Жиынтық кірісі 168 миллиард рубльді құрайтын Қырым бюджетіне аударылатын қайтарымсыз субсидия көлемі 2018 жылы 129,4 миллиард рубль болады. 2019 жылы Қырым Ресей бюджетінен 143 миллиард, ал 2020 жылы 150 миллиард рубль алады. Осылайша федералдық қаржыландыру көлемі жылына 37-40 миллиард рубль көлемінде болады деп жоспарланған Қырымның өз кірісінен әлдеқайда тез өсетін болады.
2018 жылы Қырымға бөлінетін көмектің көп бөлігі дотация (32,2 пайыз) мен субсидия (65,5 пайыз) түрінде болады. Бюджеттен ең көп дотация алатын аймақтарға Қырымнан бөлек, Дағыстан, Якутия, Камчатка, Алтай өлкесі және Шешенстан жатады. РБК дерегінше, 2007 -2015 жылдар аралығында бұл республикаға федералдық бюджеттен субсидия, субвенция және дотация түрінде 539 миллиард рубль бөлінген, ал Ресейдің қалған аймақтарына көмек орташа есеппен үш пайызға қысқарған. Бюджеттік федерализм, аймақтық даму және экономика саласы бойынша сарапшы Владимир Климанов:
... дотация көлеміне келсек, Қырым көмек көлемі жағынан абсолютті лидер болып тұрған Дағыстан мен Саха республикасына (Якутия) жетпейді.
– Келер жылы аймақтарға аударылатын бюджетаралық трансферттер көлемі бір триллион 700 миллиард рубль болады деп жоспарланған, әлбетте егер әлдебір аймаққа ақша көп бөлінсе, өзге аймақтар оны кем алатын болады. Ал дотация көлеміне келсек, Қырым көмек көлемі жағынан абсолютті лидер болып тұрған Дағыстан мен Саха республикасына (Якутия) жетпейді. Мысалы, коэффиценттер мүлде қымбаттап кеткен Якутияда жергілікті авиацияны жиі пайдалануға тура келеді, кей елдімекендерге отын мен тауар тасып жеткізуде маусымдық шектеулер бар, сондықтан ол жақта бюджеттік қызмет түрлерін көрсету әлдеқайда қымбатқа түседі. Дотация көлемі жағынан алда тұрған аймақтар үштігіне шалғайда жатқан әрі кей елдімекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге байланысты қосымша шығынды қажет ететін Камчатка өлкесі де кіреді - дейді.
"Крымский проект" сарапшылар тобы жетекшісі Игорь Рябовтың айтуынша, республиканың өз кірісі "жылдан жылға өсіп келеді, бірақ түбектегі инфрақұрылымды дұрыстап қалпына келтірмей Қырым дотациялық аймақтар қатарында қала береді".
– Қазір Қырым инфрақұрылымды жөндеу мен қалпына келтіруге арналған алты жылдық жоспарын орындап жатыр. Инвестицияның көбі жол салуға, энергетикаға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына салынып жатыр. Сондықтан ақша түбектің мұқтаждықтарына сай жұмсалып жатыр. Бұл міндеттерді орындауға Қырымның өз бюджетінің шамасы жетпейді. Жолдарды жөндеудің өзіне ғана 40-50 миллиард рубль керек. Сондықтан бүкіл шығынды аймаққа донор болып отырған федералдық бюджет өз мойнына алып отыр, ал әлгі ақша қайтпайды. Сондықтан сандарда ауытқулар болып жатыр, өйткені бұл қатарда Қырымның орны бөлек болғанымен, аймақтық бюджеттер бірыңғай ереже бойынша түзіледі, - деп түсіндіреді Рябов.
Қырымды қаржыландыруды Шешенстанға берілетін дотациялармен салыстырған украиналық экономист Борис Кушнирук Ресейдің мұншама көп қаражат бөлуі тегін емес деп топшылайды.
– 2014 жылы ресейлік журналистер менен " Қырымды асырауға Ресей бюджетінің шамасы келе ме?" деп сұрағанда, "иә, келеді" деген едім. Ресейде дотациялық аймақтар онсыз да көп, тағы біреуі қосылғанынан келіп-кетер жоқ сияқты көрінеді. Бірақ тым көп ақша құйылуы тиіс Шешенстан сияқты оны асырау да қымбатқа түседі. Бірақ Шешенстанға ақшаны Рамзан Қадыров пен оның кланына төленетін алым-салық түрінде бөлсе, Қырымға ақшаны түбекті Ресей территориясына түпкілікті түрде айналдыру мақсатымен, оны енді ешқашан қайтармаймыз, Қырым мәңгі біздікі, түбектегі тұрмысты түзетіп алсақ, жұрт оны Украинамен салыстырады да ол жаққа ешкімнің оралғысы келмейді деп бөліп жатыр, - дейді сарапшы.
Кушнирук Қырымның совет заманынан бері дотациялық аймақ болғанын, өзін ешқашан қамтамасыз етпегенін еске салады. Ол тұратын халық құрамы жағынан отставкаға шыққан әскерилерге арналған пансионат сияқты аймақ болған. Экономист Борис Кушнирук «Түбекте бұрыннан көбінесе зейнеткерлер тұратын, жұрт баспанасын курортта демалушыларға жалға беру есебінен жан бағуды қолай көретін, ал Совет Одағы күйрегеннен кейін бұл жағынан түбегейлі ештеңе өзгере қойған жоқ. Адамдардың менталитеті де өзгерген жоқ, ал экономиканы дамыту үшін ол да үлкен проблема» деп санайды.
Адамдардың менталитеті де өзгерген жоқ, ал экономиканы дамыту үшін ол да үлкен проблема.
Қырым билігі таяудағы үш жыл ішінде түбектің кірісі жылына 38 миллиардтан 40 миллиард рубльге дейін жететін болады дейді. Бұған қарамастан, ақша бәрібір жетпейтін болады, өйткені ол жақта Ресей билігі тым амбициялы әрі қымбатқа түсетін жобалар бастап қойған.
– Қырымды аннексиялап алғаннан кейін ол аралға айналды да өзін қамтамасыз ете алмай қалды. Сондықтан қазір Ресей билігінің Қырымды Ресейдің негізгі территориясымен бірдеңе етіп байланыстыруға, оның тіршілігін қамтамасыз етуге ақша сала беруден өзге амалы жоқ. Сондықтан Ресей үшін Қырым алып жүруге де ауыр, тастауға да обал "тұтқасы жоқ шабадан" болып қала береді, - деп топшылайды экономист.
Қырым сараптама орталағының директоры, украиналық экономист Алексей Стародубов «түбек тұрғындарын Ресей әлі де асырай береді, 2014 жылғы наурызда басталған оқиғалардың логикасы сондай болған» деп болжайды.
– Бұл тенденция Қырымды аннексиялап алып, оған бірден дотация бөле бастаған сәттен басталған. Екінші маңызды нәрсе -порттар, өнеркәсіп нысандары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары сияқты Қырым кәсіпорындарының көбіне салынған санкциялар, бұл түбектің бүкіл экономикасына қатты әсер етті. Қазір ол жалпы аймақ өнімінің құрамын тұтастай қожыратып жіберді. Қырым Украина құрамында болған кезде аймақтың жалпы өнімі құрылымында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, транспорт, байланыс, әлеуметтік сектор мен мемлекеттік басқару салалары басым болса, қазір қазір мемлекеттік және әлеуметтік сектор ғана қалды. Ал бұл бюджетті қалыптастыруға тікелей әсер етеді, - дейді Стародубов.
Алексей Стародубовтың пікірінше, Қырым бюджетін ұлғайта берудің кесірі Ресейдегі өзге аймақтарды қаржыландыруға, әсіресе олардың әлеуметтік саласына мүлде жайсыз тиеді. Бірақ жуық арада ештеңе өзгере қоймасы анық, өйткені Ресей үшін Қырымды қаржыландыру аса маңызды болып тұр.
Егер үш жылдық жоспар жайлы айтсақ, мына тенденция өзгермейді, өйткені санкциялар үш жыл бойы сақталады.
– Егер үш жылдық жоспар жайлы айтсақ, мына тенденция өзгермейді, өйткені санкциялар үш жыл бойы сақталады. Бұған ешкімінің күмәні жоқ, сондықтан жалпы аймақ өнімінің құрылымы да өзгермейді. "Крымский Титан", сода шығаратын зауыт, порттар сияқты дәстүрлі экспорттық кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс істемей тұр, демек олар экспорттық түсімнен қағылып отыр. Негізі, жоспарды үш жылға, тіпті бес жылға болсын құра беруге болады, бірақ Қырымға қатысты статус-кво өзгермесе, бюджетке қатысты қиын жағдай да сол қалпы қала береді, - дейді экономист.
2014 жылдан кейін Қырым Республикасы қаржы көрсеткіштері жағынан федералдық бюджеттен бөлінетін дотация мен өзге трансферт түрлеріне айтарлықтай тәуелді аймақтар қатарына енген. Бірақ Владимир Климанов бұл әдеттегі жағдай, өйткені Қырымның экономикалық әлеуеті бар деп санайды.
– Оның әлеуеті ең әуелі ауыл шаруашылығымен, онша үлкен емес индустриалдық мүмкіндіктері мен экономикада әдетте онша маңызды саналмайтын туризммен байланысты. Сондықтан аймақ бюджетіне түсетін онша қомақты емес кірістер, яғни кіріске салынатын салық пен жеке тұлғалардың кіріс салығы білім беру және өзге де әлеуметтік салаларды қаржыландыруға, ауыл шаруашылығы өндірушілерін, жол шаруашылығы мен өзге салаларды қолдауға байланысты туындайтын қажеттіліктерді өтей алмайды, - деп түсіндіреді Климанов.
– Сахалин облысы, Карелия, Хакасия ақша мүлде жетпей жатқанын қазірдің өзінде жасырмай Мәскеуден көмек сұрайды. Бірақ Мәскеудің оларға көмектесуге құлық танытып жатқаны әзірше естілмейді. Ал Қырымға бұл жағынан проблема жоқ, аймақ бюджеті алдағы үш жылда 5-8 пайызға, яғни орталық жоспарлаған төрт пайыз инфляция деңгейінен асып кететін болады, - дейді Климанов.
Бюджетті бөлу - әлем елдерінде әркез әрқалай болатын саяси мәміле мәселесі.
– Қиын жағдай қалыптасуының, аймақ бюджеттерінің әртүрлі болуының себептері көп, әр аймақтың бюджетін түзудің өз ерекшелігі бар, сондықтан федералдық бюджет пен аймақтардың көбінің бюджетінде ақша жетпей жатқан кезде - ал бұл әлемдегі экономикалық дағдарыстың да, Ресейге салынған санкциялардың да кесірі - ақша бәріне жетпейді. Бірақ ақша бөлуде артықшылық беру жағы жеке-дара қабылданатын шешім емес, өйткені үкімет әзірлеген бюджет жобасы мемлекеттік думада (Ресей парламенті – ред.) қызу талқыланып, сосын президент бекітеді. Сондықтан бюджет ақшасын қай бағыттарға, зеңбірек әлде сары майға немесе территориясына қарай көбірек жұмсау керек пе, қай аймақтар көбірек, қай аймақтарға азырақ көмек алуы тиіс деген мәселе ортақ келісіммен шешіледі. Бюджетті бөлу - әлем елдерінде әркез әрқалай болатын саяси мәміле мәселесі, - деп санайды экономика ғылымының докторы Владимир Климанов.
Ресей қаржы министрлігі статистикасына қарағанда, бес миллион доллар көлеміндегі сыртқы даулы міндеттемелерін қосқанда, Қырымның қазіргі қарызы - 390 миллион рубль. Қырым 2019 жылдан бастап мемлекеттік қарыз мөлшерін нөлге тең болады деп жоспарлайды. Негізгі шығын "ұлттық экономика"бөлімінде (2018 жылы жұмсалатын шығынның 45,4 пайызы). Бұл бағыттағы шығынның көбі жол салуға (76 миллиардтың 36 миллиард рублі), су шаруашылығы, отын-энергетика кешеніне жұмсалады.
Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері Любовь Чижова мен Елизавета Маетнаяның мақаласы орыс тілінен аударылды.