Accessibility links

Нарва өзенін малтып өткен өзбек босқыны Ресейден баспана сұрады


Өзбек босқыны Рахим Собиров. Жеке мұрағаттағы сурет.
Өзбек босқыны Рахим Собиров. Жеке мұрағаттағы сурет.

Эстония билігі өз аумағынан мәжбүрлеп шығарып жіберген өзбек босқыны Рахим Собиров енді Ресейден саяси баспана сұрап отыр. Босқын шырғалаңы өзі сияқты мұсылман қауымына мүше бір топ адаммен Өзбекстаннан Қазақстанға бассауғалап барғанда басталған еді.

30 жастағы Рахим Собиров биыл қыркүйек айында Нарва өзенін автокөлік дөңгелегінің камерасымен Эстония мемлекетінің аумағына малтып өткен еді. Ол Эстония мен Ресейдің Ленинград облысының шекарасындағы өзен аңғарының тарлау тұсынан өткен сияқты. «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Өзбек қызметіне берген сұқбатында Собиров өзі малтып өткен өзеннің ені БАҚ жазып жатқандай 300 метр емес, 200 метр шамасында болғанын айтқан.

«Автокөлік жөндейтін шеберханадан баллон сатып алдым, киімімді пакетке салдым, денемде лыпам ғана қалды, содан жарты сағаттай жүзіп жағаға жеттім. Жол іздеп жүріп орманда адасып кеттім, таң атқанша сонда түнеуге тура келді. Таңғы сағат 6-7-лер кезінде орманнан шығып, сол маңда тұратын адамдарға жолығып, бір үйдің иесінен көші-қон полициясына хабарласуын өтіндім. Біраздан соң мені шекарашылар алып кетті, содан төрт күннен кейін Ресейге қайтарды», – дейді Рахим Собиров.

Эстония билігі оны ел аумағынан мәжбүрлеп шығарды. Азаттық радиосының сауалына берген жауабында эстониялық шекара қызметі Рахим Собировтың шекарадан заңсыз өткені үшін ұсталғанын, оған ақшалай айыппұл салынғанын хабарлады. Кейін Ресей билігі де оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін жазалап, екі айға абақтыға қамады. Өзбек босқыны сот жазасын өтеп шықты.

Рахим Собиров – Өзбекстанда биліктің нұсқауын екі етпейтін ресми тіркелген мешіттерге мойынсұнбайтын аз санды мұсылман қауымының мүшесі. Ол былтыр Алматыда тұтқындалған 30 өзбек босқынының бірі, Өзбекстан билігі оларды террористер деп айыптаған еді. «Азат Еуропа/Азаттық» радиосына берген сұқбатында Рахим Собиров өзіне ресейлік «Мемориал» құқық қорғау орталығы берген құжаттарды жеке басын айғақтайтын құжат ретінде пайдаланбақ ниеті барын, адвокаттың жәрдемімен өзіне Ресейден саяси баспана сұрап өтініш жазғанын айтты. Ал «Ресейден Эстонияға неліктен жүзіп өтпекші болдыңыз?» деген сауалға ол «Ресейде қалуға қорықтым» деп жауап берді. Оның айтуынша, Ресей мен Өзбекстан арасында іздеуде жүргендерді бір-біріне беру туралы келісім бар. Рахим Собиров Қазақстандағыдай жағдай қайталана ма деп қорыққанын айтты.

Рахим Собировтың әйелінің айтуынша, өз отанында діни көзқарасы үшін қудалауға түскен соң Собиров 2009 жылдың басында Өзбекстаннан Қазақстанға баспана іздеп қашып барған. Бірақ Қазақстан оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Әйелімен 2010 жылы қыстан азаматтық некеде тұрады, екеуі нәрестелі болған. 2010 жылы маусым айының басында, Қазақстанда Өзбекстаннан қашып келгендерді тұтқындау басталған кезде, өзгелермен бірге Рахим Собировты да ұстап әкетті дейді оның әйелі, Қазақстан азаматы Мөлдір Молдаханова. Сол жолы Собировты қолхат негізінде босатқан соң, ол дереу, 2010 жылы қыркүйекте Ресейге кеткен. Әйелінің айтуынша, Ресейге кетіп бара жатқанда Рахим Собиров жеке куәлігін үйіне қалдырып кеткен. Себебі, ол егер өзін жол-жөнекей құжатымен бірге ұстар болса, онда бірден Өзбекстанға жібереді деп қауіптенген.

Бұдан соң Рахим Собиров еуропалық ел саяси баспана беру туралы өтінішін көпке созбай қанағаттандырар деп үмітпен Эстонияға қашып барған. Өзімен ресми құжаты болмағандықтан ол эстон шекарасынан жасырын түрде, Нарва өзенімен малтып өтуді жөн көрген.

Ал былтыр онымен бірге Қазақстанда ұсталған 29 өзбек азаматы биыл маусым айында Өзбекстанға берілді. Оларды экстрадициялау туралы сот процесі оларды айыптау сарынында өтті деп санайды құқыққорғаушылар. Өзбекстан билігі бұл адамдарды қинап-азаптауы және өзге де құқықтарын өрескел бұзуы мүмкін деген ескертулерді Алматы соты елеусіз қалдырды. Олардың көпшілігінің ары қарайғы тағдыры беймәлім қалып отыр. Рахим Собировтың әйелі мен ұлы қазір Қазақстанда тұрып жатыр.

Азаттық радиосы осы өзбек мұсылман босқындары Алматыда ұсталған сәттен бастап олардың басындағы жағдайды бақылап келеді. Олар туралы сайтымызда жарияланған барлық материалдарды «Қазақстаннан қуылған өзбектер» атты арнайы парақшамыздан оқи аласыздар.
XS
SM
MD
LG