Ол билікке келгенде ұлтына дәстүрлі құндылықтары мен бұрынғы ұлылығын қайтарамын деп уәде етті. Ол авторитарлық билік иесі, оппозицияға төзбейді. Ол өз билігін жеке басының мүддесіне пайдаланып, тұлғасын мемлекеттің образына айналдырды.
Бұл Ресей президенті Владимир Путин бе әлде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ба? Сипаттама екеуіне де келеді, себебі бұл екі адам көп жағдайда бір-біріне ұқсайды. Бірнеше жылдан бері олар ықпалды, авторитарлық басшылар ретінде өзара жақсы түсінісіп келген еді.
Қарашаның 24-і күні Түркия Ресейдің әскери ұшағын атып түсіргеннен кейін дәл осы ұқсас қасиеттері олардың тіл табысуына кедергі болуы мүмкін. Кейінгі онжылдықта екі ел арасында тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатып, Путин мен Ердоған бірін-бірі көп мақтаған еді.
Былтыр желтоқсан айында Путин Ердоғанды «қайсар мінезді адам» деп мақтаған еді. Оған дейін, өткен жылдың қыркүйегінде Ердоған Мәскеуге келіп, Ресей басшысының Еуропадағы ірі мешіттердің бірін ашуына көмектескен.
Ал қазір екі басшы арасындағы бірін-бірі «құрметтескен» осындай қарым-қатынас жауласуға ұласатын тәрізді. Өйткені, екеуінің ұқсас қасиеттері енді бір-біріне қарсы жұмсалатын құралға айналуы мүмкін. 2009 жылы түрік журналисі Хильми Торос «Патша Путин жүрген жерге сұлтан Ердоған да із қалдырады» деп жазған болатын.
Екеуінің де бойында абсолютизмге ұмтылу бар, билікте ұзақ жылдар бойы отырған кезде оны күшейте түсті. Путин 16 жылдан бері билікте отыр, ал Ердоған 12 жыл ел басқарып келеді. Стамбулдағы саяси сарапшы және Вашингтон мен Стокгольмдегі Silk Road Studies жобасының қызметкері Гарет Дженкинс «Екеуі де империялық дәуірді аңсайды, Путин - Совет Одағын, ал Ердоған Осман империясын сағынады» дейді.
Бұл сағыныш сезімінің қаншалықты күші екенін олардың сарайларынан байқауға болады. Ердоған былтыр құны 615 миллион долларға түскен, мың бөлмесі бар Осман кезеңін еске салатын сарай салып бітірді. Жақтастары бұл елдің дамуы мен Ердоғанның қазіргі Түркияны дамытудағы маңызын көрсету үшін салынды десті.
Путиннің Қара теңіз жағалауында құны шамамен 1 миллиард долларға бағаланатын сәнді, сәулетті сарайы бар. Ол Санкт-Петербургтегі Қысқы сарай тәрізді барокко үлгісімен салынған. Бұл екі адамның бойынан басқа да ұқсастықтар табасыз. Олардың әрқайсысы өзін ықпалды, күшті адам ретінде көрсетіп, отандастарын иландырды. Әрқайсысы өзін сынайтындарды басып-жаншып, баспасөзді бақылауға алды.
Путин де Ердоған тәрізді кедей отбасынан шыққан, спортпен айналысып, мачо бейнесінде көрінуге ұмтылады. Бұқаралық ақпарат құралдарында Путиннің кеудесін жалаңаштап, атқа мініп жүргені, жолбарыстардың қасында суретке түскені, дайвинг экспедицияға қатысқаны көрсетіледі. Ердоған жауларын аямайтын және шешен адам ретінде көпшілік алдында күшті тұлғаға айналды.
Оқи отырыңыз: Путин мен Ердоғанның ұқсастығы
Бұған қоса, екеуі де не істелсе де бәріне жоғары билік рұқсат етуі керек деген авторитарлық мораль иелері. Ердоған ислам дінін ұстанады және елдегі діни негізде құрылған «Әділет және даму» партиясын басқарады. Жұрт алдында барынша діндар болып көрінуге тырысатын Путин Кремль мен Ресей православ шіркеуі арасында тығыз байланыс орнатты. Бұл қасиеттері екеуінің ішкі саясаттағы ымырасыздығын ғана көрсетіп қоймайды, сыртқы саясаттағы әрекеттеріне де ықпал етеді.
Лондондағы король колледжінің қорғаныс зерттеулері департаментінің өкілі Билл Парк «Екеуі де халықаралық саясатта 19- ғасырдағы ықпалды бөлісу тәрізді ережелермен ойланады, яғни «егер жеңсең, қарсылас толық ұтылады» деген антагонистік көзқарастағы адамдар. Олардың біреуі екіншісіне жол береді деп ойламаймын» дейді.
Қарашаның 24-і күні Түркия Ресей ұшағын атып түсіргеннен бері Путин де, Ердоған да өз бейнелеріне лайық қағиданы ұстанып алды. Путин ұшақты атып түсіру әрекетін «ту сырттан соққы беру» деп атап, Ердоғанның бұл ісін бұрынғы екеуара достықты сатып кету деп бағалайтынын байқатты. Тіпті «терроризмді қолдаушылар ту сыртымыздан соққы жасады» деп салды.
Ердоған Түркияның ұшақты «ел қауіпсіздігін және Сириядағы бауырларының құқығын қорғау үшін атқанын» мәлімдеді. Ердоған «түрік әуе кеңістігін Ресей ұшақтары бірнеше рет бұзғаннан кейін ел шекарасын» және «Сириядағы туыстас түркімен көтерілісшілерін қорғайтынын» көрсетті, Ресей оларды Түркия шекарасына жақын жерде бомбалаған еді. Бұл аудан Ресей нысанаға алған «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымы басып алған аймаққа жатпайды.
Ресейлік ұшақтың құлауы - қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан бері НАТО мен Мәскеу арасында туған ең елеулі оқиға. Бірақ бұл дағдарыстың қайда апарып соғатынын болжау мүмкін емес. Екі мемлекет қарашаның 25-і күні бір-біріне қарсы әскери шара қолданбайтындарын мәлімдеп үлгерді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров«Түркиямен соғысайық деген ниетіміз жоқ» деді.
Ердоған да Анкараның Ресеймен арадағы шиеленісті өршітуге ниетті емес екенін жеткізді. Бірақ Ресей мен Түркия басшыларының мінезін ескерсек, экономикалық байланысқа қарамастан, екі ел бұрынғы жақсы қарым-қатынасына оралады деу қиын. «Соғыс бола қоймас, бірақ Ресей мен Түркия арасында қырғиқабақ араздық басталуы мүмкін. Путин кешірмейді, Ресейдің қолында Түркияның жағдайын қиындататын тетіктер бар» дейді Дженкинс.
Түркия Қара теңіз түбімен ресейлік газды экспорттайтын негізгі нарық және Ресей халқы Түркия туризмін дамытуға көп үлес қосып отыр. Бұған қоса, Түркия оңтүстікте Күрдістан жұмысшылар партиясының сепаратистік тобымен күресіп жатыр. Ал Түркияның Ресейге ықпал ету тетіктері аз. Бірақ Түркия Еуропаның оңтүстігіне газ таситын транзит ел ретінде маңызды. Бірақ бұл газ құбыры жобасын өткен жылы ЕО «Газпром» еуропалық нарықта моноплолистке айналды» деп тоқтатып тастаған еді.
Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.