Accessibility links

Путин Covid вакцинасын жасадық дейді. Мамандар күмән келтіреді


Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология институты жасаған коронавирусқа қарсы вакцина үлгісі. Мәскеу, 6 тамыз, 2020 жыл. 
Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология институты жасаған коронавирусқа қарсы вакцина үлгісі. Мәскеу, 6 тамыз, 2020 жыл. 

Ресей президенті Владимир Путин өз елінің Covid-ке қарсы алғашқы вакцинаны шығарғанын мәлімдеді. Алайда, ақпараттың аздығы, сынақтың толық аяқталмауы және халықаралық мониторингтің жоқтығы бұл жаңалыққа күмәнді күшейтіп отыр.

Ресей Covid-19 дертіне қарсы вакцина шығарған алғашқы ел болды, билік қазан айынан бастап халыққа жаппай екпе жасамақ. Бұл жаңалықты 11 тамыздағы үкіметтің онлайн отырысында Владимир Путиннің өзі хабарлады. Ресей президенті осы екпені өз қызына салғанын, вакцинаның еш жағымсыз әсері болмағанын айтты.

– Ең бастысы, болашақта бұл вакцинаны қолданудың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуіміз керек, – деді Путин.

Алайда денсаулық сақтау саласындағы халықаралық сарапшылардың айтуынша, Ресей вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне көз жеткізудегі ең басты кезеңдердің бірі саналатын сынақтың соңғы клиникалық кезеңін өткізбеген. Сонымен бірге сарапшылар коронавирусқа қарсы вакцина жолындағы әлемдік жарыста озамыз деп Ресей сынақты асығысып өткізіп жіберді деп санайды.

Ресейде вакцина қалай жасалды, ол неге дауға айналды, Ресей зерттеушілері Нобель сыйлығынан үміт ете ала ма?

ВАКЦИНАНЫ КІМ ЖАСАДЫ?

Ресейде вакцина ұлттық эпидемиология және микробиология орталығы – Николай Гамалея атындағы институттың қадағалауымен, мемлекеттің қаржыландыруымен әзірленді. Бұл – Эбола індетіне қарсы Ресейдің өз вакцинасын шығарған орталық, оны Ресейдің мемлекеттік тікелей инвестиция қоры қаржыландырады. Қордың мәлімдеуінше, жобаға төрт миллиард рубльден астам (55 миллион доллар) қаржы салынған.

Мәскеу түбіндегі Буденко атындағы әскери госпитальда медицина қызметкері коронавирус вакцинасын сынап көруге келіскен кісінің қолынан қан алып жатыр. 15 шілде, 2020 жыл.
Мәскеу түбіндегі Буденко атындағы әскери госпитальда медицина қызметкері коронавирус вакцинасын сынап көруге келіскен кісінің қолынан қан алып жатыр. 15 шілде, 2020 жыл.

Вакцина биыл маусым, шілде айларында екі кезеңде адамдарға сыналған. Бірінші кезеңде тәжірибеге 38 азаматтық тұлға мен 38 әскери адам қатысқан, ал екіншісінде 100 кісіге сыналған. Аталған мемлекеттік қордың хабарлауынша, вакцина Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Филиппин елдерінде де сынақтан өтеді.

Вакцинаға "Спутник V" деген атау берді. Ресей мемлекеттік тікелей инвестиция қорының басшысы Кирилл Дмитриев вакцинаның жасалуын "спутник ұшыру сәті" деп сипаттады. Сол арқылы Совет одағы мен АҚШ арасындағы қырғиқабақ соғыс кезіндегі ғарыш үшін таласта Мәскеудің 1957 жылы алғаш болып "Спутник" жасанды жер серігін ұшырғанын еске салды.

КҮДІК НЕДЕ?

Ресейдің ресми тұлғалары елде 849 мың адамға жұғып, 14 мыңдай адамның өмірін жалмаған вирусқа қарсы вакцинаның тым аз уақытта әзірленгенін үнемі айтып жүр. Ресей әлемде дерт жұқтырғандар саны жөнінен әлемде 4-орында, ал одан көз жұмғандар көрсеткіші бойынша 11-орында тұр.

Әдетте жаппай қолданысқа шығарардан бұрын вакцина адамдарға үш кезеңде сыналуы керек. Алдыңғы екі кезеңде аз ғана адамдар тобына сыналып, вакцинаның жағымсыз әсері жоқтығына, оның иммундық реакцияны іске қосатынына көз жеткізеді. Соңғы үшінші кезеңде вакцина мыңдаған адамға салынады, бір тобына тәжірибелік вакцина егілсе, екіншісіне плацебо салынады.

Ресей вакцинасы жайлы жұртқа аян ақпаратқа қарасақ, ол ғылыми тұрғыда лайықты, себебі онда иммундық жауап тудыра алатын аденовирус штамының бейімделген екі нұсқасы қолданылады. Бірақ Ресей шешуші үшінші кезеңдегі сынақты әлі аяқтаған жоқ. Сыни пікірді өршіткен де осы жайт.

Үшінші кезеңде сынақтан өтпеген вакцинаны өзіме салғызбас едім.

"Үшінші кезеңде сынақтан өтпеген вакцинаны өзіме салғызбас едім. Ол қауіпсіз бе, нәтиже бере ме, мұны ешкім білмейді. Ол [медицина қызметкерлеріне] және халыққа қауіп төндіреді" деп жазды Нью-Йорктегі Икан медицина мектебіндегі микробиология кафедрасының профессоры Флориан Краммер Twitter-дегі парақшасында.

"Бастысы – Covid-19 вакцинасын әзірлеуде бірінші болу емес, ең үздік болу маңызды, яғни ол қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеуі керек. Қатаң ғылыми және этикалық стандарттар сақталмайынша, халықаралық қауымдастық Ресейдің сөзіне құлақ аспайды" деп жазды Вашингтондағы Джорджтаун университеті жанындағы ұлттық және жаһандық денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі О’Нилл институтының ғалымы Лоуренс Гостин Moscow Times басылымында жарық көрген мақаласында.

Тікелей инвестиция қорының төрағасы Кирилл Дмитриев Ресейдің ұстанымын жақтай сөйледі. Оның айтуынша, Гамалея институты шығарған вакцина АҚШ-та қолданылатын эксперименттік әдістерден озық, тексерілген технологияларды пайдаланады.

– Батыстағы корпорациялар "ресейлік [вакцина] әзірлеушілердің қасында өзімізді нашар сезініп қаламыз, орыстар бізден озып кетті" деп қобалжиды, – деді ол ресейлік "Ведомости" басылымына берген сұхбатында.

Батыстағы корпорациялар орыстар бізден озып кетті деп қобалжиды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейді өз вакцинасын зерттеу барысында халықаралық ережелерге сүйенуге шақырды.

– [Вакцина] табу, дұрыс жұмыс істейтін вакцина бар деген ой мен барлық кезеңдерден өтудің арасында үлкен айырмашылық бар. Ол үшін және лицензия алып, енгізілерден бұрын кез келген вакцина... [немесе дәрі] барлық тиісті сынақтан және тестіден өтуі тиіс, – деп мәлімдеді ДДСҰ ресми өкілі Кристиан Линдмайер.

БҰЛ ДАУ-ДАМАЙ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Әлемнің ірі державалары бірнеше айдан бері вакцина жасау жарысында бәйгеге түсіп жатыр. Вакцинаны алғаш шығарған ел жеңімпаз атағын алып қана қоймай, індет шарпыған елдерге вакцина таратардан бұрын өз халқына екпе жасау құқығына ие болар еді. Ресми дерек бойынша, әлемде 20 миллиондай адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, 750 мыңға жуық адам көз жұмған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазір әлемде 25 вакцина сынақтан өтіп, тағы 100-ден астамы әзірленіп жатыр. АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Moderna зертханасы 30 мыңға жуық адамның және бүкіл ел аумағындағы 89 зерттеу орталығының қатысуымен сынақтың үшінші кезеңін өткізіп жатыр.

Мәскеудің мәлімдеуінше, оның вакцинасына 20-ға жуық ел қызығушылық білдірген. 10 тамызда Филиппин президенті Родриго Дутерте дайын болғанда Ресейден вакцина жіберу жөніндегі Путиннің ұсынысын қабыл алғанын және оны өзіне де салып көруге дайын екенін теледидар арқылы айтты.

– Президентке [Владимир Путинге] айтарым, сіздердің Covid-пен күрестегі зерттеулеріңізге кәміл сенемін, сіздер жасаған вакцина адамзат үшін пайдалы болады деп санаймын, – деді АҚШ-ты жиі сынайтын авторитар басшы Дутерте.

Вакцина табу жарысына қатысып жатқан Қытай, АҚШ сияқты басты ойыншылар өз бағдарламаларын жеделдетіп іске асырып, Ресей жасаған вакцинадан бас тартатын болар, бірақ Батыстың сыртында жатқан елдер Мәскеуге үміт артуы мүмкін.

Ресей күдікті сейілте алса және оның вакцинасы шынымен қауіпсіз әрі тиімді болып шықса, онда бұл үлкен ғылыми жетістік болары анық. Бірақ ол біраз уақыт алады, кей сарапшылар бұл жағынан Ресейдің мүмкіндігі өте аз дейді.

Бұл мәлімдеменің қай кезде жасалғанына қарасақ, "оларда өнімнің қауіпсіздігін дәлелдейтін тиісті мағлұмат бар екеніне күмән көп" деді биостатистик әрі Флорида университетінің инфекциялық аурулар бойынша сарапшысы Натали Дин New York Times басылымына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бастапқы кезде адамдарға сынағанда жақсы нәтиже берген кей вакциналар соңғы кезеңдерде лайықты нәтиже көрсетпей жатады.

Әлемдегі кей ғалымдардың ең оптимистік болжамы бойынша, коронавирусқа қарсы вакцина жасау процесі ең ерте дегенде 2020 жылдың соңына дейін жүреді. Қазіргі бар вакциналардың көбі жылдар бойы, тіпті ондаған жыл бойы дайындалған. Бұл – оның қасында тым жылдам нәтиже.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG