Accessibility links

Украиналық журналист Ресейде он күн қамауда болды


Украиналық «1+1» телеарнасының журналисі Евгений Агарков.
Украиналық «1+1» телеарнасының журналисі Евгений Агарков.

Ресейге түрмеде отырған ұшқыштың жағдайын білу үшін барған украиналық журналист Евгений Агарковтың өзін де 10 күн қамауда ұстаған соң Ресей билігі оны елден шығарды.

Украиналық «1+1» телеарнасының журналисі Евгений Агарков Ресейдің Воронеж қаласына келіп, осында қамауда отырған украиналық ұшқыш Надя Савченконың хал-жағдайын білмек болды. Савченконы маусым айында сепаратистер тұтқынға алған, қазір Воронеждің уақытқа қамау абақтысында отыр. Ресей билігі оны шығыс Украинада минометтен қаза тапқан екі ресейлік журналистің қазасына айыпты санайды.

Агарков Савченконы бетпе-бет көрген емес. Оны тұтқындаған кезде «журналистік міндетін заңсыз атқарды» деген айып тағып, 2000 рубль (55 доллар шамасында) айыппұл төлеуге бұйырды. Ресей Агарковты он күн қамауда ұстап, кейін Киевке қайтарды. Украиналық журналист өз басынан өткен жағдай туралы Азаттық тілшісі Дмитрий Волчекке әңгімелеп берді.

Азаттық: – Сізді шекарадан бастап аңдығандары, кім екеніңізді, қайда бара жатқаныңызды білгендері рас па?

Евгений Агарков: – Оқиғаның бәрі әуежайда басталды, біз ұшуға дайындалып, ұшаққа келгенде қасымда Надяның сіңлісі Вера Савченко бар еді. Олар оны әуежайдан күтіп алды, оның ұшуына үзілді-кесілді тыйым салды. Воронеждегі «Италия» деп аталатын (бірақ Италияны еске түсіретін еш белгісі жоқ) қонақүйге орналасқанда қонақтарды тіркейтін әйел: «Савченко ханым да сізбен бірге болуға тиіс пе еді?» деп сұрады. Демек, оларды бізді бұрыннан күтіп отырған.

Екінші күні біздің артымыздан көлікпен аңдыды, негізінен «Лада» және «Форд» автокөліктері еріп отырды. Олар жасырынбай-ақ біздің таксидің немесе консулдың көлігінің соңынан еріп жүрді. Әріптесімнің телефон әңгімелерін тыңдағанын аңғардық. Екінші күні аңду басталды, басқа күндері де жалғасты. Консул қасымызда болғанда, оның дербес құқығы болғандықтан, бізге қауіп төнген жоқ. Жұма күні консул Воронежден кетті, сол кезде бәрі орындалды.

Азаттық: – Надя Савченконың сот процесі туралы материал дайындауға бардыңыз ба?

Евгений Агарков: – Біз сотта болған жоқпыз. Біз ең алдымен Надяны қолдауға бардық, консулмен, адвокатпен кездесіп, Надяның анасы айтқан сәлемді адвокаты арқылы жеткізбек болдық. Анасы қатты уайымдап отыр, жылап тұрып хатты табыстады.

Азаттық: – Сіздерді қонақүйде ұстап алды ма?

Украина сыртқы істер министрлігінің «Надяны құтқарыңыздар» атты плакаты.
Украина сыртқы істер министрлігінің «Надяны құтқарыңыздар» атты плакаты.

Евгений Агарков: – Жұма күні таңертең Надяға сәлемдеме апармақ болдық. Қорғаушылар оған сүт, сигарет пен сұлы печеньесін апаруды сұрады. Олардың айтуынша, Надя бұл өтінішке күлген екен, бірақ біз оны орындауға тырыстық. Таңғы асқа барған соң, Надямен жолықпақ едік. Менің жанымдағы адам сәл ерте шықты, мен 10 минуттан соң түстім.

Төменде үш ер адам тұр екен, олар мені көрген соң қасыма келіп, Ресей федералдық миграция қызметінің (ФМС) куәлігін көрсетіп, маған қояр бірнеше сауалдары бар екенін айтты. Себебін сұраған кезімде шетелдіктердің құжатын тексеру әдеттегі жағдай деп алдарқатты. "Миграциялық картаңның шынайылығын тексереміз" деді. Мені қарсылықсыз ертіп әкету үшін алдады деп ойлаймын. Олар мені көлікке отырғызды да, Невский көшесіндегі ФМС кеңсесіне әкелді.

Азаттық: – Олар сізге аккредитациясы жоқ деген айып тақты. Неге оны жасатпаған едіңіз?

Олар мені сол жерге алып келген сенбі күні консулмен кездестірмеді. Сот қаулысы күшіне енген кезде консулды жіберді, ұзақ уақыт сөйлестік.

Евгений Агарков: – Иә, расымен де, олар маған «1+1» арнасындағы TSN бағдарламасының сюжетін көрсетті, ол сейсенбі күні шыққан еді. Сосын: «Сіз аккредитациясыз жұмыс істедіңіз» деді. Мен оған келісемін. «1+1» арнасының алдын ала тіркелген журналисі Маргарита Сытник Мәскеуде жұмыс істейді, ол сол күні Воронежге бармақ еді. Бірақ (ресейлік диссидент) Валерия Новодворская дүниеден өтті, Мәскеу метросында қайғылы жағдай болды (21 адам опат болған жарылыс). Сондықтан Рита трагедия туралы дерек дайындап, Новодворскаямен қоштасуға баруы керек болды. Аз уақыт ішінде Надяға қолдау көрсету үшін, ол жердегі жағдайды білу үшін біз барайық деп шешім қабылдадық.

Азаттық: – Бұл оқиғадағы таңқаларлық жағдай – сізді ұстағандары емес, 10 тәулікке қамағандары сияқты. Қалай ойлайсыз, бұндай шешімді жергілікті билік аяқ астынан қабылдады ма, әлде Мәскеуден сондай жарлық келді ме?

Евгений Агарков: – Оның қайдан басталғаны туралы жорамал жасай алмаймын. Нақты білетінім: бізді аңдыған ФМС емес. Мені қамаған жерге келген ФМС қызметкерлерінің бірі арнайы қызмет өкілдерінің көмегі болды дегенді тұспалдады. Адвокат Марк Фейгин (Савченконың қорғаушысы) айтқандай, бұл таза саяси шешім, осылайша Савченко оқиғасы туралы ақпарат бергісі келетін украиналық журналистерді не күтіп тұрғанын көрсетті.

Азаттық: – Сізді қайда ұстады, ол жердегі жағдай қандай болды?

Евгений Агарков: – Шетелдік азаматтарды уақытша қамауға арналған, Воронежден 160 шақырым қашықтықтағы Павлов ауданының Елизаветовка ауылында болдық. Бұрын онда туберкулезге шалдыққандарды емдеген екен. Одан бері ғимаратты тазалап, жөндедік деп бізді сендірмек болды. Бірақ бәрібір денсаулығымыз үшін алаңдадық.

Адвокат Марк Фейгин айтқандай, бұл таза саяси шешім, осылайша Савченко оқиғасы туралы ақпарат бергісі келетін украиналық журналистерді не күтіп тұрғанын көрсетті.

20 шаршы метр бөлмеде жаттық, қабырғалары қоңыр-сұр түсті, алты төсек бар, екі қабатты екі төсек қойылған, үстел, екі орындық, барлық адамға бір кішкене шкаф беріледі. Құрыш есік, уақытша қамау орнындағы тәрізді есікте кішкене тесік (көз) орнатылған, терезеге темір тор қағылған. Жуынатын жерге бару үшін есікті қағасыз, қарауыл келіп апарып келеді. Мекеменің бастығы жақсы жігіт екен, онымен тез тіл табыстық. Бізді жақсы тамақтандырды. Борщ , сорпалар, кейде ет қосылған дәмді тағамдар берді, котлет пен макарон, палау жедік.

Азаттық: – Алты адамға арналған төсек бар дедіңіз. Сіздің қасыңызда басқа бес тұтқын болды ма?

Евгений Агарков: – Жоқ, мен жалғыз жаттым. Әдейі солай істегендерін соңында түсіндім. Бір жігіт менің қасыма көшіп келмек еді, оған рұқсат бермеді, бірақ басқа біреудің қасына ауыстырды.

Азаттық: – Басқа тұтқындармен араласуға мүмкіндік болған шығар?

Евгений Агарков: – Иә, серуенге шыққанда араластық. Серуенге арналған бөлмеге бірнеше адам сиятын, сонда Украина, Нигерия, Грузия және басқа жақтың өкілдерімен таныстым.

Азаттық: – Консулды көруге рұқсат етті ме?

Евгений Агарков: – Олар мені сол жерге алып келген сенбі күні консулмен кездестірмеді. Сот қаулысы күшіне енген кезде консулды жіберді, ұзақ уақыт сөйлестік. Ол басқа да украиналық азаматтармен кездесті, олардың кейбірі бес ай, тіпті одан көп уақыт отыр.

Азаттық: – Сізді бірден шығарып, еліңізге қайтарды ма?

Евгений Агарков: – Рәсімді барынша тездетті. Консул Ресей ішкі істер министрлігіне нота жазды, Марк Фейгин шараны тездету үшін қандай өтініш жазу керектігін айтты. Оның бәрін істемеген күнде тағы бір апта жататын едім. Себебі, сот хат-хабар күтеді, ол пошта жәшігімен келеді, оны жеті күн күтеді. Содан соң барып елге қайтару құжаттарын дайындайды.

Азаттық: – Евгений, осы оқиғадан қандай ой түйдіңіз, қандай қорытындыға келдіңіз?

Евгений Агарков: – Біріншіден, аккредитациясыз сапарға шығуға болмайды. Екіншіден, сіз туралы ақпарат беретін қонақүйге тоқтамаңыз. Әртүрлі сезімді бастан өткердім. Жаңа бір тәжірибе жинадым. Күйзеліп демей-ақ қояйын, бірақ жабырқап жүрмін. Тіпті жақсы тамақтансам да, төрт келі салмақ тастадым. Торығудың белгілі бір деңгейінен өткен сияқтымын.

Дмитрий Волчектің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG