Әңгіме кей техникалық мамандықтар бойынша күндізгі оқу бөлімін үздік бітіріп, мемлекеттік университеттерде сырттай оқуды жалғастырып жатқан және ЖОО бітіргеннен кейін қорғаныс-өнеркәсіп саласының әлдебір кәсіпорнына жұмысқа орналасқан жастар жайлы.
Қор өкілдері мұндай шараларды енгізу қажеттігін «Ресейде қызыл диплом ешқандай артықшылық бермейді, ал сапалы білім алуға жұрттың көбінің қолы жетпейді, сондықтан магистратура немесе аспирантураның бюджеттік бөліміне оқуға түсе алмағандардың көбі оқу ақысы арзандау шетелге кетеді» деген уәжбен түсіндіреді. Қор жастар эмиграциясы ұлғайып бара жатқаны жайлы ресми статистикаға сілтеме жасайды, бірақ ұйым пікірінше, деректер кемітіп көрсетілген.
Қор директоры Олег Казенков Шойгуға өтініш жолданғанын Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында растады.
– Егер Физтех, Бауманка (Мәскеу физика-техникалық институты, Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті - Азаттық.) сияқты ел үшін маңызы бар жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп, алғашқы жоғары білім алған және оқуын ары қарай жалғастырғысы келетін студентті мысалға алсақ, әлгі студенттің аспирантура немесе магистратураның күндізгі бөліміне оқуға түсе алуы екіталай. Мұндай маңызды мамандықтар бойынша бюджеттік орындар аз, ал коммерциялық бөлімде оқу тым қымбат, сондықтан студент екінің бірін таңдауы тиіс - сырттай оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін оны әскерге шақырады немесе амалын тауып Еуропаға, АҚШ-қа кетіп, оқуын сол жақта алаңсыз жалғастырады. Бұған қоса, шамамен төртінші курстан бастап қабілетті студенттерді оқуын шетелде жалғастыруға шақырып, қарқынды іріктеу жүреді. Сондықтан қоғам қажет мамандардан жалғыз себеппен айырылады - оқуын жалғастыруға студенттің мүмкіндігі жоқ, өйткені ақысы қымбат, тегін орын да жоқ немесе ол жұмыс істеп күн көруі тиіс, ал аспирантураның күндізгі бөлімінде оқып әрі жұмыс істеу мүмкін емес.
– Сіздер ондай жігіттерге әскери міндетін өтеуді 27 жасқа дейін шегере тұруға мұрсат беруді, яғни әскери міндетін шұғыл өтеуден босатуды ұсынасыздар ма, сонда?
– Сәл олай емес. Біз егер студент оқуын жалғастырғысы келсе және аспирантураның сырттай бөліміне ғана түсе алса, оны әскерге алмау керек, ол әуелі оқуын бітіріп, маман болып шықсын, диссертациясын қорғап алсын дейміз. Оны үш жыл, яғни оқуын тәмамдап, дипломын қорғап алғанға дейін әскерге шақырмау керек дейміз. Әйтпесе біз оны Еуропаның бір еліне оқуға өз қолымызбен аттандырамыз.
– Шойгуға жолдаған өтініште сіздер қызыл диплом ешқандай артықшылық бермейді деп көрсетесіздер. Егер сіздердің бастамаларыңызды құптаса, студенттерді жақсы оқығаны үшін әскерден босату түрінде көтермелейтін бола ма?
– Біз қызыл диплом алған студенттердің бәрі міндетін өтеуден автоматты түрде босайды демейміз. Бұл жерде техникалық нақтылаулар көп болуы мүмкін, тіпті болуы тиіс. Біріншіден, бұл шара оқуын жалғастырған студентке қатысты болады. Бәлкім, мамандықтардың бәріне, ЖОО-ның бәріне мұның қатысы болмайтын шығар, мен техникалық мамандықтар жайлы айтып отырмын, бізге техникалық мамандар өте қажет. Шартты маркетолог - бұл сәл өзге салмақтағы категория. Біз тек пікірталасқа ғана қозғау салдық. Ал екінші маңызды жайт - сырттай оқитын жас маман ел үшін стратегиялық маңызы бар кәсіпорынға жұмысқа тұрса дейміз. Егер физик-атомшы (атом реакторлары жұмысын бақылайтын маман. - Азаттық) мамандығын оқуды жалғастырса әрі тиісті кәсіпорынға жұмысқа кірсе, оған әскерге барудың керегі не? Сондықтан ол оқи берсін, біліктілігін арттырсын, ал әлгі мұрсат оған оқып жатқан мерзімге беріледі.
– Сонда оның шетелге шығу құқығы әскерге шақыруды кейінге қалдыру күшінде болатын мерзімге шектелетін болып тұр ғой?
– Әлбетте! Біз бүкіл түлектердің, бүкіл оқу озаттарының, бүкіл «технарь» студенттердің шетелге шығу құқығы шектелсін демейміз. Бұл - адам құықығын шектеу. Бұл студенттің өз еркіндегі нәрсе болады - егер ол оқуын жалғастыру үшін әлгі мұрсатты пайдаланып, елге пайдасын тигізіп, кәсіпорында жұмыс істесе, әлгі мұрсат мерзіміне [шетелге шығуына] шектеу қойылуы мүмкін.
– Шойгуға жолдаған өтініште сіздер кейінгі төрт жылда Ресейден эмиграцияға кеткендер саны күрт көбейді деген дерекке сілтеме жасайсыздар.
– Жастарға, дарынды жастарға қатысты [статистикаға] сілтеме бердік.
– Сіз жастар Ресейден әскерге барғысы келмегендіктен ғана кетіп жатыр деп санайсыз ба?
– Жоқ, әрине. Бұл өзге факторлардың бірі. Бұл елден кеткендердің кейбірі үшін маңызды фактор болған, ал кейбірі үшін мүлде маңызы жоқ. Көбі шетелге қабілет-қарымын толығырақ ашу үшін кетеді. Біреулер оқуын жалғастыруға шақыру алғандықтан кетеді, ондайлар көп. Екіншіден, егер біз коммерциялық негізде сапалы білім алудың қол жетімділігі туралы айтар болсақ, бізге қарағанда, ол Еуропаның көп елінде қол жетімді екенін білеміз. Яғни Мәскеудегі алғашқы үштікке енетін ЖОО-ларда аспирантурада оқудың өзі Франция немесе Германия аспирантурасында оқумен салыстыруға келмейтіндей қымбат. Тіпті шетелде оқитын студент жеңілдік беретін көптеген бағдарламаны пайдаланбаған күннің өзінде де Ресейдегі оқу бағасы қымбат болып шығады. Бізге қарағанда, ол жақта оқу әлдеқайда арзан.
– Егер сіздердің бастамаларыңызды құптаса, бұл амал эмиграцияға қатысты ахуалды өзгертеді деп ойлайсыз ба?
– Бұл амал жас мамандар арасындағы эмиграцияның ұлғаюына түрткі болып отырған факторлардың бірін жоюы мүмкін.
– Бірақ бұл амал білім сапасына қатысты проблеманы бәрібір шешпейді ғой.
– Жоқ, бұл амал қол жетімді сапалы білім алуға қатысты проблеманы шешпейді. Бюджеттен қаржыландырылатын орын тым аз бөлінеді. Ал осы салада көш бастап тұрған аспирантура, магистратураның коммерциялық бөлімінде оқу Ресей азаматы түгілі, еуропалық студент үшін де қымбатқа түсер еді. Мен жас мамандарымыз ең көп кеткен үш ел - Францияның Сорбоннасында, Германия, Испаниядағы оқу ақысын Мәскеу немесе Питердегі оқу құнымен салыстырып көріп, бізде өте қымбат екенін байқадым. Дарынды, оқуды үздік бітірген студентті аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға шақырса, оның оқу ақысына шамасы келмеуі мүмкін.
– Ал Ресейде сапалы білім алуды жұрттың көбіне қол жетімді ету үшін күресудің орнына, сіздер неліктен жастардың шетелге шығуын шектеп, оның орнына әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсынып отырсыздар?
– Бұл - параллель жүретін процестер. Біз білім сапасы мәселелерін де назарда ұстаймыз. Әзірше ондай материалдарды жинау туралы тіпті ақпарат та бергеніміз жоқ, бірақ аймақтардан төбе шашың тік тұратын материалдар қазірдің өзінде түсіп жатыр. Ресейдің кей ЖОО-ларында не болып жатқанын көріп, жағамызды ұстап отырмыз. Студенттерге де, оқытушыларға да обал!
– Шойгудан сіздерге жауап келді ме?
– Өтінішті бүгін жолдадық, енді заңда белгіленген тәртіпке сәйкес, 30 күн ішінде жауап келуі тиіс.
Иван Мартыненконың мақаласы орыс тілінен аударылды.