Бірақ биылғы жаттығуға қатысты ең күдікті болжамдар расталмаған күннің өзінде Батыс елдерінің көкейіндегі Путин мен Лукашенконың қарым-қатынасындағы белгісіздікке байланысты қауіп әлі сейілмейді. Ресей жаттығуды бақылауға НАТО өкілдеріне ресми түрде рұқсат еткенімен, маневрлердің аз бөлігін ғана бақылауға мүмкіндік берді. Еуропадағы АҚШ құрлық әскерлерінің қолбасшысы генерал-лейтенант Бен Ходжес "Батыс-2017" жаттығуы - Беларусь жеріне аттанған Ресей әскерін немесе қару-жарағын жаттығу аяқталғаннан кейін сол жақта қалдыру арқылы НАТО-мен түйісетін шекара бөлігіндегі күштердің ара салмағын өз пайдасына өзгертуді көздеген Кремльдің қулығы, "Троян аты" болуы мүмкін деген қаупін ашық мәлімдеді. Солтүстік Атланта одағының әскери комитетінің төрағасы, чех генералы Петр Павел де үлкен алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, "мына жағдайға кешенді көзқараспен қарасақ, үлкен соғысқа ауқымды дайындық жүріп жатқанын байқап отырмыз деген қорытынды жасауға болады".
Екі апта бұрын генерал Павел Ресей бас штабының бастығы Валерий Герасимовпен кездескен болатын. Екеуі кездейсоқ қақтығыс болу қаупін азайту тақырыбын талқылаған. "Балтық аймағы мен Қара теңізде шоғырланған әскеріміз көп. Сондықтан адам факторы немесе техникалық ақау қажетсіз оқиғаға ұрындырып, онсыз да шиеленісті жағдайды одан сайын ушықтыруға ұласуы мүмкін» деген генерал Павел.
"Батыс-2017" жаттығуы қарсаңында Украина шекара әскерлерінің дайындық деңгейін күшейтті; Швеция өзінің ауқымды маневрлерін өткізді; АҚШ Литва, Латвия және Эстонияға қосымша 600 десантшы мен патрульдейтін жеті жойғыш ұшағын аттандырды.
Канададағы Альберта университетінің профессоры Дэвид Марплс әсіресе Ресеймен қарым-қатынас нашарлаған кезде Мәскеудің жаттығуды қандай пиғылмен өткізіп жатқанын ашып айтпауы Батыс елдерін күйгелектенуге мәжбүрлеп отыр дейді.
Меніңше, Минскінің Еуропа Одағына (ЕО) жарамсақтануы, мысалы, ақпанда ЕО елдері азаматтары үшін визалық режимді алып тастауы да Путинді алаңдатпай қоймайды.
– Жаттығу өте үлкен территорияда өтіп жатыр, Беларусьтің батыс аудандары оның бір бөлігі ғана. Осы жайттың өзі алаңдаушылық тудырады. Алаңдауға негіз болатын тағы бір жайт – Ресей мен Беларусь қатынастарының тұрақсыздығы. Мәселен бұл екі елдің әскери саладағы, Беларусьтің ауыл шаруашылығы өнімдерін экпорттауына, Мәскеу Минскіге сатып отырған энергияның бағасына немесе Ресей үстемдік ететін қилы құрылымдарға Минскінің қатысу дәрежесіне байланысты қарым-қатынастары құбылып тұрады. Меніңше, Минскінің Еуропа Одағына (ЕО) жарамсақтануы, мысалы, ақпанда ЕО елдері азаматтары үшін визалық режимді алып тастауы да Путинді алаңдатпай қоймайды. Лукашенконың тәуелсіздікке ұмтылған кез-келген қимылын Кремль жақтырмайды, сондықтан оның визаға қатысты шешіміне қарымта ретінде Ресей мен Беларусь арсындағы шекара режимі іле-шала күшейтілді. Сондықтан Ресей армиясының ауқымды жаттығулары Грузиямен соғыс және Қырымды оккупациялаудың алдында да өткенін ұмытпаған Батыс елдерінің мына жағдайға күйгелектену әбден заңды.
– Мәскеу мен Минскінің әскери саладағы ынтымақтастығын алсақ, мәселен сіз Ресейдің Беларусьтен Бобруйск қаласы түбінде әскери-әуе күштерін орналастыратын база салуға оқтын-оқтын рұқсат сұрап келе жатқанын, ал Беларусь оның өтінішін қабылдамай отырғанын айтасыз.
Украинадағы соғыс Ресейдің әскери есебіндегі Беларусь рөлін біраз ұлғайтты...
– Турасын айтқанда бұл - бас тарту емес, мәселені созбақтау - Лукашенко я "жоқ", я "иә" демей бұлталақтап отыр. Беларусь елінде Ресей флотының байланыс торабы қалды, бірақ саяси тұрғыдан әскери база мен байланыс торабы мүлде екі бөлек дүние екенін Лукашенко өте жақсы түсінеді. Украинадағы соғыс Ресейдің әскери есебіндегі Беларусь рөлін біраз ұлғайтты, сондықтан меніңше, Бобруйск түбінде база пайда болса, оны Симферопольмен салыстырып, Беларусьтің тәуелсіздігіне қол сұғу ретінде бағаланар еді.
– Михаил Саакашвили мен Курманбек Бакиев сияқты Кремльге ұнамсыз элементтермен Лукашенконың түк болмағандай араласуы; Киевтегі «фашистік хунтамен күрескерлердің» хорына қосылмауы, Оңтүстік Осетия мен Приднестровьені бөліп тастауды немесе Қырым аннексиясын мойындамауы Мәскеудің алдындағы оның ұпайын арттырмайды ғой?
