Николай Лосев бірнеше жыл қатарынан Ресейде көп өтетін әскери-патриоттық шараларды суретке түсірумен айналысқан. Әдетте мұндай акциялар балаларға арнап ұйымдастырылады: олар нысананы көздеп атып, Калашников автоматын жинаудан жарысып, ағаштан тұрғызылған Рейхстагқа шабуылдайды. Cоғысқа дейін Ресейдің әскери шараларын тарихта қалдыруға үлес қосып келген фотограф соғыс басталғанда Ресейден Қазақстанға көшкен.
Пётр Троценко: Ресейден кету керек деген ой қашан келді?
Николай Лосев: Бірден келді. 24 ақпаннан кейін Ресей билігі қос мемлекетті: Украинаны – қарумен, Ресейді – көрші мемлекетке басып кіруімен өлтіріп жатқаны белгілі болды. Жағдайды саралап, мемлекеттің әрекетін қолдамайтынымды түсіндім. Бала күнімде Жюль Верн мен Стругацкийді оқығанда XXI ғасырдан басқа болашақ күтетінмін. Бірақ армандарымның орнына ХХ ғасырдың классикалық соғысы келді. Жағдайды ойша саралаудың екінші кезеңінде жеке өзім үшін соғыстың салдары қандай болатынын бағаладым. Өз пікірімді айта аламын, бірақ ол үшін жауап беруге тура келеді. Түрмеге отырғым келмейді, өйткені әлеуметтік міндеттерім бар.
Бұл наразылықта жалғыз екенімді түсіндім. 2014 жылы соғысқа қарсы бірінші митингіге барғанымда (2014 жылы Ресей Украинаның оңтүстік-шығысында соғыс бастап, Қырымды тартып алды), 100 адам және үш мың полицей жиналды. Полицейлерге наразыларға күш қолдану немесе ұстап әкету туралы бұйрық берілмегендіктен, олар плакат ұстаған адамдардың әрекетін жай ғана сырттай бақылап тұрды. Бірақ сол кезде наразылыққа оппозиционер Алексей Навальныйды қолдауға шыққан 20 мың адам қатысқанда, бұл күрестің сәл де болса маңызы артар еді. Ал онсыз бұл күресте өзіңді жалғыз сезінесің.
Пётр Троценко: Петербургтен Алматыға көлікпен келіпсіз. Неге Қазақстанды таңдадыңыз?
Николай Лосев: Басында Армения мен Қазақстан арасында таңдау болды. Біз қос мемлекетке де барып көрмегенбіз. Бір артықшылығы, Қазақстанға құрлық шекара ашық, көлікпен жетуге болады. Жолда көлікпен шыққанымызға біраз өкіндік, өйткені көлігіміз бұзылып, Алматыға екі апта дегенде әзер жеттік.
Бізге жаңа ортаға тезірек сіңісіп кету маңызды болды. Өйткені Петербургке жақын Финляндияға көшу қиын. Негізгі табыс көзім – фотография емес, IT саласы. Ал Финляндияға жұмыс визам жоқ. Ресейдің IT мамандары Армения мен Грузияға ағылды. Көбі Қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстанға баруға қорықты. Қаңтар оқиғалары туралы ештеңе айта алмаймын, өйткені елдегі саяси жағдайды жақсы білмеймін. Бірақ бұл оқиға аяқталғанын, қазір жалғасып жатпағанын, Қазақстан бұрынғыдай қауіпсіз мемлекет екенін білемін.
Соғыстың жүзінші күні Ресейден көшіп кеттік. Жолай соғыс белгілеріне айналған – Z және V әріптерін көрдім. Жүк көліктерінің сыртына, Сызрань және Орынбор сияқты қалаларға осы белгілер көп жапсырылыпты. Көшелер мен киімдерде қаптаған соғыс символы. Петербургте соғыс белгілері жиі кездесе бермейді, ал Сызрань немесе Орынбор сияқты қалаларда аттап бассаң, осы символдарды көресің. Бірақ билік іліп жатқан символдар аса маңызды емес, адамдардың үстіне не киіп, көлігінің сыртына қандай белгілер жапсырып жүргенін қарау керек.
Пётр Троценко: Ресейдің пропагандаға жұмыс істейтін басылымдарын оқыған болсаңыз, Қазақстандағы русофобия, "тіл патрулі", "ұлтшылдықтың өршуі" сияқты ақпараттарды көрген боларсыз? Бұл туралы не ойлайсыз?
Николай Лосев: Иә, көрдім. Бірақ қазір ресейліктерді кім жақсы көреді дейсің? 2014 жылдан кейін Украинаға барып келгенімде, адамдар "Бандерашыларды көрдің бе? Қорықпадың ба?" деп шын ниетімен сұрағаны есімде. Украинада бандеровшыларды, Қазақстанда националистерді көрген жоқпын. Кез келген қоғамда ұлтшыл азаматтар болады, бірақ дені сау ортада бұл мейнстримге айналып кетпейді. Олар үнемі өз алдына өмір сүре береді. Туберкулез деген ауру бар, бірақ адам одан өлмейді, сырқатымен өмір сүре береді. Национализм де – қоғам дерті, бірақ онымен өмір сүруге болады. Бірақ ол мемлекеттік саясатқа айналып кетсе, ел құрдымға кетеді. Мұны Ресейге қарап-ақ түсінуге болады.
Пётр Троценко: Ресейде ұлтшылдық өршіп тұр деп ойлайсыз ба?
Николай Лосев: Ресейде Орталық Азиядан келгендерді қалай атайды? Мұны жариялауға бола ма, білмеймін, бірақ бұл сөз "ч" әрпінен басталады. Өкінішке қарай, Ресейде национализм бар, бірақ бұрын ол тек тұрмыстық деңгейде болса, қазір мемлекеттік деңгейге өтті. Мемлекет ұлтшылдықты ашық түрде қолдамайды, бірақ орыс шерулеріне тыйым салмайды. Интернетте Рогозиннің шеруде түскен суреттері жүр (2007 жылы "Роскосмостың" қазіргі басшысы, бұрын Мемлекеттік думаның депутаты болған Дмитрий Рогозин орыс ұлтшылдарының шеруінде Гитлердің жақтастары сияқты қолын алдына көтеріп, нацистердің ишарасын жасаған. – Ред.).
Пётр Троценко: Біраз жыл балаларды шеруге шығарып, автомат жинаудан жарыстырып, минадан қорғануды үйрететін әскери-патриоттық шараларды түсірумен айналыстыңыз. Бұл шаралар ештеңеден хабар бермеді ме?
Николай Лосев: Ол кезде әскери-патриоттық шаралар ішкі тұтынуға арналған өнім сияқты көрінетін. Бұл шаралардың біртіндеп ресейліктердің санасын улап жатқанын ешкім түсінген жоқ. Совет одағында "СССР – әлемдегі ең бейбіт ел, біз агрессивті соғысқа қарсымыз, бірақ жау келсе, тас-талқан етіп жеңеміз" деген ұран болатын. Қазір ше? "Ресей жау ортасында қалды, НАТО бізге шабуыл жасағысы келеді" деп түсіндіріп жатыр. Адамдардан "Шынымен НАТО бізге шабуыл жасағысы келеді деп ойлайсыңдар ма?" деп сұрадым. Олар McDonald's бар, кез келген ресурсты нарық бағасымен сататын елге шабуылдап қайтсін?
Пётр Троценко: Ресейдің Украинадағы басқыншылық әрекетінен кейін көп достарыңызбен байланысыңыз үзілген шығар?
Николай Лосев: Ортам соғыстан бұрын жаңарған. Өйткені соғыс 24 ақпанда басталғанымен, Путин бұрыннан келе жатыр. Бәрі "Курскіден" басталды, одан кейін Путиннің қандай адам екені және елге не істей алатынына қатысты күмәнім қалған жоқ. Тек елдің құрдымға кету деңгейі сәл жоғары еді. Біраз танысыммен 2014 жылдан кейін, кей достарыммен 24 ақпаннан кейін араласпай қалдым.
Пётр Троценко: Туыстарыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?
Николай Лосев: Анам – 80 жаста, сондықтан онымен саясат тақырыбында сөз таластырудан пайда жоқ деп ойлаймын. Біз онсыз да саясат тақырыбында сөйлеспейміз, өз шаруаларымыз туралы ғана әңгімелесеміз. Осындай тұлға болып қалыптасқаным үшін анама алғысым шексіз. Бәрі – анамның арқасы.Ал саналы түрде қазіргі билікті жақтап отырған адамдарға таңғаламын. Әсіресе, жақсы қызметі бар, Еуропада болған, бәрін көрген адамдардың режимді неге қолдайтынын түсінбеймін.
Пётр Троценко: Ресейдің болашағы қандай болады деп ойлайсыз? Туған жеріңізге оралғыңыз келе ме?
Николай Лосев: Жоқ, оралғым келмейді. Мемлекеттің түгі қалған жоқ. Украина мемлекеттілігін жанын салып қорғап қалады. Ал Ресей саяси, экономикалық, мәдени тұрғыдан құрдымға кетті. Күні ертең ғажайып болып, Путин өліп, Навальный түрмеден шығып, тәуелсіз президент сайлауында жеңіске жетсе де, жақсы биліктің өзімен Ресейді қалпына келтіруге ұзақ жылдар кетеді. Жасым – 45-те, қалған өмірімді тағы да қираған мемлекетті қайта құруға жұмсағым келмейді. 90-жылдары тым құрығанда, коммунизмді жеңдік, енді әлемдік қауымдастықпен етене жақын араласамыз, бәрі жақсы болады деген үмітпен жүрдік. Бірақ үмітіміздің соңы қайда әкеліп соққанын көріп отырмыз. Ресейде көп адам Совет одағын аңсап, "Сондай мемлекетті сақтап қала алмадық" деп айтады. Ештеңе етпейді, сендер тағы бір мемлекетті сақтап қала алмадыңдар.
Пессимистік емес, орташа сценарийді қарастырсақ, елдің қалпына келуіне он жыл кетеді. Пессимизм қоссақ, 15-20 жыл. Қазір 45 жастамын, мен үшін 15-20 жыл деген не? Бұл – еңбек етуге күшім жететін, белсенді өмір. 10 жылдан кейін олар тағы да демократияны құлатып, екінші Путинді әкелсе қайтемін? Ел тағы жүз жылдық құрсауға түседі. Бұл процеске қатысудың қажеті қанша? Рахмет, бір рет Ресейдің тарихи мүмкіндігін жіберіп алғанын көрдім, бұл көрініске екінші рет куә болғым келмейді.
ПІКІРЛЕР