Accessibility links

Савченко сотта соңғы сөзін айтты


Ресейде сотталып жатқан украиналық ұшқыш Надежда Савченко. Донецк, 9 наурыз 2016 жыл.
Ресейде сотталып жатқан украиналық ұшқыш Надежда Савченко. Донецк, 9 наурыз 2016 жыл.

Ресей сотында соңғы сөзін айтқан украиналық ұшқыш үкім оқу бір аптадан әріге кетсе, аштығын жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Ресейде сотталып жатқан украиналық ұшқыш Надежда Савченконы бүгін таңғы сағат 10 кезінде Ростов облысы Донецк қаласындағы сотқа алып келді.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, сот залына ресейлік "Первый канал", "Россия" телеарналарының журналистері ғана кіргізіліп, өзге журналистер сот барысын БАҚ өкілдеріне арналған залдан бақылаған.

Надежда Савченко Донецк сотындағы үкім шығарар алдындағы ақырғы отырыста соңғы сөзін айтты. Ол соңғы сөзін 3 наурызда өткен сотта айтуы керек болған, бірақ сот оған мұрсат бермей, ақыры Савченко сол күнен бері нәр татпай аштық жариялаған. Украиналық ұшқыш сол кезде айта алмаған, бірақ ақпарат құралдары арқылы жария болған сөзін бүгін сәл толықтырған. Савченко соңғы сөзін украин тілінде айтып, оны аудармашы тәржімалап тұрды.

"Сот өмірімнің бір аптасын ұрлады. Сіздердің де шешім қабылдауға бір апталарыңыз бар. Мүмкін, оған дейін тірі болмаспын. Қателіктеріңізді мойындауларыңыз мүмкін, бірақ айыптарыңызды мойындамассыздар. Үкімді не қазір, не ертең, немесе әрі кеткенде бір аптадан соң оқисыздар... Үкім бір аптадан кейін оқылса, аштығымды әрі қарай жалғастыра беремін" деді Надежда Савченко.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченконың соты. Донецк, 9 наурыз 2016 жыл.
Украиналық ұшқыш Надежда Савченконың соты. Донецк, 9 наурыз 2016 жыл.

Савченконың адвокаты Николай Полозовтың дерегінше, үкім 21-22 наурызда шықпақ.

3 наурыздан бері нәр татпай аштық жариялап жатқан Савченко өзін күштеп тамақтандыруға тыйым салатынын мәлімдеген. Бірақ адвокаттардың айтуынша, Ресей заңдары бойынша адамның мұндай жолмен өлуіне жол берілмейді.

Жуықта Савченконың адвокаты Марк Фейгин Украинаның "Новое время" газетіне наурыздың соңы мен сәуірдің басында Мәскеу Савченконы Украинаға беріп, оны Ресейдің Украинада қамалған екі азаматы - тыңшылар Александр Александров пен Евгений Ерофеевке айырбастауы мүмкін екенін хабарлаған. Бірақ 9 наурызда Ресей сыртқы істер министрлігі "Савченконы айырбастау туралы келісім болмағанын, сот шешімі шыққанша оның мүмкін емесін" айтты.

9 наурыз күні Еуропа парламентінің 57 депутаты санкциялық "Савченко тізімін" құрғаны мәлім болды. Ресей президенті Владимир Путин, ФСБ басшысы Александр Бортников, мемлекеттік дума өкілі Алексей Пушков бастаған 28 адамның тізімі Еуропа Одағының сыртқы істер мен қауіпсіздік саясаты өкілі Федерика Могериниге жолданған.

Савченконы босатуды Еуропа Одағы мен АҚШ та сұрады. АҚШ вице-президенті Джозеф Байден Ресейді украиналық ұшқыш Надежда Савченкоға таққан барлық айыбынан бас тартып, оны тез босатуға шақырды. Ол АҚШ мемлекеттік департаменті сайтында жариялаған мәлімдемесінде украиналық ұшқыштың Ресей түрмесіне заңсыз қамалып, жалған айыппен сотқа тартылып жатқанын, Мәскеудің Минск келісімі шарттары мен халықаралық нормаларды сыйламай отырғанын айтқан. Бірақ Ресей Минск келісімде Савченконың аты-жөні жоғын айтып, оны босатуды талап еткен мәлімдемелерді "сотқа қысым көрсету" деп атады.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченко 2014 жылы маусымда Украинаның шығысында ұсталып, Ресейге жіберілген. Оған ресейлік журналистер Игорь Корнелюк пен Антон Волошиннің қазасына қатысты айып тағылған. Ресей тарабы "Савченко журналистердің қай жерде екенін анықтап, артиллеристерге олардың тұрағын көрсеткен" дейді. Бірақ Савченко ол айыпты мойындамайды.

Ресей прокуроры 2 наурызда өткен сотта Надежда Савченконы 23 жылға соттауды, 100 мың рубль айыппұл төлетуде сұраған.

XS
SM
MD
LG