АЛАШТЫҢ МҰРАТЫ - ЖЕРДІ ҚАЗАҚТЫҢ ИЕЛІГІНДЕ ҚАЛДЫРУ БОЛДЫ
1917 жылғы шілденің 21-і қазақ тарихындағы айрықша күн. Бұл күні тек қана алғаш рет жалпықазақ съезі ашылып, қазақ мәселесін тұңғыш рет заманауи саяси деңгейде қазақ зиялылары көтеріп қана қойған жоқ, сондай-ақ, бұл сьезде «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарылды.
Тарихшы, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді бірінші жалпықазақ съезінің құжаттық хаттамасы сақталмағанын айтады. Бірақ ең маңызды мәселелер ретінде мемлекет басқару түрлері, автономия, жер туралы, оқу-ағарту, әйел теңдігі сияқты өзекті мәселелер талқыға түскен. Алайда, съезде көтерілген жер мәселесі бүгінгі таңда да қазақ ұлты үшін өзектілігін жойған жоқ.
Ал, съездің шешіміндегі жер мәселесі жөнінде тарихшы Мәмбет Қойгелді мынандай дерек айтты:
«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 31 шілде күнгі санында жарияланған съездің қаулысында қазақ халқы өзіне еншілі жерге орналасып болғанша, жер ешкімге берілмесін деді. Және қазақ даласында жарамды жер аз болғандықтан, қазақ пайдасынан дворяндық, мал өсіру, сауда-өнеркәсіп, курорт, монастырь үшін деп алынған жерлер түгелдей қазақтардың өздеріне қайтарылып берілсін деді».
Съезге дейін «Қазақ» газетінде алда құрылатын қазақтың тұңғыш саяси партиясы туралы мақалалар жарық көріп, халыққа түсінік берілген. Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, сол тұста «Қазақ» газетінде жарық көрген Міржақып Дулатұлының бір мақаласында партия туралы былай деген: «Ресейде неше түрлі партия бар. Бірақ ешқайсысының бағдарламасы қазақ ұлтының мұрат-мүддесіне сай келмейді».
Тарихшы Мәмбет Қойгелді сол кезеңнің өзінде ұлт зиялылары Қазақстанда құрылуы тиіс кез келген саяси партияның түп негізінде ұлттық мүдде мен ұлттық талап-тілек жатуы міндетті екенін білген әрі мұны басы ашық мәселе ретінде қарастырған дейді.
АЗАТТЫҚ ПЕН АВТОНОМИЯ АРАСЫ
Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, 1913 жылы Бақытжан Қаратаев, Райымжан Мәрсеков, Жаһанша Сейдалин сияқты ұлт зиялылары жалпықазақ съезін шақыру, ұлттық партия құру туралы әңгіме көтерген. Алайда, бұл әңгімеге Алашорданың көшбасшысы Әлихан Бөкейхан, «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы тоқтау айтып «Қазақ» газетінде мақала жазған.
«Ол кезде патшалық Ресейдің заңы бойынша, Мемлекеттік Думаға депутат партияның атынан түсетін болған. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сол кездегі патшалық жүйе жағдайында және сол тұстағы саяси тәртіп жағдайында жалпықазақ съезін шақырып, онда саяси партия құру туралы бастама көтеру қателік болатынын, оның соңы патша өкіметі тарапынан репрессияға ұласатынын жақсы білді. Сондықтан да, Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде жарық көрген мақаласында былай деді: ««Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген қазақтың сөзі бар. Сенің әрбір қадамыңды, әр сөзіңді аңдып отырған билік бар. Жарайды, сендер жалпықазақ съезін шақырасыңдар, онда саясат туралы сөз болмай қоймайды. Соның бәрі биліктің құлағына жетсе, сендердің әрқайсыңды жүргізбейді. Сондықтан бұл әңгімені қоя тұрыңдар. Уақыты келгенде көрерміз» деген. Шынында, Бақытжан Қаратаев, Райымжан Мәрсеков, Жаһанша Сейдалиндердің ұстаған бағытының стратегиялық және тактикалық тұрғыдан дұрыс еместігін уақыт көрсетті», - дейді Мәмбет Қойгелді.
Жалпықазақ съезін шақыру және онда саяси партия құру туралы мәселе қарау туралы сол тұстағы бастама алаш зиялыларының арасында үлкен әңгімеге арқау болған. Зиялылар бұл мәселеге қатысты өз ұстанымдары мен көзқарастарын «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің бетінде мақала арқылы айтқан.
Ал, 1917 жылы 21 шілдеден 26 шілдеге дейін бес күнге ұласқан І жалпықазақ съезінде автономия алу мен бірден тәуелсіздік жариялау туралы әңгіме де Алаш зиялылары арасында қызу пікірталас тудырған. Съезде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов Қазақ Республикасы толық тәуелсіздігін жариялау керек деген талап қойған.
Алайда бұған Әлихан Бөкейханов көнбеген. Мұны «Алашорда» деректі фильмі сценарийінің авторы Болат Мүрсәлім айтып отыр. Ал, тарихшы Мәмбет Қойгелді Әлихан Бөкейханның бұл талапқа қарсы айтқан дәйегін келтірді:
«Әлихан Бөкейхан сол тұстағы қоғамдық-саяси ахуалды өте терең әрі жақсы түсінген. Әлекең былай деді: «Қазақ жерінде қоныс аударушы орыс шаруалары мен орыс казактарының саны басым әрі олардың қолында қару бар. Және билік те солардың жағында. Біз әуелі оларды ішке тартып, «біз сендерді ешқайда қумаймыз, сендерге жаулығымыз жоқ, бірігіп мемлекет құрайық, бірлесіп әрекет етейік» деп оларға түсіндірейік. Сосын барып, тәуелсіздікті жариялайық» деген. Әлихан Бөкейхан ұстанымы дұрыс болатын».
Сөйтіп, құрылтайға дейін елді басқаруға алған уақытша өкіметтің тұсында бүкіл мемлекеттің формасы федерация болады деген әңгіме гулеп тұрған кезде құрылтайға қазақ халқы өзінің жеке партиясымен қатысып, сол партияның атынан автономия сұрау қажет болды. Осылайша, «Алаш» партиясы құрылды. Ал, тарихшы Мәмбет Қойгелді «Алаш» сол кездегі еуропалық үлгідегі ұлттық демократиялық партия болған. Партияның басты құжаты саналатын бағдарламасының өзі сол тұста батыстағы кез келген партияның бағдарламасынан кем болмаған.
ТӘУЕЛСІЗДІК ҺӘМ АЛАШ ИДЕЯСЫ
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлттық мүддені көздеген, талап-тілектері тек қана ұлттың мұрат-мақсаттарына негізделген Алаш идеясы жүзеге аспады деген пікір қоғамда аракідік айтылады.
«Алаш зиялылары еуропалық саяси мәдениетті ұстанған әрі Еуропаның өркениетті дәстүрлеріне бой ұрған. Алайда, бүгінгі Қазақстан Ресейдің 300 жылдық отарының санаға сіңген құлдық психологиясынан әлі де ажырай алмай келеді. Алаш зиялылары сөз бостандығының болуын, барлық саяси-қоғамдық мәселелер демократиялық жолмен шешілуін қарастырды. Бүгінгі күні саяси мәселерде, кез келген мәселені қазақтық негізде қарастыруда алаш идеясы, олардың мақсат-мұраттары жүзеге асқан жоқ», - дейді Болат Мүрсәлім.
Алаш зиялыларының дені 1937-38 жылғы сталиндік репрессия кезінде халық жауы деген айыппен атылды.