Accessibility links

ҰҚКҰ: «Қазақстанға зымыран базасын қоймаймыз»


ҰҚКҰ-ның бас хатшысы Николай Бордюжа.
ҰҚКҰ-ның бас хатшысы Николай Бордюжа.

Ресейлік БАҚ-та тараған «Мәскеудің Астрахань облысына және «қажет болған жағдайда» Қазақстан аумағына «Искандер-М» ракета комплекстерін қою туралы жоспарын» ҰҚҰК жоққа шығарады.

Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының (ҰҚКҰ) бас хатшысы Николай Бордюжа сәуірдің 1-і күні ИТАР-ТАСС агенттігіне берген сұхбатында: «Искандер-М» ракеталарын [Қазақстан мен Орталық Азия аумағына] орнатпаймыз. Не үшін орнатамыз? Бейбіт халыққа шабуыл жасау үшін бе? Негізінде «Искандер-М» Ауғанстаннан төнетін қауіп-қатерге қарсы қолданатын қару емес» деді.

Сөйте тұра Бордюжа Ауғанстанды тұрақсыздық жайлаған, экстремистік қарулы топтар шоғырланған, содырларды дайындау лагерьлері орналасқан есірткі саудасының орталығы деп сипаттады.

ҰҚКҰ – 1992 жылы құрылған, қазір Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше болып кіретін әскери-саяси одақ.

Наурыздың 28-і күні «Известия» басылымы Ресейдің қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып, алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандар сақтайтын әскери аймақ Қазақстан шекарасынан 100 километр жерде, Орынбор облысындағы Тоцкое-2 кентінде орналасатыны туралы ақпарат жариялаған.

Басылым «қажет жағдайда Қазақстан үкіметімен жасалған келісімге сай оперативтік-тактикалық зымырандарды осы елдің (Қазақстанның – ред.) территориясына орналастыруға болады. Бұл туралы ҰҚКҰ құжаттарында көрсетілген» деп жазған еді.
ҰҚКҰ-ның әскери жаттығуынан көрініс.
ҰҚКҰ-ның әскери жаттығуынан көрініс.

«Известияның» мәліметі бойынша, Ресей қорғаныс министрлігі бұл зымырандар Қазақстан, Қырғызстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Ресейді Орталық Азия аумағынан төнетін қауіптерден қорғайды деп мәлімдеген.

Азаттық тілшісі сөйлескен қазақстандық әскери мамандар мен сарапшылар бұл ақпаратты «Ресейдің Қазақстанды қорғау әрекеті» және «империялық саясаттың көрінісі» деп әртүрлі бағалаған.

Запастағы полковник Сапар Мырзаев «Ресей бұл ракеталарды Ауғанстан мен Пәкістан жақтан келетін экстремизмнен қорғану үшін орнатпақшы» деген болжам айтқан.

Ал әскери сарапшы, отставкадағы генерал-майор Еркін Мұсабаев: «Украина мен Қырымдағы жағдайдан кейін НАТО және Батыс елдері Ресеймен әскери салада ақпарат алмасып тұрудан бас тартып отыр. Қазір Ресей өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етуге мәжбүр. Сондықтан Ресей тез арада ракеталарды дайындауға шешім қабылдады» деген еді.

Саясаттанушы Дос Көшім Ресейдің өзге халықаралық қауымдастық мүшелерінің қатысуынсыз Қазақстанды қандай да бір түрде қорғау әрекетін «империялық саясат орнатуға деген кезекті талпыныс» деп түсінетінін айтқан.

Азаттық тілшісі «Известия» басылымы мен ҰҚКҰ бас хатшысының мәлімдемесіне байланысты Қазақстан қорғаныс министрлігінің пікірін білуге тырысты. Министрлік сауалға тек ресми түрде жауап беретінін айтып, хат жолдауды сұрады. Азаттық қорғаныс министрлігіне сауал жолдады, алдағы уақытта осы жайтқа байланысты оқырмандарын хабардар етіп отырмақ.
XS
SM
MD
LG