Херсон облысындағы екі электр желісі үзілгендіктен, Украина Қырымға электр қуатын беруді тоқтатты. Содан бері Ресей аннексиялаған аймақтың бір жарым миллион тұрғыны жарықсыз отыр. Қырымның басшысы Сергей Аксенов электр бағандарының қиратылуын «теракт» деп атады. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Аймақта төтенше жағдай жарияланып, қызметкерлерге жұмыстан демалыс берілді. Қалалардың су, кәріз, жылыту және байланыс жүйелері кідіріспен жұмыс істеп жатыр. Жанармай бекеттері мен банкоматтарда ұзақ-сонар кезек. Украина үкіметі қарашаның 23-інен бастап Қырыммен арадағы теміржолдағы жүк тасымалын тоқтатты.
Дүйсенбіде Сергей Аксенов түбекке электр жарығы желтоқсанның 22-сіне дейін берілмеуі мүмкін деп мәлімдеді. Ол «келер айдың соңына дейін Керчь бұғазы арқылы энергия көпірі салынып біткенше электр жарығынсыз отыруға дайын болу керек екенін» айтты. Қырым тұрғындарына электр қуатын көп жұтатын жылыту құралдарын қоспау, жарықты кезең-кезеңімен өшіру кестесіне мұқият қарау жөнінде ескерту жасалды. Симферопольдегі журналист Артем Мищенконың айтуынша, Қырымдағы дизель генераторларына қажетті отын әрі кетсе 13 күнге ғана жетеді деген мәлімет тараған.
- Су мен кәрізді, электр мен жылуды күнделікті пайдаланатын Симферополь мен жалпы Қырым тұрғындары үшін кешегі түн қалай өтті?
- Алдыңғы түннен жақсы өтті. Қарашаның 22сі күні жарық алғаш сөнгенде бұдан қиынырақ болды, себебі бүкіл Қырымда электр қуаты болған жоқ. Мәселен, Симферопольде жарық алты сағат бойы өшіп тұрды. Осы түннен бастап кезекпен өшіруге көшті. Әр ауданда 3-6 сағат жарық өшіріліп отырады. Күн әзірге онша суық емес, сонда да пәтерді жылытып алуға да мүмкіндік бар. Коллапс байқалмайды. Оның үстіне жарықтың кезекпен өшірілетіні туралы алдын ала ескертілді. Үйлері мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік маңызды нысандармен бір желіде тұрғандарға жақсы болды. Әлеуметтік инфрақұрылымдарда жарық күні-түні қосулы. Оларды да өшіре бастайтын шығар, себебі электр қуаты қат болып тұр. Қырымда қуаттың қажетті мөлшерінің тек үштен бірі ғана бар. Севастополь мен Симферопольдың жағдайы көшілгері. Ең күрделі жағдай – Керчьте. Оларда тіпті орталық жылу жүйесін өшіріп тастады, су болмай қалды. Көліктерге жанармай құюға көмектесетін генераторлар станциялардың бәрінде болмай шықты.
«ЖЕР ҮЙДЕГІЛЕР ГЕНЕРАТОР АЛЫП ҚОЙҒАН»
- Жанармай станцияларында кезек көп дегенді естіп жатырмыз. Үйінде генераторы бар кісілер оларға қажетті бензин мен дизельді артығымен алып қоюға асығып жатыр дейді. Қазір кезек сиреді ме?
- Кезек болды, бірақ анау айтқандай шұбатылған кезек жоқ. Генераторы жоқ май құю станцияларында отын беретін электрлік сорғылар істемеді, сондықтан оларда проблемалар болды. Мәселен, Симферопольдің кей станцияларында 95 маркалы бензин болған жоқ, оның орнына басқасы болды. Жұрт артығымен алып қойғысы келеді, мұның барлығы дүрбелеңнен туып отыр. Егер станцияның электрмен қамтамасыз ететін өз генераторы болса және ол бензин құйып беріп отырса, онда ешқандай проблема болмайды.
- Телефон, ұялы байланыс қалай жұмыс істеп тұр? Радиостанциялар, Қырымның телеарналары хабар таратып жатыр ма?