– БҰҰ-ның Қырым мәселесі бойынша отырысында Беларусь Ресейге қарсы дауыс берген жоқ, бірақ түбектің статусы өзгергенін де ашық мойындамайды. Үкіметке қарсы акция ұйымдастырғандарды Лукашенко Путиннің тәсілімен қатаң жазалады, бірақ кейін сәл жұмсарды. Арнайы салық төлеуге міндеттейтін "арамтамақтық туралы" заңға қарсы және Беларусьтің "Ерік күніне" орай наразылық акцияларына қатысқан қарапайым тұрғындарды қамаудан барынша тез босатып әрі оларға айып таққан жоқ. 2010 жылғы президент сайлауынан кейінгі алғашқы наразылық акциялары мен сот органдарының оларға жұмсақтық танытуынан Кремль тіксініп қалды, ол одақтас ел жағдайды бақылауынан шығарып алған жоқ па деп алаңдайды. Оған ұқсамайды, бұл жерде Лукашенкоөзінің саяси болашағын ойлап Путиннің мәңгі вассалы бола алмаймын, маневр жасауға әлдебір кеңістік қажет деген ұйғарымға келді. Ал әлгі кеңістікке оның қолы Украинадағы соғыстың арқасында Еуропа мен АҚШ-тың мақұлдауымен Батыс пен Ресейдің арасында араағайын рөлін атқарып жетті.
Минск мен Брюссель өзара түсіністік тапты, яғни Лукашенко наразылық акцияларына шыққандарға азды-көпті жұмсақ қарайды, ал ЕО режимнің авторитарлық болмысына көзін мүлде жұмбаса да, "сығырайып" қарайды. Нәтижесінде Еуропа елдері салған санкцияларды алып тастағаннан кейін қамалғандар көбейді, кейбір наразыларды қамау мерзімі азайды, бірақ үкіметке қарсы әрекеттерге салынатын айыппұл мөлшері өсті. Лукашенко тепе-теңдікті осылай ұстап тұр, Ресейдің дәл қазір басқыншылық жасауына стимул жоқ - мамыр айында Путин мен Лукашенконың Санкт-Петербургтегі кездесуі сәтті өтті, қазіргі жағдайды Батыс та азды-көпті қанағат тұтып отыр.
Ал Украина мен Ресей армиялары тіпті Януковичтің кезінде мұндай жаттығу өткізбеген болатын.
– Белорустердің көпшілігі Донбасс сепаратистерін жақтайтыны, Ресейдің Қырымды қосып алғанын қолдайтыны Мәскеудің көңілін жұбатып тұр. Беларусь қоғамында Ресеймен бірлескен әскери жаттығу өткізуге қарсы наразылық онша байқалмайды. Ал Украина мен Ресей армиялары тіпті Януковичтің кезінде мұндай жаттығу өткізбеген болатын. 1990 жылдары Лукашенко Ресейдің уысында болатын, 2000 жылдары ол Путинмен жиі керісіп қалып жүрді, бірақ енді ол екі ортада бұлталақтауды үйренді. Егер ол қазір 1990 жылдардағы сияқты Мәскеуге саяси тәуелді болса, бұған қоса, 2000 жылдардағы сияқты ақша сұрап, тілемсектенсе, Ресейдің экономикасы нашарлап кеткен тұста мұндай бақайесеп Лукашенконың түбіне жетер еді.
Дэвид Марплстің айтуынша, "Еуропаның соңғы диктаторы" соңғы диктатор болмай шықты, ал мүмкін мүлде диктатор болмаған. Әйтеуір атына толық сай емес. Ол мемлекеттілік сезімі онша жетілмеген елді басқарып отыр. Канададағы Альберта университетінің профессоры Дэвид Марплс:
...Беларусь тіпті НАТО-ның мүшесі болған күннің өзінде Ресей оны НАТО қорғай алмайтындай қарқынмен тез арада басып алады.
– Сәуір айында Минскіде болдым, бірақ Ресей басқыншылығынан сескеніп отырған халықты байқамадым. Бұған қоса, белорустердің көбі Ресейдің басып кіргеніне қарсы еместігін сауалнама нәтижелерінен көрдім. Ресей басып алса екен деп құлшынып отырғандар жоқ, бірақ қоғам "басқа салды, біз көндік" деп онша қамыға қоймайтын сияқты. Қоғамның мұндай көңіл-күйі Беларусьті өте әлсіз етеді. Ал Батыс елдерін егер оппозицияның жеңісі Ресей интервенциясына ұласатын болса, Беларусь оппозициясына қандай қолдау көрсету керек деген тығырыққа тірейді. Меніңше, прагматизм жеңеді, өйткені Беларусь тіпті НАТО-ның мүшесі болған күннің өзінде Ресей оны НАТО қорғай алмайтындай қарқынмен тез арада басып алады. Сондықтан осындай пессимистік сарындағы сценарий бола қалса, тым болмаса Беларусьпен шектесетін НАТО елдері Ресей армиясы ары қарай жылжи алмайтындай нығаятын шығар деп үміттенуден өзге амал жоқ. Беларусь - 9,5 миллион халқы бар, Батыспен де Шығыспен де терең сауда-экономикалық байланысы жоқ шағын ел. Еуропа мен АҚШ Лукашенко экономикасын өз күшімен дамытып әкете алмайтынын түсінеді, бірақ олар Белаусьті Ресейден жеке ел ретінде аман алып қалған адам ретінде онымен тіл табысуды үйренді, - деп түйіндейді.
Евгений Ароновтың мақаласы орыс тілінен аударылды.