Accessibility links

Кремль Татарстандағы діни ахуал туралы пікір айтушыларды шектемек


Қазандағы мүфтиге жасалған қастандықтан соң күдіктілерді іздеп жүрген полиция көлігі.
Қазандағы мүфтиге жасалған қастандықтан соң күдіктілерді іздеп жүрген полиция көлігі.
Қазан қаласында Кремльге бағынатын екі діни жетекшіге қастандық жасалған соң ресми билік БАҚ-қа діни ахуал жайлы арнайы бекітілген жеті сарапшының ғана сөзін жариялауға нұсқау берді.

Шілденің 19-ы күні Татарстан астанасында екі бірдей теракт жасалып, мүфтиді жаралап, оның бұрынғы орынбасарын атып кеткен соң билік өкілдегі шиленіскен ахуалды жақсартуға тырысып жатыр.

ЖОҒАРЫДАН БЕКІТІЛГЕН ЖЕТЕУ

Тып-тыныш республикада дүрбелең туғызған қос шабуылдан соң елде радикалды ислам күшейіп келе жатыр деп қауіп қылатындар көбейген. Осы тұста ресми билік шілденің 24-і күні жергілікті БАҚ-қа республикадағы діни өмірге қатысты арнайы бекітілген жеті маманның ғана пікірін келтіру туралы «кеңес» берді.

Президент әкімшілігі мұндай нұсқауды Татарстан мұсылмандар діни басқармасының (ТМБД) ұстанымына қайшы пікір айтатын діни тұлғалардың көп алдына сөз сөйлеуіне тосқауыл қою үшін берген.

«Қазан апталығы» басылымында жарияланған ТМДБ басшысы Ришат Хамидуллиннің сөзінше, басқарма мен ресми билік діни ахуал бойынша мәлімдеме жасауға өкілетті мамандар тізімін бірге бекіткен. Тізімдегі сарапшылар БАҚ-та
айтатын ой-пікірлерін алдын-ала ТМДБ-ға көрсетіп, кеңесіп алуға міндетті.
Джалиль Фазлиев, ТМДБ пәтуа бөлімінің басшысы
Джалиль Фазлиев, ТМДБ пәтуа бөлімінің басшысы

ТМДБ-ның пәтуа бөлімін басқаратын Джалиль Фазлиев – ресми тізімге енген жетеудің біреуі. Ол Азаттық тілшісіне жеті маманды таңдап алып, оларға журналистермен тығыз қарым қатынаста болуға және мейлінше көбірек ақпарат беруге тырысыңдар деп нұсқау берген үкімет екенін айтты.

Тілшіміз бұл мәселе жайында президент әкімшілігіне хабарласып, ақпарат ала алмады.

Татарстан билігіне қарсы қарасты БАҚ басшылары бұл жайында ақпарат беруден бас тартты. «Татарстан – Жаңа ғасыр» телеарнасы басшыларының бірі атын атамауды өтініп, ондай тізім алғанын және сол нұсқау бойынша хабар беретінін растады.

ЕСКІ, БЮРОКРАТИЯЛЫҚ РЕАКЦИЯ

Жекеменшік «Звезда Поволжия» газетінің бас редакторы Рашид Ахметов Азаттық тілшісіне үкіметтің бұл нұсқауы террористік шабуылға бюрократиялық жолмен қарсы шығу екенін айтты.

- Бұл - «Бәрін жауып тастайық, бәрінің аузын жабайық, ештеңе естіп, көрмегендей тыныш отыра берейік. Бейне бір ештеңе болмағандай әсер қалсын» деп санайтын советтік ескі стильдегі бюрократиялық реакция, - деді ол.
Жараланып ауруханаға түскен Татарстан мүфтиі Ильдус Фаизовтың көңілін сұрауға Татарстан президенті келіп тұр. Қазан, 19 шілде 2012 жыл
Жараланып ауруханаға түскен Татарстан мүфтиі Ильдус Фаизовтың көңілін сұрауға Татарстан президенті келіп тұр. Қазан, 19 шілде 2012 жыл

Журналистің сөзінше, үкімет мұндай проблемаларды бейне бір «бұрмаланған ақпарат» сияқты қабылдайды.

Ахметовтың пікірінше, мемлекеттік телеарналар мен радиолар ғана нұсқауларға бағынып, ресми ақпарат бере алады. Алайда оның қоғамға әсері шамалы. Тіпті кері әсер етуі мүмкін.

- Басқаны айтпағанда – интернет бар емес пе? Қазір ақпараттың басым бөлігі интернет арқылы таралады. Сондықта да мен үкіметтің бұл әрекетін қауіпті терактіге қарсы бюрократиялық жолмен күресіп жатқан қисынсыз әрекет деп бағалаймын, - деді Ахметов.

ДӘСТҮРШІЛДЕР МЕН ФУНДАМЕНТАЛИСТЕР

Шілденің 19-ы күнгі шабуылда Татарстан мүфтиі Илдус Фаизов жараланып, екі аяғы сынып, ауруханаға түскен. Содан бір сағат бұрын оның жақын әріптесі және мүфтидің бұрынғы орынбасары Валиулла Якуповты үйінің алдында атып өлтіріп кеткен еді.

Тізімге енгендердің барлығы да белгілі ресми діни жетекшілер, ТМДБ мен орталық мешіттің өкілдері.

Терактіден бір күннен соң полиция бір өзбек және төрт татар азаматын тұтқындады. Басқа да оншақты адамды діни көзқарасы ресми дін өкілдерінің діни ұстанымына қарсы болғандықтан қамап, тергеген.
Қастандықтан қаза тапқан Татарстан мүфтиінің бұрынғы орынбасары Валиулла Якуповты жерлеу сәті. Қазан, 20 шілде 2012 жыл
Қастандықтан қаза тапқан Татарстан мүфтиінің бұрынғы орынбасары Валиулла Якуповты жерлеу сәті. Қазан, 20 шілде 2012 жыл

Қауіпсіздік қызметкерлері бұл шабуыл Фаизовтың мұсылмандарды жыл сайын Меккеге қажылық сапарға жіберу үшін сырттан келетін мол қаржыны бақылауға алғанымен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтады.

Кейбіреулер «Фаизов пен Якупов Кремльді қолдап, ваххабизмге қарсы күрескені үшін қастандыққа ұшырады» деп санайды. Басқалар бұл шабуыл Солтүстік Кавказда ұзақ жылдар бойы қайнап жатқан исламизмнің Ресейдің солтүстігіне қарай ойысқанының белгісі болуы мүмкін деп қауіптенеді. Терактіден көп ұзамай Татарстанда фундаменталистік діни көзқарасы арқылы танымал болған Қазандағы «Құл Шәріп» мешітінің имамы Рамиль Юнусов Лондонға шығып кетті деген хабар тарады.

Осы оқиғадан соң Ресей президенті Владимир Путин «бұл оқиға Татарстан билігіне жасалған «қауіпті ескерту» деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG