Accessibility links

Ресейде түрмедегілердің төрттен бірі шығарылмақ


Ресей түрмелерінің біріндегі сотталғандар. Көрнекі сурет
Ресей түрмелерінің біріндегі сотталғандар. Көрнекі сурет

Ресей президенті жанынан құрылған адам құқықтары бойынша кеңес Владимир Путинге конституцияның 20 жылдығына орай берілетін рақымшылық жоспарын тапсырды.

БҰЛ КІМНІҢ БАСТАМАСЫ?

Қыркүйек айында Владимир Путин адам құқықтары жөніндегі кеңеске «амнистияның жоспарын қазанның 15-іне дейін дайын қылыңдар» деп тапсырған болатын. Енді осы жобаны мемлекеттік дума талқылауы тиіс. Бұл рақымшылық акциясы СССР тараған соң, 1993 жылы желтоқсанның 12-сі күні қабылданған Ресейдің жаңа конституциясына 20 жыл толуына орай жасалмақшы.

РАҚЫМШЫЛЫҚҚА КІМДЕР ІЛІНУІ МҮМКІН?

Кеңестің басшысы Михаил Федотовтың айтуынша, бұл жолғы рақымшылыққа ілінетіндер саны өте көп. Бұл жобаның жекелеген істерді ғана тексеріп, кешірім жасайтын акциялардан айырмашылығы - амнистияның талаптарына сәйкес келетін барлық сотталушы жаппай босатылуы мүкін. Қазір үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқан азаматтар да амнистияға іліне алады.

Орта деңгейдегі қылмысы үшін 3 жылға дейін бірінші рет сотталғандар мен байқамай қылмыс жасап, 5 жылға қамалғандар түрмеден босатылады. Түрмедегі соғыс ардагерлері, қарттар, аяғы ауыр әйелдер, балалы әйелдер, мүгедектер және жазылмайтын дертке шалдыққандар да рақымшылыққа ілінеді.
Полиция демонстрантты ұстап әкетіп барады. Мәскеу, 6 мамыр 2013 жыл
Полиция демонстрантты ұстап әкетіп барады. Мәскеу, 6 мамыр 2013 жыл

Олардан бөлек шеруге шығып, бұзып-қирату істеріне араласпаған және мемлекетке материалдық шығын тигізбегендер де босатылады. Солтүстік Кавказда сотталған қарулы топ мүшелерінің арасында ауыр қылмыс жасамаған және қаруларын өз еріктерімен тапсырғандарға да қамаудан шығуы мүмкін.
Бірақ кісі өлтірген, адам ұрлаған, адам азаптаған, әйел зорлаған, адам сатумен айналысқандар және тағы басқа ауыр қылмыс жасағандар амнистияға ілінбейді. Бұған дейін бір рет қылмысы кешіріліп, не болмаса рақымшылыққа ілінсе де, қайтадан қылмыс жасап сотталғандар мен аса қауіпті қылмыскерлер де босатылмайды.

Кеңес мүшесі Кирилл Кабановтың сөзінше, егер парламент бұл жоспарды бекітсе, түрмедегілердің төрттен бірі бостандыққа шықпақшы. Мұндай кең ауқымдағы рақымшылық акциясы СССР тарағалы бері Ресей тарихында бірінші рет жасалып жатыр.

САЯСИ ТҰТҚЫНДАР ШЫҒА МА?

«Адам құқығын қорғайтын ұйымдар «саяси тұтқын» деп таныған сотталушылар бұл рақымшылыққа іліне ме жоқ па?» деген сұрақты көп жұрт қояды. Мәскеудегі шіркеу ішінде үкіметке қарсы акция ретінде концерт қойғаны үшін екі жылға сотталған Pussy Riot рок тобының әншілері Надежда Толоконникова мен Мария Алехина жоспардың талаптарына сәйкес рақымшылыққа ілініп тұр. Олардың екеуінің де сәбилері бар.

