылмыстарды ғана емес, жалпы Совет Одағының кез келген кезеңінде қуғынға ұшырап, атылғаннан кейін ақталған азаматтар есімін жаңғыртуды мақсат тұтады. «Мемориал» ұйымының онлайн деректер базасына сүйенсек, бұл тізімде 2,6 миллион адамның аты-жөні бар.

Мәскеудегі құрбандардың тізімі мен мекен-жайын «Мемориалдың» архивінен көруге болады. Алғашқы 26 тақта [егер билік бөгет жасамаса] Халықаралық адам құқықтары күніне орайластырылып, желтоқсанның 10-ы күні орнатылмақ.

Жалпы қанша тақта орнатылатыны ұйымдастырушыларға келіп түсетін өтініштерге байланысты болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әзірге олар 300-ге жуық өтініш қабылдаған. Висенс «неғұрлым көп тақта орнатылса, халықтың қызығушылығы да соғұрлым артады» деп үміттенеді.

«Соңғы мекенжай» жобасының интернеттегі сайтында өтініштердің қай жерлерден түскені, ескерткіш тақталардың қай үйлерге орнатылатыны туралы соңғы ақпарат жинақталған интерактивті карта бар.

Көлемі 10 х17 сантиметр болатын ескерткіш тақта мырышпен қапталған темірден әзірленеді. Онда сол үйде тұрған кісінің аты-жөні, мамандығы, туған, тұтқындалған, атылған және ақталған мерзімдері көрсетіледі.

Ескерткіш тақтаның жобасы.
Ескерткіш тақтаның жобасы.

«Соңғы мекенжай» жобасы алдымен Мәскеуде басталып, кейін бүкіл ел аумағына, тіпті шетелдерге де таралуы мүмкін.

НЕМІСТЕРДІҢ ЖОБАСЫ

«Соңғы мекенжай» - осыдан жиырма жыл бұрын іске асырылған неміс суретшісі Гюнтер Демнигтің Stolpersteine («Ескертуші тас») жобасының жалғасы іспетті. Әлемнің 18 еліндегі көшелерге 1933-1945 жылдары нацистік Германия құрбаны болған адамдарға арналған 48 мыңға жуық Stolpersteine тасы орнатылған. Бұл мәліметті ұйымдастырушылар Twitter-де хабарлады.

Висенс өзі тұратын үйде өмір сүрген еврей журналисі Макс Канторовичтің ескерткіш тақтасын өз ақшасына жасатпақ. Германия коммунистік партиясының мүшесі болған швейцариялық еврей Канторович Мәскеуде тұрып жатқан жерінен тыңшылықпен айналысты деп айыпталып, тұтқындалған. Ол 1937 жылы желтоқсан айында атылған.

Канторович – Никита Хрущев билікке келгеннен соң, 1956 жылдың тамыз айында ақталған ондаған мың боздақтың бірі.

ТАРИХТЫ МОЙЫНДАУ

Ресей саясаткерлерінің арасында «Соңғы мекенжай» жобасын қолдап жатқандары көп. Солардың бірі – үйқамақта отырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальный. Ол жұрт көп оқитын өзінің Facebook парақшасында Сергей Пархоменконың бұл бастамасын мақтап, жоба туралы сұхбатқа сілтеме берген.

Елена Висенстің айтуынша, «бұл жоба Ресейдің өткен тарихының көлеңкелі жақтарын мойындауы үшін өте маңызды».

- Өткенімізді танып, оның қандай болғанын мойындамайынша, ұлттың болашағы болмайды, - дейді ол.

(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG