Accessibility links

Заңнан тыс ел басқарудың қисыны


Людмила Улицкая.
Людмила Улицкая.

«Халық жауының» немересі әрі жазушы Людмила Улицкая Рамзан Қадыров және Ресей билігінің қазіргі сипаты туралы ойларымен бөлісті.

Ресей оппозициясы өкілдері мен азаматтық белсенділерді «сатқындар», «халық жаулары» деп атап, сотқа тартуға шақырған Шешенстан президенті төңірегіндегі шу әлі саябырлаған жоқ. Рамзан Қадыровты «Ресейді масқараладың» деп сынаған Красноярск қалалық кеңесі депутаты Константин Сенченко Шешенстанда тұратын әлдебір «сыйлы адаммен» сөйлескеннен кейін одан жария түрде кешірім сұрауға мәжбүр болды. Сенбі күні Шешенстан басшысының пікірін Грозный қаласының тағы бір саясаткері – республика парламенті төрағасы Магомед Даудов қолдады. «Грозный-информ» агенттігі жариялаған оның мәлімдемесі Қадыров пен Владимир Путинге адалдық сарынында және Ресейдегі либерал әлеуметке, журналистер мен оппозициялық саясаткерлерге қарата айтылған қоқан-лоқыға толы.

Рамзан Қадыровтың мәлімдемелері мен оның Шешенстан аумағында жүргізіп отырған саясаты Ресей конституциясына қайшы екенін көрсетіп, оның дереу отставкаға кетуін талап еткен Ресей интеллигенциясы конгресінің «Ашық Ресей» сайтында жариялаған ашық хатының үзінділерін келтіреміз:

«Азаматтардың бейбіт сипаттағы қоғамдық және саяси істермен, оның ішінде оппозициялық қызметпен еркін айналысу құқығы – адамның негізгі құқықтарының бірі. Оппозициялық қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығы бірлестіктің тіркелгеніне немесе бейресми, яғни «жүйеден тыс» тәртіппен жұмыс істегеніне қарамайды. Ресей азаматтық қоғамының бір бөлігіне федерация субъектісінің атқарушы билігі басшысы тарапынан қоқан-лоқы жасалуы - моральдық қана емес, заң тұрғысынан да жол беруге болмайтын факт».

«Демократиялық қоғамда үкіметтің экономикалық саясаттағы кемшіліктерге оппозицияның назар аударып, билікті сынауы - қалыпты жағдай. Бейбіт сипаттағы қоғамдық-саяси белсенділігі үшін «сатқындар мен қаскүнемдер» деп айыптаудан тікелей қоқан-лоқы көрсету сипаты байқалады. «Халық жауы» деп жазықсыз айыпталған миллиондаған адам СССР-дің және СССР-дің заңды мұрагері ретінде Ресей Федерациясының заң актілерімен ақталды. Бұл жүздеген мың вайнахтар сияқты репрессияға ұшыраған өзге халықтарға да қатысты. Сондықтан Ресейдің заң шығару және тарихи дәстүрінде «халық жауы» деген сөз саналы түрде қауіп төндіретін айыптау болып саналады. Оның үстіне, мұндай айыптау мен сатқындық, қаскүнемдік әрекеттерге қатысты айыптаулардың астары бір».

«Рамзан Қадыров Ресей Федерациясы заңдарын мүлде менсінбейтінін бұған дейін де талай көрсеткен. Ол басқаратын Шешен Республикасында кез келген, тіпті болмашы сын айтқан адамның өзі жазаланып, моральдық қысым ғана емес, зорлық-зомбылыққа тап болады... Рамзан Қадыров қызметінен дереу шеттетілуі тиіс».

Хатқа қол қойғандардың ішінде жазушы Людмила Улицкая да бар:

Әлгі код сөзді Қадыров айтқанымен, маған биліктің көкейінде жүрген, бірақ айтуға әлі ұялып отырған сөз Қадыровтың аузынан ерте шығып кеткендей көрінді.

Людмила Улицкая: - Ұжымдық хаттарды аса ұнатпаймын, бірақ үнемі сол хаттарға қол қойғандардың ішінен табыламын. Маған ұжымдық хат жазу тәсілі сәл ескірген, 60-жылдардың сарқыншағы сияқты көрінеді. Меніңше, әдетте мұндай хаттардың пайдасы аз. Бірақ мына жайтқа қатысты пікір білдіру қажеттігі әбден пісіп-жетілді. Хат ел басшылығына жетсе деп ойлаймыз әрине, бірақ меніңше бұл хаттың басты адресаты - «халық жаулары» деген сөзге мән бермей, назар аудармай отырған ресейліктер, ал мен оған назар аудардым. Хаттың сол ресейліктерге жеткені маңыздырақ. Сондықтан түптеп келгенде, бұл хат жоғары билікке жете ме, жоқ па – мен үшін ол маңызды емес, Ресейде талайдан бері бұлай ашық айтылмаған сөзді қоғамның қалай қабылдағаны маңызды. Әлгі хатқа қол қойған себебім, оған қол қоймай қала алмаған себебім - міне осы.

Әлгі код сөзді Қадыров айтқанымен, маған биліктің көкейінде жүрген, бірақ айтуға әлі ұялып отырған сөз Қадыровтың аузынан ерте шығып кеткендей көрінді. Өйткені Ресей билігінің кейінгі жылдардағы бүкіл әрекеті, «шетел агенттері» мен «жағымсыз ұйымдар» деп ат қойып, айдар таққан тыйымдарының бәрі осы «халық жаулары» деген бір сөздің астарында жасырынып жатыр. «Халық жауының» немересі ретінде мені бұл жайт қатты алаңдатады. Біз қазіргі Ресейдегі бірлі-жарым репрессияның жаппай құбылысқа айналуына мүлде аз қалған сәтке жақындап қалдық.

Андрей Шарый: - Ақыры жеке басыңызға қатысты жайтты қозғадыңыз, енді «халық жауының» немересі ретінде ата-әжеңіз жайлы да айтып берсеңіз. Сіз сол кісілер жайлы айтып отырсыз ғой.

Людмила Улицкая: - Иә, әрине. Таяуда ғана атам мен әжемнің хаттары негізінде үлкен әрі өзім өмірімдегі соңғы деп ойлайтын романымды жазып бітірдім. Атам Яков Улицкий - екі рет жер аударылып, бір рет -1948 жылы «Еврей антифашистік комитеті» ісі бойынша сотталған адам. Әлгі іс бойынша сотталғандардың көбін ату жазасына кескен, ал атама 10 жыл ғана беріп, өте жеңіл жаза тағайындады. Атамды өмірімде бір-ақ рет көрдім. Ол кезде 12 жаста болатынмын, әжем екеуінің хаттары, қопарған құжаттарым арқылы сол заманға қайта оралдым. Әлгі материалмен жұмыс істеп жүріп, бәрін көз алдымнан өткізгендей болдым, сондықтан кітап жазуым керек екенін түсіндім әрі оны жазып шықтым. Атам жаратылысынан интеллигент, бүкіл болмысымен мәдениетті һәм ағартушы адам болған. Оның бір мамандығы - экономист, совет демографиясы негізін қалаған жандардың бірі. Ал екінші мамандығы - музыкант. Жер аударылған жақта музыкадан сабақ берген, тіл пәндерін оқытқан, тапер (биді музыкамен сүйемелдеуші) болып жұмыс істеген. Ал кейін өмірінде сұмдық сынақтар басталып, түрмеден мүгедек болып шығып, көп ұзамай қайтыс болған. Оны хаттары арқылы ғана жақын таныдым. Екеуінің хаттары алдымнан жаңа кеңістік ашып, романға арқау болды. Хаттарды жарым-жартылай пайдаландым, өйткені бұл - шартты түрде ғана деректі проза, біздің заманымызда көркем мәтін мен деректі мәтінді ажырату өте қиын ғой.

Андрей Шарый: - Ресей билігінің көкейіндегі ойы немесе ертең айтатын сөзі Рамзан Қадыровтың аузынан жиі естіледі деп отырсыз. Жазушы ретінде сіз бұл механизмді қалай түсінесіз? Бұл Қадыровтың нені айтуды біле қоятын керемет саяси сезгіштігі ме әлде ол орталықтан қандай саяси леп соғып, қандай жарлық түсетінін күнілгері болжай ма? Бұл механизмнің сырын түсіне аласыз ба?

Бірақ іс жүзінде Рамзан Қадыровтың заңға сыймайтын басқару логикасы біздің алып мемлекетіміздің де логикасы болып отыр.

Людмила Улицкая: - Меніңше, Қадыровтың жаратылысы осындай басқаруға арналған психотип сияқты. Ол - қайткенмен шығыс менталитетінің адамы, оған белгілі бір мінез-құлық тән, ол сонымен жүреді. Біздің кейінгі 100 жылдық тарихымызда болған шығыс әміршілерінің түсінігі бойынша, уысыңдағы халықты қалауыңша билей аласың. Ал Қадыров осы логиканы ұстанады, ол өзін заңның әмірі жүрмейтін патша сезінеді, заңды ойыншық санайды. Бірақ іс жүзінде оның заңға сыймайтын басқару логикасы біздің алып мемлекетіміздің де логикасы болып отыр. Меніңше, бұл - ертеңгі жүйенің бүгінгі шағын үлгісі, Қадыров бір қадам алда келеді. Менің ойымша, дәл осы себеппен оны ешқашан қызметінен алып тастамайды, Қадыров осы жүйенің өзегі болғандықтан, оны орнынан алуға болмайды. Билік көзқарасы тұрғысынан алғанда, Қадыров бәрін дұрыс істейді, ол билік айтуға қымсынатын дүниені жайып салады.

Андрей Шарый: - Қазір Рамзан Қадыровқа қарсы тұруға тырысқан әрекеттер байқалады, оның сөздеріне ашық қарсы шығып, кейін Қадыров өкілдерінің қысымымен одан кешірім сұраған красноярлық депутат Константин Сенченконы айтып отырмын. Енді әлгі ұжымдық хатқа қол қойып, ашығын айтқанда Рамзан Қадыровқа қарсы шығып отырсыздар. Бұның зардабынан қорықпайсыз ба?

...өзім дұрыс деп санаған әрекеттерім үшін қорқып өмір сүргім келмейді.

Людмила Улицкая: - Мен жасым келіп қалған адаммын, сондықтан енді бұл ойынға енді қатысқым келмейді. Қорқыныш-үреймен өмір сүргім келмейді. Бойымда қорқыныш жоқ деп айтқым келмейді, бірақ қорқыныш жетегінде тағы кете алмаймын. Қолымнан келетін жалғыз нәрсе осы ғана. Қорқыныш - постсоветтік адамдар ғана емес, бүкіл адамзатқа тән сезім, өйткені қорқыныш - адамның аман қалуына көмектесетін тетік. Бірақ өзім дұрыс деп санаған әрекеттерім үшін қорқып өмір сүргім келмейді. Дұрыс айтасыз, мен сияқты әлгі хатқа қол қойғандардың бәрі «қатерлі аймаққа» кірді. Бірақ мен ол аймаққа баяғыда кіріп қойғанмын, сондықтан ондай жағдайға көндіккенмін.

Андрей Шарый: - Жанжал әзірше ушығып тұр. Сіздер қол қойған мына ұжымдық хат бар, «Қадыров Ресейді масқаралады» акциясы бар. Ал бір жағынан алғанда, Шешенстан билігі де қарап отырған жоқ. Қадыров пен Владимир Путинге шын берілгенін көрсететін сарында жазылған Шешен республикасы парламенті төрағасы Магомед Даудовтың хатымен таныс шығарсыз. Мәскеудегі билік жағдайға араласауы мүмкін деп ойлайсыз бе?

«Жұт» деген нәрсенің бәрін жұта беруге болмайды.

Людмила Улицкая: - Қадыровты отставкаға жібереді деп ойламаймын. Олай болмайтынына кәміл сенем, бірақ оның мәлімдемелеріне қарсы наразылық - елді аман алып қалуды көздейтін қозғалыс, елді құтқармаса да, халықтың абыройы үшін керек қозғалыс. «Жұт» деген нәрсенің бәрін жұта беруге болмайды. Кейінгі жылдары шыққан кейбір заңдар - балаларды шетел азаматтарының асырап алуына тыйым салатын «зымияндар заңынан» бастап өзге заң, қаулы, нұсқаулар легі - мүлде қисынсыз, адамшылыққа жат, мағынадан жұрдай заңдар.

Оқи отырыңыз: Путиннің Ресейді кері тартқан 10 заңы

Түптеп келгенде, қоғам мен мемлекет арасында әлдебір байланыс болуы тиіс қой! Мемлекет қоғамның мүддесіне қызмет ету үшін құрылады, қоғамға, басқарып отырған халыққа тәуелсіз тіршілік ете алмайды. Қоғамның әлдебір талап қоюы, ал биліктің жауап беруі - табиғи әрі қалыпты процесс. Мүмкін бұл механизм бір кездері Ресейде де іске қосылатын шығар!

...қоғамның талап-тілегіне орай шапшаң әрекет етіп, жауап қайтара білу қабілеті - мемлекеттің жақсы немесе жаман екенін көрсететін белгі.

