Accessibility links

«Геноцидке шеберлер Кремльде отыр»


Ресей тергеу комитетінің ғимараты.
Ресей тергеу комитетінің ғимараты.

Ресей тергеу комитеті Украина билігі мен армиясын Донбасс тұрғындарына геноцид жасады деп айыптады. Ал Украина бас прокуратурасы Ресей тергеу комитетінің бірнеше өкіліне қарсы қылмыстық іс қозғады.

Ресей тергеу комитеті «Донбастағы орыс тілді тұрғындарға геноцид жасады» деп, Украинаның жоғары лауазымды шенеуніктері мен әскери қызметкерлерінің үстінен іс қозғады.

Бірақ әзірге нақты ешкімнің аты-жөні аталмайды. Ресейлік тергеушілер «Украина саясаткерлері мен әскери шенеуніктері 1948 жылы қабылданған «Геноцид қылмысының алдын алу және оны жазалау туралы» конвенцияны бұза отырып, орыс тілді тұрғындарды жою туралы бұйрықтар берді» деп мәлімдеді. Бұл жайында Ресей тергеу комитетінің ресми сайты жазды.

УКРАИНАНЫҢ «ЖАУАБЫ»

Құқықтанушылар Ресей тергеу комитетінің геноцид туралы істерін «насихат мақсатында қозғалған, заң тұрғысынан алғанда болашағы жоқ» дейді.

Ресей тергеу комитетінің мәлімдемесіне қарағанда, «Донбастың орыс тілді тұрғындарын қырып-жоюға аты-жөні анықталмаған украиналық саясаткерлер мен армия қызметкерлері қатысқан». Тергеушілердің пікірі бойынша, олар Ресей қылмыстық кодексінің 357-бабы («Геноцид») бойынша жауапқа тартылуы тиіс.

Тергеу комитеті қызметкерлері «Орыс тілді азаматтарды өлтіру «Град» және «Ураган» қаруларын; кассеталық ұштығы бар, басқарылмайтын авиациялық зымырандарды; «Точка-У» тактикалық зымырандарын және тағы басқа да шабуыл қаруларын қолдану арқылы іске асырылды. Осының кесірінен екі жарым мыңдай адам опат болды» деген қаулы шығарды.

Ресей тергеу комитетінің өкілі Владимир Маркин хабарлағандай, «Қазірге дейін жиналған деректер Украина саясаткерлері мен армия өкілдерінің Ресей құқықтық нормаларын ғана емес, халықаралық құқықты бұзғанын көрсетеді». Тергеу комитетінің ескертуінше, бұл қылмысқа айыптылар 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін немесе өлім жазасына кесіледі.

Ресейліктердің «Донбастағы орыс тілді халықты геноцидке ұшыратты» деген айыптауына Украинаның қалай жауап қайтарғанын Азаттықтың Киевтегі тілшісі Владимир Ивахненко айтып берді.

- Украинаның бас прокуратурасы Ресей тергеу комитетінің бірқатар лауазымды тұлғаларына қарсы қылмыстық іс қозғады. Прокуратура мәлімдемесінде «Ресей негізсіз қылмыстық іс қозғау арқылы Украинаның құқық қорғау органдары мен қарулы күштері әрекетіне заңсыз араласты» деп жазылған. Прокуратура Ресей тергеу комитетінің қандай мүшелеріне қатысты қылмыстық іс ашылғанын ашық айтпады. Бірақ іс «Террорлық ұйымдарға жәрдемдесу», «Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне араласу», «Мемлекеттік қайраткер жұмысына кедергі келтіру» деген баптар бойынша қозғалған, - дейді ол.

«НЕГІЗІ ПУТИНДІ АЙЫПТАУ КЕРЕК»

Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі, саясаткер және заңгер Зорян Шкиряк «Ресей президенті Владимир Путиннің үстінен «Украина халқына геноцид жасады» деген қылмыстық іс қозғау керек» дейді.

Зорян Шкиряк
Зорян Шкиряк

- Ресей тергеу комитетінің тағы бір сандырағына түсініктеме берудің өзі сөзіңді рәсуа еткенмен тең. Оның үстіне олар «геноцид» деген терминді қолданып отыр. Егер геноцид туралы ашық айтатын болсақ, Ресей президенті Путинді халықаралық трибунал арқылы Украина халқын қырып-жойғаны үшін жауапқа тартуға болады, оның зардабын көріп отырмыз. Бұл жерде әуелі Украина аумағында Ресей ашқан соғыс, Луганск және Донецк облыстарындағы соғыс туралы айтылуы керек. Шешенстан мен Грузияны еске алсақ та артық болмайды, - дейді ол.

Оның пікірінше, «Геноцид жасаудың шеберлері қазір Кремльде отыр. Олар Путиннің империялық саясатына қарсы адамдарды қырып-жояды. Әлбетте, оның бұл саясаты ұзаққа бармайды, себебі оған заңдық негіз жоқ.

Қазір Ресей ақпараттық қоқан-лоқы жасап отыр. Бұл істер Ресейдің Украинаға қарсы жариялаған ақпараттық террорының, жалған насихатының бір қыры ғана. Сондықтан, мұны Ресейдің қақтығысты одан бетер ушықтыру талпынысы деп қана бағалауға болады. Онсыз да Путиннің бұйрығымен құрылған терроршыл топтар бітімді сағат сайын бұзып жатыр.

Бұл жерде қақтығысты Ресей тергеу комитетінің мәлімдемелері ғана ушықтырып тұрған жоқ. Қазір Донбасс абақтысында жатқан әскери тұтқындар мен кепілге алынған адамдарды алмасу мүмкіндігі бар, бірақ енді соған да қауіп төніп тұр. Бұл - өте қауіпті прецедент. Украинаның бас прокуратурасы Ресей тергеу комитетіне қарсы іс қозғады. Бұны ақылынан адасқан Ресейдің империялық билігіне Украинаның жауабы деп түсіну керек».

Құқық қорғаушы Валерий Борщев
Құқық қорғаушы Валерий Борщев

Мәскеудегі Хельсинкий тобының мүшесі, құқық қорғаушы Валерий Борщевтің пікірінше, «Ресей тергеу комитетінің Украина саясаткерлері мен армия қызметкерлеріне қарсы қозғаған ісінің заңдық негізі жоқ».

- Геноцид - өте ауыр айып. Оны дәлелдеу үшін нақты деректер, халықаралық заң қауымдастығының қолдауы, сараптамалар қажет. Және бұл істі бір ғана мемлекет тексере алмайды. Дәлелдер жеткілікті болса да, әлі күнге дейін 20-ғасырдың басындағы армяндарды қуғын-сүргінге ұшырату оқиғасы толық мойындалған жоқ. Құқықтық тұрғыдан айтсақ, Ресейдің мұнысы - мандымайтын, өнбейтін әрекет, - дейді ол.

Оның айтуынша, «Мұның бәрі - ақпараттық соғыс кезінде жасалған насихат, пасық әдістер. Одан басқа ештеңе емес. Бұған тіпті назар аударудың өзі артық».

Заң ғылымдарының докторы, профессор Елена Лукьянованың пікірінше, «Ресей тергеу комитетінің қызметкерлерінің өз еліндегі қылмыстармен күреске көбірек көңіл бөлгендері жөн».

Адвокат Елена Лукьянова
Адвокат Елена Лукьянова

- Басқа елдің аумағында қалай қылмыстық іс ашқандарын түсіне алмаймын. Екі ел арасында құқықтық көмек туралы келісім бар делік, бірақ әскери қақтығысқа түсіп отырған елдің аумағында қалай қылмыстық іс ашуға болады?! Мұның бәрі маған өте ерсі көрінеді. Дипломатиялық тәсіл шығар десең, оған да келмейді. Украинадан Ресей жауынгерлерінің мәйіттері келе бастады. Осы кезде геноцид туралы айтып, жұрт назарын басқа жаққа аудару керек болған шығар. Кейбір ақпараттарға қарағанда төрт мың сарбаздың мәйіті келген, - дейді ол.

Елена Лукьянова «Бұл істер аяқсыз қалады» деп болжайды.

- Кез келген қылмыс туралы мәлімдеп, айыптай беруге болады. Бірақ тәжірибе жүзінде бұл істерді аяғына дейін жеткізу мүмкін емес. Мұның бәрі - насихат. Неге онда Шешенстандағы ресейлік азаматтардың өлімі туралы шу көтеріп, геноцид жөнінде іс қозғамады? Бұл сауалға жауап жоқ. Ресей тергеу комитеті адамдардың нақты құқықтарын қорғау ісінен қашық жүр. Қазір Мәскеу көшелеріндегі кісі өлтіргіштерді ұстап, соларға қарсы іс қозғап, тергеу жүргізу керек. Ел ішінде тәртіп орнатқан соң басқа іспен айналыссын, - дейді профессор.

(Любовь Чижованың мақаласынорыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG