Мұның алдындағы, яғни қыркүйектің 22-сі күні өткен Надежда Савченконың сотына оған қарсы пикет ұйымдастырып жүрген кремльшіл «ұлт-азаттық» қозғалыс (НОД) мүшелері мен казактар келген еді. Олар залдағы бүкіл орынға жайғасып алып, журналистерді отырыстың сапасы нашар трансляциясын көрші залдан тыңдауға мәжбүр еткен болатын. Келесі күні өткен сотқа НОД өкілдері мен казактар келген жоқ.
Адвокат Илья Новиков істе Савченконың полиграф арқылы тергелгеніне, бірақ оның нәтижесі жоғалып кеткеніне назар аударды. Адвокат Марк Фейгин де әріптесін қостап «Біздің клиентімізге қатысты қандай зерттеу жүргізілгенін сол күйі ұқпадық. Алдын ала тергеу кезінде бізге бермей қойған сол нәтижелерді алғымыз келеді. Мүмкін олар жағдайдың анық-қанығын көрсететіндіктен, тергеушілерге керек емес шығар» деп мәлімдеді. Ал Савченко алғашқы отырыстағы сияқты тағы да полиграф арқылы жауап алуды ұсынды. Ол «Тергеушілер менің өтірік айтпағанымды полиграф көрсетіп қояды деп қорқады» деп мәлімдеді.
Прокурордың «Украинаның шығысына не үшін бардыңыз?» деген сұрағына Савченко «Елім мен жерімді Ресей агрессиясынан, сіздердің солдаттарыңыздан қорғау үшін бардым» деп жауап берді. Ұшқыш келіншек «әскери құпия» деген уәжбен Украина әскерилерінің шоғырланған жері мен саны туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
Қырым аннексиясына қатысты Савченконың жеке пікірі туралы сұрақты «іске қатысы жоқ сауал» ретінде судья алып тастады, бірақ Савченко «Қырымды басып алды. Аннексиядан кейін өз жеріңді қорғай алмау кімге болсын ауыр тиеді, мұны әскерилер түсінеді. Сондықтан АТО-ға (Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерге қарсы операцияны Киев АТО (антитеррорлық операция) деп атаған еді – ред.) қатысу жөнінде шешім қабылдадым» деген сөзін айтып үлгерді.
АТО аймағына келген соң Савченко «Айдар» еріктілер батальонына түскен. Ол «Погонында жұлдызы бар әйелдер армияда атқара алатын бірнеше ғана қызмет бар. Ал батальонда мұндай жалғыз қызмет - саяси жетекшінің орынбасары лауазымы ғана болды» деді. Мұнан соң Савченко 2014 жылы маусымның 17-сі күнгі оқиғаға қатысты «[сепаратистермен] шайқас болды, тұтқынға түстім, мені кейін Ресейге әкетті» деді.
Украина әскерлері Счастье қаласын босатқан күннің ертеңі - 2014 жылы маусымның 17-сі күні таңсәріде Савченкоға комбат Сергей Мельничук телефон соғып, батальонның барлаушылар бөлімшесі оқ астында қалғанын, қазір шайқасып жатқанын хабарлаған. Әлгі хабардан кейін Савченко Украина әскерилері шоғырланған Веселая Гора ауданына өздігінен аттанып, ол жақтан танкке отырып, шайқас жүріп жатқан гольф-клуб ауданына барған. Савченко барған кезде шайқас аяқталып қойған, ол қаза тапқандар мен жараланғандарды ғана тапқан. Қайтар жолда ол сепартистердің оқ-дәрі тиелген бірнеше жеңіл көлігін көрген. Ол мініп барған танк кері қайтқанда Савченко жарылыс үні естілген алдыңғы жақта не болып жатқанын анықтамақ болған. Ол жерде Украина техникасы тосқауылға тап болса керек.
Ол шайқас болған жерден жаралы жауынгерлерді тапқан. Савченко жол шетіндегі бұталардың арасында жатқан оларды эвакуациялауды ұйымдастыруға тырысқан. Савченконың өзі де шамамен сол сәтте қолынан жеңіл жараланған. Оған медициналық көмекті тұтқынға түскеннен кейін, келесі күні көрсеткен. Ол жаралыларды алып кету үшін БТР шақырған, ал өзі тосқауыл барын білсе де, алға қарай жүрген. Бұл кезде оның сіңлісі Вера Савченконың украиналық сарбаздар отырған көлігі жаралылардың жанынан өтіп кетіп, әлгі тосқауылға тап болған. Савченконың заттары мен құжаттары көлікте болған.
Оның адвокаты Илья Новиков «Алдыңғы жаққа не үшін бардыңыз?» деп сұрады. Савченко «Операцияны жоспарлау үшін көбірек ақпарат жинауға бардым» деп жауап берді
Савченко тосқауылға сәл жетпей қару асынған жас жігітті жолықтырып қалған. Ол Савченконың автоматын тартып алмаған, бірақ тосқауыл құрылған орынға апарған. Савченко «Олар маған тап беріп, заттарымды тартып алды. Тосқауылда отырғандардың шені үлкендері «Шабуыл жасап, қайта тартып алмай тұрғанда, оны мына арадан әкетіңдер» деп айқайлады. Басымды матамен жауып, көлікке отырғызды да, алып кетті» дейді Савченко. Оны Луганскідегі әскери комиссариатқа әкеліп, кісендеп қойған.
Ал журналистердің (Савченкоға Ресей журналистерін өлтірді деген айып тағылған – ред.) өз адамдарының қателесіп жаудырған оғына ұшқанын Омаров маған кейін айтты.
«Ертеңінде өзін «Адам Омаров» деп таныстырған, бөлімшелердің бірінің командирі, ұлты шешен жігіт келіп жолықты. Ол «шабуылды үйлестірумен айналысқан бір нысана анықтағыш адамды іздеп жүрмін, оны танисың ба?» деп сұрады. Мен іздеп жүрсе, демек оны таппаған, яғни оны ізінен адастыру керек деп ойлап, «танымаймын, бірақ ол нысана анықтаушы деп мені есепте» дедім. Ал шындығында, әлгі шабуылды үйлестіріп, жүргізуге менің мүлде қатысым жоқ. Ал журналистердің (Савченкоға Ресей журналистерін өлтірді деген айып тағылған – ред.) өз адамдарының қателесіп жаудырған оғына ұшқанын Омаров маған кейін айтты. Савченконың айтуынша, әлгі «Адам Омаровтың» шын аты-жөні - Максим Баунов, бұл істе ол «Сурков» деген құпия куәгер ретінде тіркелген.
Тұтқында отырған кезде онымен «ЛХР-дың» (Луганск халық республикасы – ред.) болашақ басшысы, атаман Игорь Плотницкий және ресейлік журналистердің қаза тапқанын Савченкоға алғаш хабарлаған LifeNews тілшілері сөйлескен. Савченко «Тілшілер менен «Ресейлік журналистердің қаза тапқанын білесіз бе?» деп сұрады, мен білмейтінімді, олардың қаза тапқанына қайғыратынымды айттым. Олар да сіздер сияқты (прокурорларға қарата) «Адам өлтірдіңіз бе?» деген ақымақ сұрақ қойды. Иә, өлтірдім, мені өлтіруге тырысқан әрі жеріме қауіп төндірген адамдарды өлтірдім» деді.
Кейін Савченконы Ресейдің Воронеж қаласына әкеліп, тергеу басқармасында адвокатсыз, аудармашының қатысуынсыз жауап алған. Тергеуден кейін оның жанына екі адамдық күзет қосып, қаладағы «Евро» қонақүйіне орналастырған. Әлгі қонақүйде полиграф арқылы жауап алған әрі камераға жазған. Савченко «Құдды террористер сияқты «Кім және қайда екеніңді камераға айт, әйтпесе сендердің консулдықтарың сенбей жатыр деді» дейді.
Жалпы, Савченко баяндаған жайттардың ішінен оның сіңлісіне телефон соғып, жаралы сарбаздар жатқан жолды атқыламауды сұрағанын ғана «артиллерия шабуылын үйлестіру» ретінде санауға болады. Бірақ ресейлік журналистер оққа ұшқан шабуылға ол оқиғаның еш қатысы жоқ.
Савченконың жауабынан кейін сот жапа шегуші екі әйел – Луганск облысының тұрғындары - егде жастағы Галина Дмитриева мен оның туысы Элла Бурыкадан жауап алып үлгерді. Екеуі отбасыларымен Металлист кентінен кетпек болған, бірақ Луганскіге баратын жолда, айыптаушы тараптың болжамынша, Савченконыңхабарлауымен жаудырылған оқтың астында қалған. Ал адвокаттар «тергеушілер шын жауап алуға құлық танытпаған сияқты» деген болжаммен әлгі «жапа шегушілердің» сөзіне күдік келтірді.
Адвокат Новиков жапа шегуші Бурыкадан «Сіздің жауабыңыздың мәтіні Дмитриеваның жауабынан айнымайды. Мұның себебін түсіндіре аласыз ба?» деп сұрады. Бурыка «Білмеймін, түсінсем бұйырмасын. Бір жерде тұрған соң, бірге қашқан шығармыз» деп сенімсіздеу жауап беріп, бұрын берген жауаптарын жариялауға қарсылық білдірді. Осыдан кейін адвокаттар екі әйелді жапа шеккендер тізімінен мүлде шығарып тастауды ұсынды. Сотқа төрағалық етуші судья Леонид Степаненко адвокаттар ұсынысына «бұл өтінішіңізді жапа шегушілерден жауап алынып біткен соң қараймыз» деп жауап берді. Бірақ Надежда Савченко «екеуінің жауаптарындағы қайшылықты картадан көрсетіп беру үшін жапа шегушілерден кейінірек жауап алуыма бола ма?» деп сұрады. Судья «болады» деп жауап берді. Бұл сотталушы мен адвокаттардың күні бойы жасаған өтініштері ішінен судья орындаған жалғыз өтініш еді.