- Ұялы байланыс бар, бірақ сапасы жақсы емес. Қырымда оның сапасы бұрыннан жаман болатын. Ал қазір электр қуаты үзіле бастағандықтан, кей аудандарда байланыс мүлде жоқ. Біреуге қоңырау шалу қиын. Байланыс үнемі үзіле береді. Желіге көп салмақ түсіп тұр. Ұялы байланыс подстанцияларының барлығы жұмыс істеп тұрған жоқ сияқты, себебі электр қуаты болмаса, аккумулятордың күші 8-10 сағаттан артыққа жетпейді. Кеше интернет проблема болды. Қазір жақсы сияқты. Симферопольде интернет те, кабельдік телевидение де бар. Қырымның оңтүстік жағалауында тұратындардың көбінде спутниктік антенна бар. Былтырғы оқиғалардан кейін жер үйде тұратындардың көбі электр генераторларын сатып алып қойған. Сондықтан, жұрттың көбі теледидар көріп, жаңалық тыңдап отыр десе болады. Кем дегенде радио бар. Тіпті ұялы телефон арқылы радио тыңдап, соңғы жаңалықтардан хабардар боласың.
- Қырымда қарашаның 23-і демалыс деп жарияланды. Демек, мектептер мен балабақшалар да жұмыс істемей ме?
- Иә. Тек негізгі коммуналдық кәсіпорындар, кейбір мемлекеттік мекемелер жұмыс істейді. Кешеден бері мәдени мекемелер де жабылды. Олардың жарығын бірінші өшірді. Кітапхана, музей, филармония сияқты мекемелердің қажеті шамалы болып қалды. Барлық жерлерде концерттердің шегерілгені немесе демалыс жарияланғаны туралы хабарлама ілініп тұр. Бұл мекемелердің қызметкерлері де демалысқа кетті. Кеше Иван Франко атындағы Орталық кітапхана қызметкерлерін түскі 12-ге дейін ұстады. Қуат болмағандықтан, олар бос отырды, сондықтан әкімшілік оларды үйлеріне қайтарып жіберді. Қаланың орталығында жарық бар, кафе, мейрамханалар жұмыс істеп тұр. Солардың біріне «Крымэнергоның» өкілі кіріп, электр қуатын үнемдеңдер деп айтып кетіпті. Оның айтуынша, Қырымдағы бұл жағдай ұзаққа созылмайды.
«ЕЛ САЯСАТТЫ ЕМЕС, ҚЫС ДАЙЫНДЫҒЫН КӨП АЙТАДЫ»
- Ресей Қырымды аннексиялап алған екі жылдың ішінде әлі салынып болмаған энергокөпір туралы ел аузынан көп әңгіме естідім.
- Иә, жоспар бойынша бұл энергокөпірді желтоқсанның соңына дейін іске қосу керек. Желтоқсанның 24-і немесе 26-сы деп күнін де белгілеп қойған. Қателеспесем, ол 300 мегаватт қуат береді. Қырым өзінде бар газ қондырғылары арқылы осынша электр қуатын өндіріп отыр. Ал бұл – қажетті деңгейдің тек үштен бірі ғана. Сондықтан, тіпті энергокөпір ашылған күннің өзінде электр қуаты толық жетпейді. Қырымдықтар энергокөпірді Краснодардан тартады, яғни жарық болады деп үміттеніп отыр, әрине... Демек, Қырым қазір өндіріп отырған электр қуатын қосқанда қажетінің жартысын ғана өтей алады. Қыс жылы болса жақсы. Онда біраз жеңіл болады. Егер Украина электр энергиясын қоспаса, онда кезекпен өшіруге көнуге тура келеді. Қырым халқы бұл қысты онда солай өткізеді.
- Қырым халқы бұл жайға ашуланып отыр ма? Олар көбіне кімді кінәлайды?
- Өз басым жергілікті басшылықты сынап жатқан ешкімді естімедім. Мүмкін кейбіреулер сынап та жатқан болар. Электр жарығы былтыр да өшірілгендіктен, биылғы жағдай күтпеген оқиға болған жоқ. Сондықтан, халық ашуға бой алдырып отырған жоқ, болып жатқан жайттардан құлазып, шаршап отыр. Олар, әрине Херсон облысымен арадағы әкімшілік шекарада электр бағаналарын қиратты деп Украинаның ұлтшыл топтарын айыптап отыр. Халықтың бар ашу-ызасы соларға қарсы бағытталған. Ресейдегі саяси тұтқындарды босату мәселесі мен олардың тұрмысындағы қиындықтар арасында қандай байланыс бар екенін Қырым тұрғындары түсінбей дал. Бірақ халық саяси мәселелерді талқылаудың орнына тіршілік қамымен әуре, олар генератор, аккумулятор алып, қысқа дайындық қамына кіріскен, – дейді Артем Мищенко.
УКРАИНА РЕСЕЙГЕ БІРНЕШЕ ТАЛАП ҚОЙЫП ОТЫР
Ресей аннексиялаған Қырымға электр қуатын жеткізу жөнінде келіссөздерді бастау үшін Мәскеу украиналық саяси тұтқындарды босатуы керек. Қырым татарларының көсемі, Украина Жоғарғы радасы депутаты Мұстафа Джемилев осылай дейді. Сонымен бірге ол Ресей басшылығынан өзінің және Қырым татарлары мәжілісінің басшысы Рефат Чубаровтың Қырымға кіруіне рұқсат беруін әрі ондағы адам құқықтарының жайын саралау үшін халықаралық ұйымдардың аймаққа баруына мүмкіндік жасауды талап етті.
«Бұл талаптар орындалмаса, Қырымды оқшаулау шарасын ұйымдастырып жатқандар түбекке электр қуатын бермеуі мүмкін» дейді Джемилев. Белсенділер тек Херсон облысының аудандарын және Запорожье АЭС-і электр қуатымен қамтамасыз ететін желілерді жөндеуге мүмкіндік бере алады.
Херсон облысындағы электр желілерін үзген күннің ертеңіне, қарашаның 21-і күні, Украина ішкі істер министрлігінің арнайы әскері болғанына қарамастан, түбекті оқшаулау шарасын ұйымдастырушылар жөндеу бригадаларын апат болған аймаққа жібермей қойды. Төбелес кезінде Қырым татарларына қарасты ATR телеарнасының журналисі мен полиция полковнигі жарақат алды.
Украинаның құқық қорғау органдары Қырымды оқшаулап жатқан белсенділердің әрекеттерін қолдайды, дегенмен оларды ел заңдарын бұзбауға шақырады. Украина ұлттық полициясының есірткі қылмыстарымен күрес департаментінің басшысы, Херсон милициясы басшысының бұрынғы орынбасары Илья Кива:
- Қалыптасқан жағдайға заң тұрғысынан қарайтын болсақ, бұл бағаналарды кімдердің, қашан, қандай себеппен құлатып жатқаны туралы материалды баяғыда жинап-қаттап қойғанбыз. Қалай болса да, оларды қирату деген... Мұның мәнісі бар, оккупацияланған аймақты «энергетикалық оқшаулау» әдісін баяғыда қолдану керек еді, бұл – кемінде бір жылға кешіккен шешім. Алайда заң тұрғысынан қарайтын болсақ, электр бағаналарын жару – заңды бұзу саналады, – деді Илья Кива.
«РЕСЕЙ ЖАҒЫ ТЕРАКТ ЖАСАУЫ МҮМКІН»
Дүйсенбі күні Украина үкіметі Қырыммен арада теміржолмен жүк тасымалдауға тыйым салды. Бұдан бұрын президент Петр Порошенко оккупацияланған Қырыммен жүк тасымалын және сауда-саттықты уақытша тоқтату мәселесін «сараптау» үшін жұмыс тобын құру туралы премьер-министрге ұсыныс тастаған. Порошенко «уақытша оккупацияланған аймақпен екі бағыттағы жүк және теміржол тасымалын уақытша тоқтатуға» шақырған.
Украина президенті сайтындағы мәлімдемеде «Соңғы кездері қоғамдық белсенділер мен Қырымның оккупациялық басшылығы арасында жағдай ушығып кетті. Қырымды сауда тұрғысынан оқшаулау туралы бастама көтергендерге қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Биыл қыркүйектің 20-сы күні басталған украин тауарларын Қырым түбегіне тасымалдауға тыйым салу шарасын ұйымдастырушылар оккупацияланған аймақпен сауда қарым-қатынасын мүлде тоқтатуды талап етіп отыр» деп жазылған.
Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) төрағасының орынбасары Михаил Глуговский дүйсенбіде «Ресейде және Ресей аннексиялаған Қырым аймағында және өздерін республика деп жариялаған ДХР мен ЛХР территориясында Украина аумағында диверсиялық әрекет ұйымдастыратын арнайы топтар дайындалып жатыр» деп мәлімдеді.
«Біз оккупацияланған Қырым Республикасында, сондай-ақ ДХР және ЛХР деп аталып жүрген аймақтарда, Ресейдің Ростов облысында орналасқан диверсиялық-барлау топтарын дайындау орталықтарында Херсон және Николаев облыстарындағы энергетика нысандарында, автожолдар мен көлік магистральдарында террористік актілер ұйымдастыруды жоспарлап жатқандар туралы нақты оперативтік ақпарат алдық» деді ол "Крым.Реалии" сайтына берген сұхбатында. Сайтта бұл мәселе туралы басқа мағлұмат жоқ.
Андрей Шароградский мен Александр Гостевтің мақаласы орыс тілінен аударылды.