Accessibility links

Шіркеудің «Сталин» күнтізбесінен дау шықты


2014 жылға арналған Сталин туралы күнтізбе.
2014 жылға арналған Сталин туралы күнтізбе.

Ресей православ шіркеуі Сталин туралы календарь шығарып, дауға қалды. «Ардагерлер мен тарихты құрметтейтіндерге таптырмас сыйлық» деп аталған күнтізбені сынаушылар көп.

2014 жылға арналған күнтізбенің суреттері интернетте тез таралып, жұрт арасында қызу пікірталас туғызды. Көпшілік Мәскеу патриархатын диктатор басшы Сталинді дәріптегені үшін сынап жатыр.

«ТАПТЫРМАС СЫЙЛЫҚ»

Мәскеудегі Әулие Сергий монастырының баспасынан жарық көрген күнтізбеде Сталиннің Грузиядағы семинария студентінен Совет Одағының басшысы болғанға дейінгі аралықтағы өмір жолын баяндайтын мәтіндер мен суреттер бар.

Баспаның интернеттегі сайтындағы күнтізбе жарнамасында «ардагерлер мен тарихты құрметтейтіндерге таптырмас сыйлық» деп жазылған. Күнтізбе интернетте 200 Ресей рубліне ($6) сатылып жатыр.

Сталин туралы күнтізбе.
Сталин туралы күнтізбе.
Ресей православ шіркеуінің тарихын зерттеуші ғалым Михаил Бабкин күнтізбенің суреттерін LiveJournal әлеуметтік желісінде жариялап, пікірталасты одан сайын қыздыра түскен.

Ол парақшасында «Ресей православ шіркеуінің Мәскеу патриархаты мен Сталиннің арасындағы «қасиетті» байланыс бұзылмайды» деп жазады.

Оның бұл пікіріне қарсылық білдірген комментарийлер де көп.

«ШІРКЕУ БИЗНЕС ОРНЫНА АЙНАЛҒАН»

Бір оқырман: «Ресей православ шіркеуі баяғыда бизнес құрылымына айналған, ал шіркеулер дін қызметін ұсынатын дүкендердің қызметін атқарады. Құлшылық етушілерге табыс көзі деп қана қарайды» деген пікір қалдырды.

«Бұл – Сталин тұсында қаза тапқан адамдардың аруағын қорлау, келемеждеу» деп жазды және бір оқырман.

Сталиннің православ шіркеуімен қарым-қатынасы қайшылыққа толы болған. Ол бозбала күнінде шіркеудегі семинарияға қатысып жүріп, одан белгісіз себептермен шығарылған.

КСРО-ны басқарған тұста ол елдегі дін атаулыны жоюға пәрмен беріп, мыңдаған мешіт пен шіркеуді қиратқан.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң ол шіркеулер жұмысына рұқсат бергенімен, дінді түгелдей мемлекет бақылауына алды.

(Клэр Бигтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG