Accessibility links

Жаһанша Досмұхамедовтің Мәскеуде тұрған үйі


Жаһанша Досмухамедов әйелімен (оң жақта, үстіңгі қатарда) Қырымда демалған кезі.
Жаһанша Досмухамедов әйелімен (оң жақта, үстіңгі қатарда) Қырымда демалған кезі.

Мәскеулік ерікті "Алашорда" қайраткері Жаһанша Досмұхамедов тұрған үйге ескерткіш тақта қойғысы келеді. Туыстары чекистер осы үйден жартылай сал болып қалған Жаһаншаны тұтқындап әкеткенін айтады.

Мәскеуде 1930 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессияның құрбандарына арналған көрме өтіп жатыр. Көрменің бір бұрышы "Алашорда" үкіметінің Батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовке арналған.

«Алаш» партиясы

"Алаш" һәм "Алашорда"

20-ғасыр басында бір топ қазақ интеллигенті құрған "Алаш" партиясы қазақ ортасында либерализм идеяларын насихаттаған.

"Алаш" партиясы 1917-1918 жылдары қызмет етті. Тарихшылар "Алаш" автономиясы мен "Алашорда" үкіметінің құрылуын осы ұйым қызметімен байланыстырады. "Алаш" партиясы жетекшілері Ресей империясының қазақтар қоныстанған территорияларын Алаш автономиясына біріктіруді мақсат тұтқан. 1937-1938 жылдары "Алаш" партиясының жетекшілері түгелге жуық сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Тарихшы Оливьер Руа "Алашты" Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби партия деп сипаттайды.

Дерек бойынша, "Алашорда" қайраткері шамамен 1930 жылғы наурыз айынан бастап кейін тұтқынға алынып, атылған 1938 жылдың жазына дейін осы көрме өтіп жатқан ғимараттың жанында, Лестев көшесіндегі 19-үйдің 2-корпусында тұрған. Көрмені ұйымдастырушылар 1930 жылдары атылып кеткен өзге адамдармен қатар Жаһанша Досмұхамедов тұрған үйге де естелік белгі орнатқысы келеді.

"Алашорда" қайраткеріне арналған бұрыштың пайда болу тарихын Азаттық тілшісіне осы көрмені ұйымдастырушылардың бірі, Мәскеу тұрғыны Инна Дробинская айтып берді.

АРХИВТЕН ТАБЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР

Инна Дробинская ресейлік "Мемориал" құқық қорғау қоғамының "Соңғы мекенжай" жобасының еріктісі. Оның айтуынша, жобаның мақсаты – 1920-30 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессия кезінде атылған немесе лагерьде қаза болған адамдардың өмірінің соңғы кезеңінде тұрған үйлеріне естелік тақтайша орнату. Әдетте, мұндай тақтайшада адамның аты-жөні, туған жылы, кәсібі, тұтқындалған және атылған жылы көрсетіледі.

- Ерікті ретінде осындай тақтайшалар орнатуға үй иелерінен рұқсат сұрау ісімен айналыстым. Тақтайшаны орнатуға болатыны я болмайтынын үй иелері шешеді, - дейді Инна Дробинская.

Оның тұрып жатқан үйі де өткен ғасырдың 20-30 жылдары салынған. Инна Дробинская "Мемориал" қоғамының сайты арқылы өзі тұратын ауданды да зерттеп білгісі келгенін айтады. Осылайша ол өзі тұратын Хавско-Шаболовский деп аталатын тұрғын үй кешеніндегі 11 үйден 1937-1939 жылдар аралығында НКВД қызметкерлері 23 адамды ұстап әкеткенін анықтаған. Олардың бәрі атылып кеткен.

Инна Дробинская.
Инна Дробинская.

Еріктінің айтуынша, бұрынғы мекенжайлар кейін өзгеріп кеткендіктен оларды анықтау елеулі қиындық тудырған.

- 1930 жылдардағы мекенжайлардың бәрі өзгертілген. Көше аттары, үй мен пәтер нөмірлері ауысып кеткен. Мәселені шешу үшін әлі архивтен жауап күтіп жатырмыз. Әйткенмен қазіргі кезде 1930 жылдардағы үйлердің, корпустардың нөмірлерін анықтай алдық, - дейді Инна Дробинская.

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ ТҰРҒАН ҮЙ

Инна Дробинская Жаһанша Досмұхамедов тұрған үйді осындай ізденіс нәтижесінде тапқанын айтады. Ол "Авангард" орталығының жетекшісі Александра Селивановаға өз ауданындағы үйлерге естелік тақтайша орнату туралы идеясын айтқан кезде музей өкілі бірден келісіпті және жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін саяси құрбандарды еске алу күніне орайластырып көрме өткізу идеясын да ұсынған.

Мәскеудегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме. Сурет Жантас Сафуллиннің Facebook парақшасынан алынды. 2017 жылдың қазан айын.
Мәскеудегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме. Сурет Жантас Сафуллиннің Facebook парақшасынан алынды. 2017 жылдың қазан айын.

- Осылайша архивті қаза бастадық. Бес адам туралы ақпарат таптық. Екеуінің туыстары келді. Жаһанша Досмұхамедовтің әйелінің жиені Владимир Рысқұловты таптым. Ол келді. Ата-апалары туралы өте қызықты әңгіме айтып берді. Бірнеше күннен кейін үшінші адамның да немересі табыла кетті. Міне, ғажап! Сайттан баяғыда қайтыс болған адамдар туралы ақпаратты аласың, қаза бастасаң, олардың туыстарын табасың, - дейді Инна Дробинская.

Жаһанша Досмұхамедов

Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов 1886 жылы (кей деректерде 1887 жылы) бұрынғы Орал уезі Жымпиты болысында (қазіргі Батыс Қазақстан облысында) дүниеге келген. Орал әскери реалдық училищесінде оқыған. Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген.

1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Жаһанша Досмұхамедов қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, Мәскеуде өткен бүкілресейлік мұсылмандар съезінде кеңес төрағасының орынбасары болып сайланған. Уақытша үкіметтің бүкілресейлік құрылтай жиналысы туралы заң жобасын әзірлейтін мемлекеттік кеңестің мүшесі болған. Сонымен бірге ол 1917 жылы Қазақ даласында өткен жалпықазақ съездерін өткізуге атсалысқан. Алашорда үкіметінің құрамына сайланып, осы үкіметтің батыс бөлімшесін басқарған. Совет билігі орнағаннан кейін Ташкент, Қызылорда, Алматы қалаларында әртүрлі қызметтер атқарған Жаһанша Досмұхамедов 1930 жылы Мәскеуге ауысады. Сол жылдан бастап оған әртүрлі саяси айыптар тағылып, қуғынға түседі. Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов 1938 жылғы тамыздың 3-і күні Мәскеуде атылған, сүйегі Бутово елді мекеніндегі ортақ қорымға жерленген.

Мәскеулік ерікті "Алашорда" қайраткері Жаһанша Досмұхамедовке арналған көрме өткізу үшін Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне ақпараттық көмек сұрап оннан астам хат жібергенін айтады. Бірақ ешкімнен жауап келмеген. Екі айдан соң Facebook әлеуметтік желісіндегі "Алашорда" тобын тауып, солардан көмек сұраған. Осыдан кейін көп ұзамай Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты ауылындағы Жаһанша Досмұхамедов музейінің өкілі Айнагүл Ойшыбаевадан жауап келген. Ол Инна Дробинскаяға "Алашорда" үкіметі мен оның көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедов туралы бірсыпыра дерек жіберген.

Дробинская қазіргі кезде Жаһанша Досмұхамедовтің тұрған үйі мен корпусының нөмірін білгенімен, пәтері қайсысы екенін әлі анықтай алмапты. Соған байланысты архивтен жауап күтіп отырғанын айтады. Оның сөзінше, ендігі мақсаты – "Алаш" қайраткері тұрған үйге тақтайша орнату.

- Тұрғындардан қол жинауға тырыстым. Бірнеше адам қатты қарсы болды. Ол үйден бас тартқаныммен, идеядан бас тартқаным жоқ. Егер рұқсат берсе, тым болмағанда көрші үйлерге орнатуға болады. Сонымен айналысам, - дейді Инна Дробинская.

"ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ СЫЙЛАҒАН ПӘТЕР"

Жаһанша Досмұхамедовтің әйелінің жиені әрі совет мемлекетінің қайраткері Тұрар Рысқұловтың ұрпағы Владимир Рысқұлов Мәскеудегі Лестев көшесіндегі үйдегі екі бөлмелі пәтерді жақсы біледі екен. Бала күнінен апасы – Жаһанша Досмұхамедовтің әйелі Ольга Пушкареваға жиі барып жүріпті. "Тіпті емтиханды да сол үйде жүріп тапсырдым" дейді ол.

Жаһанша Досмұхамедов пен Тұрар Рысқұлов апалы-сіңлілі Ольга және Надежда Пушкареваларға үйленгені тарихтан белгілі. Деректерге сүйенсек, 1930 жылы Тұрар Рысқұловтың көмегімен Жаһанша Досмұхамедов Мәскеуге келіп, "Скотовод" қоғамына экономист болып жұмысқа тұрған.

Владимир Рысқұловтың айтуынша, Лестев көшесіндегі әлгі үйді әу баста Тұрар Рысқұлов әйелі Надежда Пушкареваға сыйлаған. Кейін Жаһанша Досмұхамедов дәл осы үйде тұрып жатқан кезде, 1930 жылғы қазанның 30-ы күні қамауға алынып, бес жылға концлагерьге жіберіледі. Кейін сот үкімі алмастырылып, Жаһанша Ресейдің орталық қаратопырақ аймағындағы Воронеж қаласына бес жылға жер аударылады. Айдаудан келгеннен кейін 1935 жылы Жаһанша Досмұхамедов қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударумен айналысқан.

Владимир Рысқұловтың айтуынша, өмірінің соңғы жылдары Жаһанша Досмұхамедов инсульт алып, денесінің бір бөлігі жансызданып қалған.

Оны тұтқындауға келгенде қозғала алмайтынын көріп, тиіспеген. Кейін жартылай жазылып, театрға барған кезде оны көріп қалған қазақтардың біреуі сатып жіберген. Чекистер дереу үйіне келіп тұтқындап алып кеткен.

- Оны тұтқындауға келгенде қозғала алмайтынын көріп, тиіспеген. Кейін жартылай жазылып, театрға барған кезде оны көріп қалған қазақтардың біреуі сатып жіберген. Чекистер дереу үйіне келіп тұтқындап алып кеткен. Анкетада оның жартылай сал екені айтылса керек, оны үйден зембілге салып әкеткен, - дейді Владимир Рысқұлов.

Владимир Рысқұловтың айтуынша, 1938 жылы Жаһанша атылып кеткеннен кейін әлгі үйдегі пәтерде оның әйелі Ольга Пушкарева 1980 жылдарға дейін тұрған. Кейін пәтер сатылып кеткен. Бес қабатты үйде орналасқан екі бөлмелі пәтерді Владимир Рысқұлов былайша сипаттайды:

- Людовик XIV дәуірінің стиліндегі жиһаздар болды. Бөлмеде Қазақстаннан келген заттар көп болатын: кілемдер, вазалар, кеселер. Айтпақшы, кесемен шай ішуді мен сол үйде жүріп үйренгем. Үнемі Батыс Қазақстаннан туыстар, таныстар үзілмейтін. Қазақстаннан сәлем-сауқаттар келіп тұрды. Әлі есімде, бір күні ет толы қорап жіберіпті. Пәтерде суды жылыту үшін газ жылытқыш болған. Кәдімгідей газ жанып жатады да, суды жылытады. Кейіннен үйде тұтастай жөндеу жұмыстары жасалды. Тек қабырғалары ғана қалды. Ішін тұтастай өзгертіп жіберді, - дейді Владимир Рысқұлов.

Мәскеудегі Шаболовка галереясында ашылған саяси репрессия құрбандарына арналған көрмені Авангард орталығы, "Мемориал" қауымдастығы, Ресейдің өнер және әдебиет жөніндегі мемлекеттік архиві ұйымдастырып отыр. Көрме 2018 жылғы қаңтарға дейін жалғасады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG