Accessibility links

Мұстафа Шоқай тұлғасы әлі де толық әрі терең зерттеліп болған жоқ


Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Мұстафа Шоқай
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Мұстафа Шоқай

1941 жылы эмиграцияда жұмбақ жағдайда қайтыс болған Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың туғанына қаңтардың 7-де 119 жыл толды. Ұлт мұраты үшін күрескен, қазақ халқы ғана емес, түркі халықтарының бірлігі мен ынтымағын аңсаған, Түркістан идеясының авторы Мұстафа Шоқайды толығымен тани алдық па?

Мұстафа Шоқай 1890 жылы қаңтардың 7-сі күні Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария округіндегі Наршоқы ауылында дүниеге келген. Тарихшылар Мұстафа Шоқайдың атасы Торғай Датқа Қуатбайұлы ел арасында атақты би болған деседі.

Мұстафа Шоқай қазақ тарихында саяси қайраткер, түркі халықтарының біртұтас идеясының авторы және сол үшін күресуші ретінде аты қалды. Ол Кеңес Үкіметі кезінде халық жауы атанып, қуғынға ұшыраған, күні кеше ғана есімдері ақталып, халқына оралған Алаш қайраткерлерінің бірі. Кеңес Үкіметі тұсында Мұстафа Шоқай есімін атау қылмыспен пара-пар болды дейді М.Шоқай өмірін зерттеп, көркем фильм түсірген режиссер Сатыбалды Нарымбетов.
"Мұстафа Шоқай" фильмінің түсірілу сәті. Прага, тамыз, 2006 жыл.


- Мұстафа Шоқай бейнесі ұзақ жылдар бойы тарих күлінің астынды көміліп келді. Қазақ интеллигенциясын, қазақтың атпал азаматтарын Голощекин бір қырса, оның алдындағы жүйе бір қырды. Қазір жаһандану деген шықты. Мен зерттеу барысында байқағаным, М.Шоқай сол өткен ғасырдың 17-18-ші жылдары-ақ жаһанданудың келе жатқанын біліп, жасыл тудың астына бүткіл түркі тектес халықтарды жинағысы келген. Өкінішке қарай, ол Түркістан мемлекеті 62-ақ күн өмір сүрді де, ұлы арман іске аспай қалды. Шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Әйтсе де, ол күресті шетелде жүргенде де тоқтатқан жоқ. Парижде жүрген кезде ол «Яш Түркістан» журналын шығарды.

Мұстафа Шоқай өмірін көп жылдардан бері зерттеп келе жатқан ғалым, Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қарадан қайраткердің көпшілік біле бермейтін тұлғалық ерекшеліктері жөнінде сұрап едік.

- Мен өзім зерттеулерде бейтарап болуға, М.Шоқайды жан-жақты көрсетуге тырыстым. Дегенмен «бұл кісінің олқылықтары, кемшіліктері жоқ па» деп, өзім зерттеулер барысында бұл жағына да салмақ салып іздедім. Бірақ зерттеуші ретінде, өкінішке орай деймін, ондай мәліметтер таба алмадым. Бірақ ұлтымның перзенті ретінде, қуанышқа орай деймін, М.Шоқайдан бір кемшілік те таба алмадым. Адамгершілік жағынан ешқандай кемшілік жоқ. Былайша айтқанда, М.Шоқай – түркі мұсылман халықтарының асыл қасиеттерін бойына сіңірген ұлы тұлға. Онымен қалай мақтансақ та болады.

Ғалымның айтуынша, Мұстафа Шоқай бейнесін 21-ші ғасыр биігінен қарап отырып та әлі толығымен тани алған жоқпыз.

- Біз қазір М.Шоқайдың бейнесін ашып қана отырмыз. Өйткені, бұл туралы зерттеулер әлі толығымен зерттелген жоқ. Және де бұнымен аздаған адам айналысып келеді. Бұл кісі басқа Алаш қайраткерлеріне қарағанда көп жұмысты қажет етеді. Себебі, бұл кісі шетелге кеткен. Францияда болған. Деректер жан-жақта шашылып жатыр. Сонан кейін олардың көбісі әр тілде. Атап айтсақ, француз, ағылшын, неміс. Онан кейін «Яш Түркістанның» өзі бір бөлек. Оны өздері шағатай тілі дейді.Сондықтан бұларды зерттеу үшін аз емес, көп адам керек. Әсіресе, менің айтарым, «Яш Түркістанды» жақсы зерттеуіміз керек. «Яш Түркістанда» М.Шоқайдың тек таңдамалы мақалалары ғана аударылған.

Қазақстанда М.Шоқай бейнесін көпшілікке экран арқылы танытуды мақсұт тұтқан мамандар жоқ емес. 2008 жылы «Мұстафа Шоқай» фильмінің премьерасы өтті. Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың айтуынша, фильмнің басты мақсаты - М.Шоқайды қоғамда қалыптасып қалған, жаттанды образынан аршып, ұлт мұратын көксеуші қайраткер ретінде таныту болыпты.

- Қағазға жазып елестету бір бар да, өндіріске әкеліп, соны түсіру процесі бір басқа. Көп ойларым қаражатқа байланысты іске аспай қалды. Бірақ, ең бастысы Мұстафа Шоқай бейнесін өзіміздің ұрпаққа таныстыру мақсатым орындалды деп айта алам.

«Қазақфильм» киностудиясы жақында ғана 40 минуттық Алашорда туралы деректі фильмінің монтажын аяқтапты. Дегенмен Мұстафа Шоқайдың өмір дерегіне қатысты көп мәліметтер айтылмайды, себебі, М.Шоқайдың қайраткерлік бейнесі жеке деректі фильмді қажет етеді дейді фильмнің сценарисі, журналист Болат Мүрсәлім.

- Басында Мұстафа мен Әлиханды кезіктіріп, Қоқан автономиясы мен Алашорда Үкіметінің қарым-қатынасы жөнінде дүние жасау ойымызда болған. Деректі фильмнің бюджеті де, көлемі де көтермейді. Айналдырған 40 минуттың ішіне екі автономияның қызметін қатар сыйғызып, алып жүру мүмкін болмады.
"Мұстафа Шоқай" фильмінің тұсау кесері 2008 жылы Қазақстанда өтті.


Мұстафа Шоқайдың бейнесі көптеген ғалым, мамандардың айтуынша, ол туралы түсірілген фильмдерде анық ашылмаған. Ал Болат Мүрсәлімнің ойынша мұндай кемшілік тіпті тарихи зерттеулерде де кездеседі.

- Фильмдердегі басты кемшілік, сондай ақ, тарихшылардың еңбектеріндегі басты кемшілік – М.Шоқайдың 17-ші жылғы Қоқан автономиясын құру кезіндегі күресі мен кейінгі Еуропадағы эмиграциядағы күресі екеуінің айырмашылығын ашып бере алмайды. Мұны тек қана Мәмбет Қойгелдиевтың еңбектерінен ғана оқуға болады. Шоқай 17-ші жылғы құрғысы келген автономия ол Ресейдің құрамындағы автономия еді. Кейінгі тұтас Түркістан идеясы - Кеңес Үкіметі Түркістан халықтарына бостандық әпермейтініне көзі жетккеннен кейінгі тәуелсіздік жолындағы күрес еді. Бірінші күресте автономия деңгейіндегі бірлікті айтса, екінші жолғы күресте мүлде тәуелсіздік жолындағы күрес болды.

Мұстафа Шоқай 1941 жылы желтоқсан айында Берлиндегі бір ауруханада 51 жасында, жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Оған біреу у беріп, улап өлтірді деген де болжам бар. Кейбір тарихшылардың айтуынша, Мұстафа Шоқай сүзек дертінен көз жұмған

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG