Accessibility links

Журналист Путин режимімен «күресе беретінін» айтады


Ресейлік журналист Ольга Ли.
Ресейлік журналист Ольга Ли.

2017 жылы маусымның 27-і күні Курск қаласының Ленин аудандық соты журналист және бұрынғы депутат Ольга Лиге 90 мың рубль көлемінде айыппұл салды. «Народный журналист» газетінің бас редакторын «судья Людмила Шуроваға жала жапты» деп айыптап отыр.

Ольга Ли президент Владимир Путинге үндеу жасап, оны «өз халқына қастандық жасады» деп сынаған соң дереу істі болды. Ол Ресейдің Қырымды аннексиялағанын да айыптаған еді. 2016 жылы наурыздың басында Ольга Ли екі қылмыстық іске қатысы бар деп танылды.

Курскінің Ленин ауданы сотының судьясы Людмила Шуроваға жала жабу туралы істі (Ресей қылмыстық кодексінің 298.1-бабы 1-бөлімі) экстремизм туралы іспен біріктірді. Тергеу қызметкерлерінің айтуынша, «ВКонтакте» парақшасында құқық қорғау мекемелері мен сот қызметкерлерін сынаған Ольга Ли «билік өкілдерінің әлеуметтік тобына жеккөрініш немесе өшпенділік тудырған» (Ресей қылмыстық кодексінің 282-бабының 1-бөлімі).

Кейін экстремизмге қатысты іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, бірақ жала жабу ісі жабылмады. Дүйсенбі, маусымның 26-сы күні Курскінің Ленин ауданы соты Ольга Лиге 90 мың рубль айыппұл салды. Азаттыққа берген сұхбатында ол «үкімнің әділ сотқа еш қатысы жоқ екенін» және бұл үкімге қарсы «міндетті түрде шағым түсіретінін» айтты. «Народный журналист» газетінің бас редакторы Ольга Ли:

- Үкімді толық ойдан құрап отыр. Яғни, прокуратураның айыптау қорытындысын қайта оқи салды. Біздің дәлелдердің бәрі қабылданбады, айыптаушы тараптың куәгерлерінің түсініктемесін ғана ескерді. Әлбетте, біз бұл шешімге қарсы шағымданамыз – Еуропа сотына дейін барамыз. Мұның бәрі прокуратураның – Курск облысының бұрынғы прокуроры Филимоновтың тапсырысы деп санаймын. Біздің редакция мен журналист ретінде маған қарсы шығып, заңсыз қылықтарын жүзеге асыруға жол бермегеніміз үшін өш алып жатыр. Тапсырыс орындалды. Владимир Путинді сынаған соң оларға жол ашылды, сол үндеуден соң дереу экстремизм мен жала жабу туралы іс қозғалды. Осыдан соң өмірім қатты өзгерді, жүйкемді тоздырып жіберді. Өзімді және редакция қызметкерлерін қорғауға көп уақыт пен күш-жігер кетті. Қысымға шыдамаған қызметкерлердің біразы жұмыстан кетті, қазір газеттің тек интернет-нұсқасын шығарамыз. Газетті баспа түрінде шығаруға мүмкіндік жоқ, құрылтайшыға қарсы да қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен де интернет бетінде іс-әрекетімізді жалғастырамыз, күресуден танбаймын, - деді.

Ольга Лидің адвокаты Роман Лызлов Курск қаласының Ленин ауданы сотының үкімін «әділетсіз әрі негізсіз» деп санайды. Қорғаушы тарап журналистің айыпсыздығы туралы сотқа «дәлел ұсынған, бірақ сот оларды назарға ілмеген». Атап айтқанда, қорғаушы судья Людмила Шурованың қатысуымен өткен отырыстың бірінің аудиожазбасын ұсынды, онда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іспен таныспаған Шурова сотталушының айыпты екенін айтады.

Адвокаттың айтуынша, «Народный журналист» қызметкерлері судьяның «айыптау шешімін іспен таныспай (жазбаша материалдарды зерттемей, куәгерлер түсініктемесінсіз, полицияның баянхаттарын жарияламай тұрып) тұрып қабылдағанына» сенімді. «Народный журналист» газеті бұл туралы бұрын жазған, сол мақаладан кейін Ольга Лиді «жала жапты» деп айыптады. Адвокаттар жақын уақытта айыптаған шешімге қарсы шағым түсірмек:

- Осында, ресейлік сотқа апелляцияға береміз, Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотына дейін бармақпыз. Бұл саяси астары бар шешім. «Жала жабу» туралы іс Ольга Лидің президентке жолдаған әйгілі үндеуінен соң қозғалды. Аяқ астынан судья Шурова өзіне «жала жапты» деп ренжи қалыпты. Іс-әрекеттің жүйесіздігі көзге ұрып тұр. Экстремизм туралы бап та кенеттен пайда болды. Бағымызға орай, тергеу комитеті мен прокуратура оның негізсіз екенін түсініп, істі тоқтатты. Бірақ жала жабу туралы іс қалып тұр, - дейді Ольганың қорғаушысы Роман Лызлов.

Ольга Лиге қарсы іс қозғалғаны 2016 жылы наурыздың 24- і Курск облыстық думасы отырысында белгілі болды. Лидің айтуынша, сол отырыста оны Қырымның Ресейге қосылуын қолдамағаны үшін ашық сынаған.

Ресейлік БАҚ атап өткендей, облыстық дума депутаты болып жүргенде-ақ Ольга Ли облыстық және федералдық билікті үнемі сынап келген, бірақ президентті сынап, Украинаны қолдайтыны белгілі болғанша оған қарсы қылмыстық істер қозғалмаған. Бұрын ол мемлекеттік думаға сайлауға түсетін ойы бар екенін айтқан, бірақ қай партия атынан шығатынын мәлім етпеген еді.

2016 жылы наурыздың 4-і күні интернетке салған ролигінде Ольга Ли «Путин жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясат Ресейдің қаржы жүйесін тас-талқан еткенін және құқықтық мемлекеттің жойылғанын» айтқан. Ол президентті «өз халқына қарсы қылмыстық қастандық жасап отыр» деп айыптап, мемлекеттік телеарналарда «зорлық-зомбылық насихатталатынын» мәлімдеген. Сол роликте Ли «Путиннің Курск облысындағы рейтингін 25% деп бағалаған» еді.

Любовь Чижованың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG