Accessibility links

Ресейде гейлерге жаны ашыған мұғалімдер қудаланды


Гейлер құқығын қорғау акциясына қатысқаны үшін қысымға ұшыраған мұғалім Екатерина Богач.
Гейлер құқығын қорғау акциясына қатысқаны үшін қысымға ұшыраған мұғалім Екатерина Богач.

Гейлер құқығын қорғайтын шеруге қатысқаны үшін қысымға ұшыраған Санкт-Петербург мұғалімі енді жұмысы үшін күресіп жүр. Қудалау көрген одан басқа үш мұғалім бар.

Ресейдегі гомосексуалдарға қарсы кампания орта мектепке де жетті. Төрт мектеп мұғалімі гейлер құқын қорғайтын шараға қатысқаны үшін қысымға ұшырап отыр. Олардың екеуі жұмысынан айырылды.

Белсенділер мұғалімдердің қудалануына «кәмелет жасына толмағандар арасында дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға қарсы» заң айыпты дейді.

ГЕЙЛЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАҒАН МҰҒАЛІМДЕР

Екатерина Богач - Санкт-Петербургтегі испан тілінің мұғалімі. Осы аптада жергілікті тұрғындар «гей шеруге қатысқан мұғалім бала оқытпасын» деп шағым түсірген соң қалалық білім департаменті оны қудалауға кіріскен.

37 жастағы Богач «ЛГБТ (лесбий, гей, бисексуал, трансгендер) теңдігін қолдайтын гетеросексуалдар альянсы» ұйымына мүше. Ұйым өткен жылы Ресейдегі жыныстық азшылық өкілдерінің құқығын қорғау үшін құрылған. Богач гомосексуал емес екенін және оқушылар алдында өз көзқарасын білдірмейтінін айтады.

Гейлер құқығын қорғаушылар шеруі. Олар "Құдай гейлерді сүйеді" деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Сантк-Петербург, 2 қараша, 2013 жыл.
Гейлер құқығын қорғаушылар шеруі. Олар "Құдай гейлерді сүйеді" деген жазуы бар плакат ұстап шықты. Сантк-Петербург, 2 қараша, 2013 жыл.
- Адамдар мәселенің ар жағына бас қатырмай, мені гомосексуал, бисексуал немесе транссексуал шығар дей салады. Көп елдің миына біреу қысастық көріп жатыр-ау, оны қорғасам-ау деген ой кіріп те шықпайды, - дейді ол.

Екатерина Богач білім беру саласындағы карьерасына зиян жасауға тырысып жатқан адамдардың әрекетін «өте жиренішті» деп сипаттайды. Бірақ Богач «Ресейдегі гомофобиялық көңіл-күйдің осынша дәрежеде ушыққанына таңғалмайтынын» да айтты.

«ҮКІМЕТ ДЕМ БЕРІП ОТЫР»

Ресей билігіндегі «Біртұтас Ресей» партиясының депутаттары өткен жылы гейлерге қарсы бірнеше заң әзірледі. Ол заңдарда гомосексуалдарға қан тапсыру мен бала асырап алуға тыйым салу да қарастырылған. Белсенділердің айтуынша, «бұл шара гейлерге қарсы топтарды желіктіріп, оларды жыныстық азшылық өкілдеріне қарсы айдап салған».

ЛГБТ құқығын қорғайтын гетеросексуалдар альянсының жетекшісі Наталья Цымбалова:

Гейлер құқығын қорғаушылар шеруіне дауыс зорайтқыш алып шыққан Наталья Цымбалова.
Гейлер құқығын қорғаушылар шеруіне дауыс зорайтқыш алып шыққан Наталья Цымбалова.
- Үкімет ашықтан-ашық гомофобияға дем беріп отыр. Біз де үкіметке қарсы шығуға тырысып келеміз. Бірақ мемлекеттік машинаға төтеп беру оңай емес. Ол танкіні қолмен тоқтатқанмен бірдей, - дейді.

«Тимур» деген лақап атпен танылған адам «Ресейлік ата-аналар» деген онлайн топ құрып, мұсылман ұйымына жетекшілік етеді. Богачқа қарсы науқанды бастаған адам - осы. Оның айтуынша, әлгі топтың құрамында «интернетте гейлерге жаны ашитын мұғалімдерді анықтайтын 1 мың 500 белсенді бар».

Интернетке Тимурдың өзі ілген бейнебаянда ол «Бұндай адамдар оқушыларға жақындамауға тиіс. Богач сияқтылар баланың психикасына зиянын тигізеді» дейді.

Тимурдың гомосексуалдарға қарсы шабуылы Ресейде жемісін бере бастаған. Ол үш ай соңына түскен бір мектеп мұғалімі қызметінен қуылды.

24 жастағы тарих пәні мұғалімі Ольга Бакаева Магнитогорск қаласында сабақ беріп жүрген. Үстінен бірнеше шағым түскен соң, оны мектептен шығарып жіберді.

Бакаеваны жергілікті білім беру басқармасы шақырып алып, сексуалдық болмысына қатысты сауалдар қойған. Қазір ол Санкт-Петербургте тұрады, мұғалімдік қызметті тастап кеткен.

Илья Колмановский.
Илья Колмановский.
Гейлерді қорғаған басқа екі мұғалім де осындай кепке түсті. Мәскеу мектептерінің бірінде биология пәнінен сабақ беретін Илья Колмановский ұстаздықпен қатар журналистикамен айналысады. Ол әріптес журналистердің қолдауымен ғана қызметінде қалды. Үйленген, екі баласы бар Колмановский дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдамауға арналған шеруге қатысқан еді.

Ал Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск қаласының география пәні мұғалімі Александр Ермошкиннің жолы болмады. «Дәстүрлі емес жыныстық қатынастарға қарсы» топ оның үстінен жергілікті билікке шағым түсірді. Бұдан соң гейлер құқығын қорғайтын мұғалімге оқу жылының басында жұмыстан кету туралы ұсыныс түскен.

- Қыркүйектің 1-і күні мектеп директорына Хабаровск қаласының білім беру бөлімінің жетекшісі хабарласып, «не мұғалімді жұмыстан шығар, не өзің кет» депті. Қыркүйектің 2-сі күні қайтадан қоңырау шалып, мәселенің қалай шешілгенін сұраған, - дейді Ермошкин.

Қазір ол жұмысына оралу үшін күресіп жүр.

ПУТИННІҢ УӘДЕСІ

Ресейлік гомосексуалдардың мүшкіл халі халықаралық құқық қорғау ұйымдары тарапынан сынға ұшырады, ол ұйымдардың кейбірі 2014 жылы Сочиде өтетін олимпиада ойындарына бойкот жариялауға шақырды.

Президент Владимир Путин гейлердің құқығы бұзылғанын жоққа шығарып, Сочиге келген гей қонақтар өздерін «жайлы сезінеді» деп уәде берді. Бірақ
Полиция гей белсенділер мен қарсыластарын арашалап жатыр. Мәскеу, 11 маусым 2013 жыл.
Полиция гей белсенділер мен қарсыластарын арашалап жатыр. Мәскеу, 11 маусым 2013 жыл.
​ жақында гейлерге жасалған шабуылдар президенттің бұл уәдесіне деген күмәнді күшейтіп отыр. Интернетте гомосексуалдарды қорлаған, ұрып-соққан, гомофобиялық ұрандарды оқуға мәжбүрлеген видеолар жарияланды.

«Оккупай-Геронтофиляй» мен «Оккупай-Педофиляй» атты екі топ осы шабуылдардың біразын өз мойындарына алып, гомосексуалдарды «реформалауға» көшкендерін мәлімдеді.

Осы айдың басында бейсбол шоқпары мен пневматикалық қару ұстаған, бетперде киген адамдар Санкт-Петербургтегі ВИЧ індетін жұқтырған гейлерге көмектесетін топқа шабуылдады. Екі адам жапа шекті, көзіне оқ тиген бір адам жанарынан айырылды.

Осы шабуылдан жәбір көрген адам - Екатерина Богачтың құрбысы. Бірақ Богач шабуылдан қорқып, алған бетінен қайтайын деп отырған жоқ.

- Біздің бәріміз - азшылықпыз. Кейбір адамдар - жирен шашты, енді біреулердің бойы аласа, тағы біреулер шылым шегеді. Адамдар бүгін бір топты қудаласа, ертең ол азшылықтың орнын басқалары басатынын түсінбейді, - дейді ол.

Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG