Accessibility links

Астраханьдағы «экстремистің» келбеті


Астрахань қаласы. 28 тамыз 2013 жыл.
Астрахань қаласы. 28 тамыз 2013 жыл.

Ресейдің Астрахань облысында экстремистердің полицияға жасаған шабуылына Қазақстанда туған үш адамның қатысы туралы болжам расталмады. Бірақ Қазақстанға да еніп кетіп жатқан радикалды идеялар бұл аймақта тез таралады.

Сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербург метросында болған терактіден кейін Ресейдің оңтүстігінде полицияның екі қызметкерін атып, өлтіріп кетті. Әлгі шабуылды «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мойнына алды. Жол-көлік қызметі экипажына жасалған қастандықтан кейінгі алғашқы сағаттарда сегіз адамға халықаралық іздеу жарияланды. Іздеу ақпараттарында бет-әлпеттері негізінен азиялыққа келетін адамдардың фотосы жарияланып, олардың үшеуі Қазақстан тумасы деп хабарланған.

Ресейлік кей БАҚ-тар Астраханьдағы шабуылды былтыр жазда Батыс Қазақстанда экстремистердің қауіпсіздік қызметтеріне жасаған жұртты шулатқан шабуылымен байланыстырған еді. Өзгелері қастандыққа жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген. Мысалы, сәуірдің 4-і күні «Мир-24» телерадиокомпаниясы «Жаңалықтар» хабарында іздеу ақпараттарын көрсеткеннен кейін жүргізуші «Астрахань аймағында тұратын халықтың көп бөлігі – орыстар, саны жағынан екінші орында – қазақтар, олар - халықтың жалпы санының шамамен 17 пайызы» деп мәлімдеген болатын.

Іле-шала Қазақстанда туған үш адамның шабуылға қатысы расталмады. Мысалы, тізімге енгізілген Атырау облысы тумасы Әлібек Ғизатов шабуыл жасалған сәуірдің 4-і күні Атырау облысында болған, ол облыстағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейді. Ол іздеу ақпараттарынан фотосын көріп, жергілікті полиция учаскесіне өзі барған.

Солтүстік Кавказдың «Кавполит» порталы РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Астрахань облысының тергеу комитетіндегі әлдебір дереккөз «сегіз күдіктінің фотосы (көбінің сырт келбеті азиялыққа келеді) – жалған, сондықтан оны баспасөз қателесіп таратып жатыр» деп айтқан. Астрахань облысы тергеу комитеті басшысының аға көмекшісі Андрей Хегай Азаттыққа берген комментариінде ықтимал күдіктілердің бәрін база арқылы тексеру - тергеу органдарының жұмыс ерекшелігі дейді.

- Кей тұлғалардың қылмысқа қатысы расталды, қалғандарына қатысты тексеру жүріп жатыр, - дейді Андрей Хегай.

ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕ

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына қатысты құжаттар толтыру кезінде мерт болған. Аймақтың тергеу комитеті дерегінше, мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерін алдап қақпанға түсіру үшін әлгі апатты әдейі ұйымдастырған. Полицейлерді өлтірген жердегі қызмет көлігі салонынан Астрахань облысының тумасы Нұрбол Саспановтың атына жазылған құжаттар табылған. Құқық қорғау органы қызметкерлеріне жасалған шабуылды Астраханьда тұратын қазақ диаспорасымен байланыстыруға осы айғақ себеп болуы мүмкін. Әуелі тараған бағыттамаға Нұрбол Сапсанов жасаған әрі оның жазасын өтеген қарақшылық шабуылға әлдебір қатысы бар азаматтар енген болатын. Кей сарапшылар қылмыс орнынан құжаттың табылу фактісін терроршы-жанкештілердің «қолтаңба» қалдыру практикасы деп түсіндіреді.

Полиция бөлімін күзетіп тұрған полицейлер. Мәскеу облысы, 17 тамыз 2016 жыл.
Полиция бөлімін күзетіп тұрған полицейлер. Мәскеу облысы, 17 тамыз 2016 жыл.

Күдіктілердің жасырыну ниеті болмаған - сәуірдің 6-сы күні олар Росгвардия посттарының біріне шабуыл жасады. Атыс кезінде үш әскери қызметші жараланды. Шабуылдағандардың бірінің көзі жойылды. Ал қала шетіндегі өнеркәсіп аймағына қашып тығылған қалған қылмыскерлер қоршауға алынып, олардың да көзі жойылды. Шабуыл жасағандар өрімдей жігіттер болып шықты. Ішіндегі ең үлкені Нұрбол Сапсановтың жасы 26-да, ертеректе ол қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған. Рамзан Кукулаев - 20 жаста, ол да Астрахань облысының тумасы. Шешенстан тумасы Рамзан Султанмурадов әлі 18 жасқа толмаған екен. Дағыстанда туған Ильяс Магомедов 22 жаста болған.

«Ресей-24» телеарнасының Астрахань филиалында жұмыс істеген Людмила Шналиеваның Азаттыққа айтуынша, террорлық актіге қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысы туралы болжам ол үшін мүлде күтпеген жаңалық болған. Оның сөзінше, Астрахань облысында тұратын қазақ жастарының радикалдануына ешқандай негіз жоқ.

- Қазақтар – өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүрген бейбіт халық – дейді ол.

Людмила Шналиеваның сөзінше, ол «Россия-24» телеарнасында жұмыс істеген кезде қазақ халқы арасында діни экстремизм немесе өшпенділік фактілерін кездестірмеген. Ол әлгі оқиға Астрахань қазақтарына деген жеккөрініш туғызуы мүмкін деп қауіптенеді.

Азаттыққа Астраханьдағы «Жолдастық» қазақ мәдени орталығы басшыларының бірі Ғұспан Маханбет-Әлиев те «полицейлерге жасалған шабуылға бір қазақ жігітінің қатысы болуы жергілікті қазақ жастары арасында экстремистік көңіл-күй көп тараған деген сөз емес» дейді.

- Біз көшпенді халықпыз. Бізде дінге қатысты фанатизм жоқ. Мына оқиға –төтенше жағдай, - дейді ол.

Жергілікті тарихшы әрі исламтанушы Андрей Сызранов оның пікірімен келіспейді. Оның Азаттыққа айтуынша, қазақтар көшпенді өмір салтынан кеткелі көп болған, ал диаспора жастары өз құралпыластары сияқты интернетте көп отырады, сондықтан радикалды ағымдардың ықпалына түсіп қалуы мүмкін. Бұған қоса, Сызранов қазақ жігіттерінің «кавказдық мешіттерге» барып жүргенін көргенін айтады. Жас жігіттер интернетте пікір таластырғанда төзімсіздік танытады әрі исламды жалғыз дін, қабылдау міндеттелген дін деп атайды.

Андрей Сызрановтың айтуынша, «шетелдегі радикал-экстремистік қозғалыстар мен ұйымдар жұрттың білімсіздігін, заңды тіркелген мұсылман ұйымдарының проблемаларын, аймақтық және муниципалды билік органдарының исламға жеткілікті назар аудармауын епті пайдаланып, мұсылмандардың арасында іріткі салуға тырысады».

Астрахань облысы мұсылмандар діни басқармасы Азаттыққа комментарий беруден бас тартты.

ИМ ЖАҺАНДАНЫП БАРАДЫ

Астрахань облысының қазіргі әлеуметтік жағдайы қиын. Совет Одағы күйрегеннен кейін Солтүстік Кавказдың экономикасы мешеу аудандарынан Нижняя Волга аймағына ішкі мигранттар ағыла бастады. Шешенстандағы екі соғыстан кейін босқындар көбейген.

Қазіргі Ауғанстанды зерттеу орталығының жетекші сарапшысы, Нижнее Поволжье сарапшылары клубының үйлестірушісі Андрей Серенко Азаттыққа «ұлтаралық қайшылықтар «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы үшін проблема саналмайды» дейді. Оның сөзінше, «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы идеологиясы керісінше өз қатарына түрлі ұлт өкілдерін тартуды көздейді.

- «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы идеологтары қазіргі жағдайға бейімделіп келеді: ертеректе террорлық ұйымдардың тірегі ұлт-азаттық күрес болатын, қазір ИМ-нің трансұлттық сипаты айқын байқалады. Ұйымға адам үгіттейтіндер қазіргі заманның интернет сияқты техникалық құралдары мен адамға психологиялық әсер етудің соңғы тәсілдерін көп қолданады, - дейді Андрей Серенко.

Кезінде терроршылар басып алған Беслан қаласының мектебі жанынан өтіп бара жатқан адам. 13 сәуір 2017 жыл.
Кезінде терроршылар басып алған Беслан қаласының мектебі жанынан өтіп бара жатқан адам. 13 сәуір 2017 жыл.

Оның сөзінше, тұзаққа түсіргісі келетін ықтимал құрбанын таңдаған кезде олар адамдардың әлсіздігін епті пайдаланады. Оның айтуынша, егер әлгі адам қиын жағдайда жүрсе, оның сеніміне кіріп, жанашырлық танытады, кейде тіпті қаржылай көмек көрсетеді.

Үгітке ерген немесе оған көнуге бейіл адамның портретін Андрей Серенко «бұл - әдетте 25-тен аспаған жас жігіт, ал 30-дар шамасындағы адамдар сирек кездеседі» деп сипаттайды.

Сарапшының Азаттыққа айтуынша, аймақ экономикасындағы қиын жағдай «Ислам мемлекеті» ұйымы қатарына қосылуға итермелейді.

- Жастар жөні түзу жұмыс таба алмайды, өздерін тұлғалық тұрғыдан таныта алмайды. Олар елді коррупция жайлағанын, соттар әділетсіз шешім шығаратынын және бұл өмірде бүкіл орын «сатылып қойғанын», оларға келешекте орын жоқ екенін көріп отыр. Ұйым үгітшілері дәл осыған сүйенеді, олар ИМ ұйымы жаңа, жұрттың бәрі тең құқылы, әділетті қоғам құрып жатыр деп үгіттейді, сондықтан осы пасторальды картина (қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман деп сипаттау) кейде ИМ-нің зұлымдықтарын көлегейлеп кетеді. Ересек адамның күнделікті тұрмыстағы қиындықтар мен әлеуметтік проблемаларға деген әлдебір иммунитеті болады, ал жас жігіт албырттықпен шектен шыққан әрекеттерге бейім келеді, - дейді ол.

Астрахань мэрі сайлауынан кейін болған қарсылық акциясы. 14 сәуір 2012 жыл.
Астрахань мэрі сайлауынан кейін болған қарсылық акциясы. 14 сәуір 2012 жыл.

Андрей Серенконың айтуынша, ИМ террорлық ұйымының жақтастары 2016 жылдан бері Ресей түрмелеріндегі жұмысын күшейткен. Оның дерегінше, камераластарын ваххабизм принциптерін ұстану қажет деген ойға иландыруға тырысып, үгіттейтін тұтқындар әр колонияда бар.

Шабуылдағандардың басшысы әрі олардың ішіндегі жалғыз сотталған адам болған Нұрбол Сапсанов түрмеде жазасын өтеген кезде радикал ұйымның ықпалына түскен сияқты. Астрахань облысы тергеу комитеті Азаттық сауалына бұл ақпараттың қазір тексеріліп жатқанын хабарлады.

Астрахань облысы солтүстігінде - Волгоград облысымен, батысында Калмыкиямен, шығысында Қазақстанмен шектеседі, ал оңтүстік бөлігі Каспий теңізіне ұласады. Ертеректе Астрахань облысы территориясында Астрахань хандығы мен Ноғай ордасы болған. 1801 жылы Бірінші Павел императордың жарлығымен Ресейдегі алғашқы автономияның прототипі - Бөкей немесе Ішкі қазақ ордасы құрылған. Алғашқы қазақ медреселері мен мектептері , қаржы институттары мен ауруханаларының Бөкей ордасында құрылғаны белгілі.

XS
SM
MD
LG