Федотовтың айтуынша, осы аптада қаржыны талан-таражға салғаны үшін шартты түрде 5 жылға сотталған, анти-коррупциялық кампанияның саяси жетекшісі Алексей Навальныйға да рақымшылық жасалуы мүмкін.

Михаил Ходорковский мен Платон Лебедевке қатысты бақылаушылар пікірі екі түрлі. Олардың екеуі де «жалған құжаттар жасап, салық төлеуден жалтарды» деген айыппен екі рет сотталғандықтан рақымшылыққа ілінбеуі мүмкін. Бірақ олардың жылдары түрмеде жатқанда ұзартылғандықтан оларды «қауіпті қылмыскерлер» қатарына жатқызуға негіз жоқ.
Михаил Ходорковский, қамаудағы ресейлік оппозициялық олигарх.
Михаил Ходорковский, қамаудағы ресейлік оппозициялық олигарх.

Былтыр Мәскеу қаласында үкіметке қарсы ұйымдастырылған шеруге қатысып, «Болотная ісі» бойынша сотталған 25 қылмыскердің тек үшеуінің ғана бірден босап шығуына мүмкіндік бар. Олардың біреуі – Мәскеу қаласынан шығуына тыйым салынған Мария Баранова. Оның 6 жасар ұлы бар. Екіншісі - Елена Кохтарева. Оған да тергеу ісі біткенше Мәскеуден кетуге тыйым салынған. Оның жасы 50-ден асқандықтан рақымшылыққа ілінеді. Үшіншісі - осы іс бойынша 30 айға сотталған Констатин Лебедев. Ал өткен аптада «ақыл-есі түзу емес» деп танылып, соттың шешімімін психиатриялық ауруханаға емделуге жіберілген Михаил Косенко рақымшылыққа ілінбейді. Себебі ол шартты түрде әлі емделіп жатқан адам болып саналады.

«Болотная ісі» бойынша сотталған басқа да азаматтардың жаза мерзімі 3 жылдан аспайтын болса, бірден босатылар еді. Бірақ олар 10 жылға бас бостандығынан айрылған.
Бұл амнистия шетелдік басшылар мен келесі жылы Сочи олимпиадасына келетін спортшылардың пікірін өзгерту үшін жасалып жатыр.
Борис Немцов

Путин «Болотная ісі» бойынша сотталғандарға рақымшылық жасалуына қарсы емеспін деген. Бірақ өткен айда Арктикада «Гринпистің» кемесінде тұтқындалған 28 қоршаған ортаны қорғаушы мен 2 журналистің жазадан құтылуы қиын. «Новая газета» басылымының жазуынша, оларға «қарақшылық жасады» деген айып тағылған. Осы айып олардың рақымшылыққа ілінуіне кедергі келтіріп тұр.

РЕСЕЙ БҰДАН НЕ ҰТАДЫ?

Біріншіден, жаппай рақымшылық жасау арқылы Ресей үкіметі шамадан тыс толып кеткен түрмелерін босатып алмақшы. Екіншіден, Путин былтыр үшінші рет билікке қайта келгелі бері диссиденттерді қудалаушы президент ретінде сипатталып, сыннның астында қалды. Енді мұндай кең ауқымдағы амнистия Путинге тағылған «диктатор» деген айыпты жұмсартады, әрі «саяси қарсыластарын ығыстыруда соттың қызметін пайдаланды» деген айыпта да азаяр еді.

Оппозиция мүшелерінің бірі Борис Немцов бұл амнистия шетелдік басшылар мен келесі жылы Сочи олимпиадасына келетін спортшылардың пікірін өзгерту үшін жасалып жатыр деп санайды. Себебі құқық қорғаушылар адам құқықтары бойынша көрсеткіштің Ресейде төмендігіне және Кремльдің гейлерге қарсы қабылдаған жаңа заңына қарсылық ретінде Сочидегі олимпиада ойындарына байкот жариялауға шақырған болатын.
XS
SM
MD
LG