25 жыл бұрын Нью-Йорк қаласына барғаным есімде жақсы қалыпты. Сол тұста АҚШ-та нашар мектепте оқиын балаларды жақсы мектепке, ал жақсы мектепте оқиындарды нашар мектепке апару керек деген ақылға сыймайтын қаулы шыққан. Өйткені «қара нәсілділер кварталдарындағы» мектептердің бәрі жаман мектеп болатын, сөйтіп бүкіл қала сары түсті автобустарға толып кеткен. Бір жылдан кейін барғанымда Нью-Йоркте әлгі автобустарды көрмедім. Сөйтсем, әлгі қаулыны орындаймыз деп жақсы мектептер одан сайын нашарлаған, ал нашар мектептер жақсармаған. Сөйтіп бір жылда әлгі қаулының күші жойылды. Мен бұл мысал арқылы мынаны айтқым келеді: жер жүзінде ақымақтық жасамайтын үкімет жоқ, әулие үкімет болмайды, әлемде ақылды үкімет те аз. Бірақ қоғамның талап-тілегіне орай шапшаң әрекет етіп, жауап қайтара білу қабілеті - мемлекеттің жақсы немесе жаман екенін көрсететін белгі. Біздің биліктің селқостығы, ширақ қимылдамайтын керенаулығы мені қайран қалдырады. Бірақ қоғам мен биліктің арасында болуы тиіс осындай ашық, аса қажет байланыс бір кездері бізде де орнайтын шығар. Қазір менде жалғыз осы кішкентай үміт қана қалды.

Андрей Шарый: - Ресейдегі проблемалардың бірінің бетін ашқан мына жағдайға қарасақ, бүкіл ел қарама-қарсы өлшемдермен өмір сүріп жатқандай көрінеді. Рамзан Қадыров пен оның достарының түсінігі мен сіз сияқты әлгі хатқа қол қойған жандардың түсінігі мүлде қабыспайды. Бір елде тұратын азаматтардың екі тобының құндылықтар жүйесі бір-бірімен үйлеспейтіні аздай, олар түрлі тарихи кезеңнің адамдарындай көрінеді. Бұл алшақтықты қалай азайтуға болады деп ойлайсыз?

Людмила Улицкая: - Өте жақсы әрі бізден басқа елдерге де қатысы бар сұрақ екен. Қазір әлемді жайлаған көп дағдарыстардың ішіндегі тереңі - ұғымдар дағдарыс. Біз «билік», «мемлекет», «сүйіспеншілік», «байланыс» деген сөздерді қилы мағынада, өзіміздің мәдени деңгейімізге қарай түсінеміз. Міне, сондықтан мәдениет пен білім – қазір жұмыс істейтін маңызды екі нәрсе деп үнемі айтып келемін. Сол кезде ұғымдардағы айырмашылық азайып, бір-бірімізді жақсырақ түсіне бастаймыз. Бұл үшін жақсы мектеп, сапалы жоғары білім сияқты қазір біз шапшаң жоғалтып жатқан дүниелер керек.

Андрей Шарый: - Істің беталысына қарағанда, бұл жанжалда әзірше Қадыров жеңіп келеді, бірақ ол оның біліміне білім, ұятына ұят қоспайтыны анық. Демек, биліктің білімімен халықпен диалогына үміт артып отыру тарихи мәнсіз шаруа болып шықпай ма?

Қысқасы, Лев Николаевич Толстой айтқандай, біз ұсақ істермен әлі ұзақ айналысатын сияқтымыз.

Людмила Улицкая: - Жоқ, олай ойламаймын. Мұндай хаттарға қол қоятындар елі үшін пайдалы істермен айналысып жүр, мысалы хосписке, балалар үйлеріне барып жұмыс істейді, ойлы мәтіндер жазады... Оның бәрі - қоғамның жанға бататын тұстары, бірақ бәріміз ертеңгі күн үшін емес, арғы күннің қамы үшін жұмыс істейміз. Тез жеңеміз, өміріміздегі қазіргі жайттар тез өзгереді деп күтудің жөні жоқ шығар. Бірақ жұрт қол қусырып отырған жоқ, мысалы 60-жылдардың диссиденті Лев Пономарев осы хатты жазды, басқалар қоғамның өзге сырқат жерлерін емдеу үшін жұмыс істеп жатыр, қазір бізде волонтерлер көп, бұлар - Ресей үшін жаңа құбылыстар... Қысқасы, Лев Николаевич Толстой айтқандай, біз ұсақ істермен әлі ұзақ айналысатын сияқтымыз.

Рамзан Қадыровтың отставкасын талап еткен хатқа қаңтардың 17-сі күні 7 мыңдай адам қол қойған. Олардың ішінде жазушылар, құқық қорғаушылар, қоғам қайраткерлері, театр режиссерлері, журналистер, кәсіпкерлер мен Ресей қалаларында тұратын әрі кәсібі мен мамандығы әр алуан адамдар бар.

Андрей Шарыйдың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG