Accessibility links

Ресей музыканттары оппозиция жиынын әнмен қолдады


«Ақ альбом» («Белый альбом») жинағының мұқабасы.
«Ақ альбом» («Белый альбом») жинағының мұқабасы.
Бұған дейін орыс ақын-жазушылары мен суретшілері Мәскеудегі оппозиция жиынын қолдап, «серуен» ұйымдастырған еді. Енді бұл топқа музыканттар да қосылды.

Александр Липницкий, Артемий Троцкий, Василий Шумов бастаған бір топ музыкант оппозиция жиынына ниеттестік белгісі ретінде «Ақ альбом» («Белый альбом») атты жинақ шығарды.

Интернетте еркін таралып жатқан жинаққа 230 музыканттың әні кірген. Онда Юрий Шевчук, Вася Обломов, «ДДТ», «Крематорий», Noize MC сынды танымал топтар пен әншілер ән айтады.

– Әріптестерімнің бірі «музыканттар да қарсылық жиынына өз үлесін қосуы керек» деген ұсыныс айтқан еді. Ол жазушылар мен суретшілердің серуені сияқты бір нәрсе жасағысы келді. Бірақ серуен идеясын қайталағысы келмеді. Олай болса «Ақ альбом» неге жасамасқа деп ойладық, – дейді альбомның продюсері Василий Шумов Азаттық радиосының Орыс қызметіне.

Төрт дискіден құралған жинаққа кірген әндердің жанры (рок, панк, ВИА, поп, фольк, регги, электроника, нью-вейв, баллада, т.б) әртүрлі. Альбомда
«Ақ альбомның» продюсері Василий Шумов.
«Ақ альбомның» продюсері Василий Шумов.
«Путин, кет!», «Олар өтірік айтады», «Отанға қауіп төнді» тәрізді қоғамдық-саяси мазмұндағы әндер бар.

Альбом авторлары енді бұл әндерді mp3 форматындағы диск етіп шығару үшін интернет арқылы ақша жинап жатыр.

Василий Шумов елдегі клуб, концерт залдарын «Ақ альбом» әндеріне арналған фестиваль өткізуден қорықпауға шақырып отыр. Альбом иелері алдағы уақытта да оппозицияға қолдау білдірген басқа музыканттардың әндерін топтастырмақ ниетте.

«Ақ альбомға» кірген кейбір әндер маусымның 12-сі күні өткен «Миллиондар маршында» да айтылды. Бұл қарсылық жиынында оппозиция өкілдері күзге дейін жаппай қарсылық шарасын тоқтатынын айтып, резолюция жариялап тарасқан еді. Резолюцияда айтылған талаптардың арасында «Путин отставкаға кетсін», «жаңа заң қабылданып, парламент сайлауы сол заң бойынша өтсін», «жаңа парламент жаңа конституция қабылдап, президенттің билік ету мерзімін шектесін» деген баптар бар.

Ал Қазақстанда қоғамдық-саяси мазмұнда ән айтатын әнші-музыканттар аз. Бұған дейін репер Тәкежан мен бард әнші Жанат Есентаев Жаңаөзен ереуілі мен оқиғасын әнмен қолдаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG