Accessibility links

Қария пикетке шыққаны үшін 5 жылға сотталуы мүмкін


75 жастағы Владимир Ионов. Мәскеу, 19 қаңтар 2015 жыл.
75 жастағы Владимир Ионов. Мәскеу, 19 қаңтар 2015 жыл.

75 жастағы Владимир Ионов Мәскеуде өтетін Кремль саясатына қарсы наразылық шараларына жиі қатысады. Енді ол осы әрекеті үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ресейде бұған дейін рұқсат етілмеген наразылық шарасына қатысқаны үшін ұсталған адамды полиция аз уақыт ұстап, қоғамдық тәртіпті бұзды деп айыптап, айыппұл салып жібере салатын. Енді 2014 жылы жазда күшіне енген жаңа заң бойынша, алты айдың ішінде төрт рет осындай құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауапқа тартылады. Бұл Владимир Путиннің үшінші президенттік мерзімі кезеңінде ел ішіндегі наразыларды басу шарасының қаншалық қарқынды жүріп жатқанының дәлелі болса керек.

«ПАТША ЖАЛАҢАШ ЕКЕНІН БІРЕУ АЙТУЫ КЕРЕК»

Бес жылға сотталу қаупі төнген адамның бірі - оппозициялық «Солидарность» қозғалысының мүшесі, 75 жастағы зейнеткер Владимир Ионов. Ол қыркүйек айынан бері төрт рет «қоғамдық тәртіпті бұзып», полицияда отырып шыққан. Бірақ зейнеткер 1 миллион рубль айыппұлдан да, бес жылға қамалудан да қорықпайтынын айтады.

– Мен жауынгер емеспін, жай ғана көшеде жүрген қарапайым адаммын. Ал бұл – менің елім. Патша үстінде киімі жоқ жалаңаш жүрсе, мұны біреу айтуы керек. Бұл қаншалық ұзаққа бармақ? – дейді қан қысымы жоғары әрі жүрегі де ауыратын қарт белсенді.

Владимир Ионов шеру кезінде Путинге қарсы плакат көтеріп шыққаны үшін былтыр қыркүйекте екі рет ұсталған. Ол 10 қаңтарда Кремльге жақын жерде «Je Suis Charlie» деген жазуы бар қағаз ұстап тұрғаны үшін полиция бөліміне жеткізілген. Оның қасында тағы бір зейнеткер серігі болған. Ал 15 қаңтарда полиция оппозиция басшысы Алексей Навальныйды қолдап рұқсат етілмеген наразылық шарасына шыққан 15 адам қамауға алынғанда Владимир Ионов те солардың арасында да болған.

Соңғы рет ұсталғанда полиция оған заңды төрт рет бұзғандықтан енді қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтып ескерту жасаған.

Қаңтар айындағы наразылық шараларына қатысқаны үшін 170 мың рубль айыппұл төлеуі тиіс болған Владимир Ионов полиция жасын сыйлап түрмеге жаппай, кешірім жасауы мүмкін дегенге сенбейді.

– Жақында оппозициялық «Новая газета» басылымынан 85 жастағы қарияның ауырып жатқан жерінен жазаға кесілгені жайлы оқыдым. Оны төсекте жатқан күйінде сотқа алып барып, сол жерде үкім шығарған. Бұл елде ештеңеге таңғалмаймын, – дейді Владимир Ионов.

Әзірге бостандықта жүрген, бірақ Мәскеуден сыртқа кетпеу туралы қолхат берген Владимир Ионов билікке қарсы әрекетін тоқтатпасын айтады.

– Шынымды айтсам, түрмеге кесу, айыппұл салу мәселелеріне бас қатырмаймын. Мен тек елімнің, балаларым мен достарымның болашағына алаңдаймын. Мұнда ұзақ жылдан бері тұрып келемін. Қашып кететін басқа жерім жоқ. Олай кетіп қалатындай адам емеспін, – дейді ол.

Азаттық тілшісі Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG