Accessibility links

Апельсин орнына әңгелек


Бішкек базарындағы жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері. 12 тамыз 2014 жыл.
Бішкек базарындағы жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері. 12 тамыз 2014 жыл.

Бішкек Мәскеудің Батыс елдеріне қарсы «азық-түлік» эмбаргосын өз жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін Ресейге экспорттауды еселеу үшін пайдаланғысы келеді.

Мәскеу Қырғызстаннан экспортталатын жеміс-көкөніс сапасына қойылатын Кеден одағы талаптарының бәрін уақытша тоқтатты. Бұдан ертеректе Бішкек кедендік одақтың қатал талаптарына төтеп бере алмай, 2010 жылы күрт қысқарған ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты көлемін ұлғайту туралы ұсыныс жасаған. Қырғызстан кедендік одаққа кіруге дайындалып жатқанымен, кеден одағына мүше басқа елдерімен стандарттарын сәйкестендіргенге дейін шекарадағы зертханаларда тексеру ережелерін уақытша жеңілдетуді сұраған. Ресейдің Батыс елдері өнімдеріне жариялаған «азық-түлік» эмбаргосын көктен түскен сыйдай қабылдаған Қырғызстан үкіметі дағдарыс қарсаңында экспортты ұлғайту арқылы өз беделін жақсартудан үміттенеді. Бірақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі нарықтағы бағасы қымбаттап кетсе, бұл «сыйдың» кері әсері де болуы мүмкін.

Бішкек экспортты ұлғайту туралы ұсынысын Мәскеу Батысқа қарымта санкция жариялаған күні-ақ мәлімдеген. Қырғызстан Ресейге экспорттайтын жеміс-көкөністі жылына 13 мың тоннадан 200 мың тоннаға, ал қазір Ресей нарығына мүлде шығармайтын ет-сүт өнімдерін 50 мың тоннаға дейін жеткізуге әзір. Азық-түлік өнімдері көбінесе Новосибирск және Свердловск облыстарына экспортталуы мүмкін.

Бішкектегі мал базары.
Бішкектегі мал базары.

Қырғызстан премьер-министрі Жоомарт Оторбаев Ресеймен мұндай сауда-саттық жүргізуге көбінесе кедендік одақ стандарттары кедергі болып отырғанын мойындайды. Өйткені әзірше қырғыз тауарларының көбі кеден одағы стандарттарына сай келмейді. Бірақ ол «Қазір министрлер кабинеті қырғыз тауарларының сапа сертификаттарын уақытша тану туралы Ресей үкіметімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейдің аймақтық ведомстволары мен кәсіпкерлерімен байланыс орнату үшін әрі Қырғызстанның ауыл шаруашылығы мүмкіндіктерімен таныстыру үшін ресейлік әріптестер сапарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр» деп мәлімдеді.

Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты азық-түлік қауіпсіздігі және агромаркетинг саясаты басқармасы бастығы Жұмабек Асылбековтың хабарлауынша, Ресейдің Свердловск облысы үкіметімен келіссөздер барысында 18 кәсіпорынның тізімі алынып, олармен келіссөз жүргізіліп жатыр.

– Кеден одағы құрылғанға дейін біз Ресейге жылына шамамен 195-200 мың тонна жеміс-көкөніс жөнелтетінбіз. Қазақстан Кеден одағына кірген 2010 жылы тексеру процедурасы өзгеріп шыға келді де, біздің өнімімізді Ресейге экспорттау көлемі жылдан жылға азайып келеді. Қазір ол 13 мың тоннадан аспай қалды. Өнімдеріміз Қазақстанда тұрып қалмай, бірден Ресейге өтіп әрі тексеруден де сол жақта өтуі үшін біз «жасыл дәліз» принципін ұсынып отырмыз. Біздегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлығына байланысты 2007 жылы Ресей ет-сүт өнімдерінің кез келген түрін экспорттауға тыйым салған, ол эмбарго әлі күшінде. 2007 жылға дейін біз жылына шамамен 50-60 мың тонна ет-сүт өнімдерін жөнелтетінбіз. Қазір ет-сүт өнімдеріміз Сауд Арабиясы мен Иранға және контрабандалық жолмен көбінесе Қазақстанға кетіп жатыр, - дейді Жұмабек Асылбеков.

Қазір ет-сүт өнімдеріміз Сауд Арабиясы мен Иранға және контрабандалық жолмен көбінесе Қазақстанға кетіп жатыр

Жұмабек Асылбековтың айтуынша, қырғыздың жеміс-көкөнісі мен ет-сүті денсаулыққа қауіпсіз әрі экологиялық таза өнімдерге жатады. Қырғызстан – халқының 70 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысатын аграрлық ел. Елдің жалпы ішкі өнімінің үштен бірі ауыл шаруашылығы саласы үлесіне тиеді. Кеден одағына кіргеннен кейін Бішкек ауыл шаруашылығын дамыту және оның өнімдерін экспортқа шығару есебінен өз экономикасын көтергісі келеді. Бірақ экономиканың бұл саласы көп инвестиция мен дайын өнімді өткізетін нарыққа мұқтаж.

Кедендік одаққа өтудің «жол картасы» аясында Қырғызстан тамақ өнімдері сапасы стандарттарын бүкіл бірлестік нормаларына сәйкестендіруі және тиісті зертханалар мен сараптама орталықтарын салуы тиіс. Олар біріншіден, тиісті үлгідегі сапа сертификатын берумен айналысады, екіншіден, тауарды шекарада тексеру үшін керек. Өйткені кедендік одақ аумағы Қырғызстанға қарай жылжиды. Қырғызстан бұл мақсаттарға одақ елдерінен 200 миллион доллар сұрап отыр. Әрі Бішкек «ауыртпалықсыз интеграциялану» үшін бір миллиард доллар сұрайды.

Базарда бау-бақша өнімдерін сатып отырғандар. Бішкек, 12 тамыз 2014 жыл.
Базарда бау-бақша өнімдерін сатып отырғандар. Бішкек, 12 тамыз 2014 жыл.

Тамыздың 12-сі күні Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Сочидегі кездесуінен кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу Бішкекке 500 миллион доллар бөлетінін хабарлады. Кейінірек Қырғызстан экономика министрінің орынбасары Даниил Ибраев Ресей Кедендік одақтың техникалық талаптарын орындауға қосымша 200 миллион доллар бөлетінін мәлімдеді. Бұл техникалық талаптарды орындағаннан кейін Қырғызстан одақ көлемінде кез келген ауыл шаруашылығы тауарларын еркін экспорттай алады.

Бірақ ТМД елдері экономикасы институтының бөлім меңгерушісі Аза Мигранян Ресейдің ішінде де, шетелде де Қырғызстанның бәсекелестері көп екенін ескертіп, бұл жоспардың орындалуына көп үміт жоқ деп пайымдайды.

– Мен сертификаттау деңгейі әлдеқайда жоғары, фитосанитариялық және гигиеналық бақылау жұмысы жақсы жолға қойылған Латын Америкасы елдерін айтып отырмын. Сондықтан әлдебір артықшылықтар мен жеңілдіктерге үміттенбей, сертификаттау механизмдері мен материалдық базаны құруға тырысу керек. Ал ет пен сүт сияқты қатал талаптар қойылмайтын жеміс-көкөніс сияқты тамақ өнімдеріне келсек, Қырғызстанның үміт етуіне болады. Бірақ, меніңше, жеміс-көкөніс экспортын Қырғызстан ұлғайта алмайтын сияқты. Өйткені биылғы өнім жиналып болып қалды немесе жиналып жатыр, ал егістік алқабын қазір кеңейте алмайсың ғой. Сондықтан қанша тырысқанымен, артық өнімді қайдан алады? Бұл санкция келетін өнім сапасын Ресей стандарттары деңгейіне жеткізу талабынан туған. Егер Ресей Қырғызстанға қойған бұрынғы талаптарынан бас тартса, басқа елдер үшін де жеңілдікке баруы тиіс. Оның үстіне, Ресейдің қазіргі жағдайында ол болашақ және қазіргі әріптестерінің бәрінен бірдей жоғары стандарттарды талап етуі тиіс, - дейді Аза Мигранян.

Мигранян егер қырғыз фермерлерінің көбі өз өнімін экспортқа шығарса, ішкі нарықта бұл тауарларға тапшылық туып, бағасы қымбаттайтыны сөзсіз деп ескертеді.

Қырғыз-Ресей славян университетінің саясаттану пәні оқытушысы Марат Қазақпаевтың пайымдауынша, Қырғызстан экономикасының жалпы дағдарысы жағдайында (бюджет тапшылығы, капиталдың сыртқа кетуі, бағаның қымбаттауы, елдің оңтүстігінде газдың жоқтығы және күз-қыс маусымында энергетикалық дағдарыс болады деген хабар) Жоомарт Оторбаевтың министрлер кабинеті Ресей мен Батыс елдерінің арасындағы сауда қақтығысын өз беделін көтеруге пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Ол «министрлер кабинеті ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын ұлғайту арқылы халыққа қарқынды жұмыс істеліп жатқандай етіп көрсету әрі халықты кедендік одаққа кірудің тиімділігіне сендіру амалын жасап жатыр» деп есептейді.

Мұндай экономикалық потенциалымызбен Белоруссиямен де, тіпті Қазақстанмен де бәсекелесе алмаймыз

– Азық-түлік өнімдерінің тауар айналымын дамыту үшін лобби болуы тиіс. Мысалы, бұл лобби Әзербайжанда бар, түріктер де бірдеңе әкеп жатыр, Өзбекстан жеміспен қамтып отыр, ет-сүт нарығын Белоруссия жаулап алған. Ал біз не сата аламыз? Бұл елдердің өнімінен біздікі жақсы деп ойламаймын. Нарықта өз орнымыз болуы тиіс еді, бірақ одан баяғыда айырылып қалғанбыз. Кеден одағына қосылудың «жол картасында» ешқандай ерекшелік жоқ, ең бастысы, біз ешқандай артықшылық алған жоқпыз ғой. Мұндай экономикалық потенциалымызбен Белоруссиямен де, тіпті Қазақстанмен де бәсекелесе алмаймыз. Тұтыну бағасы бірден шарықтап шыға келеді. Бізде өндіріс деген атымен, тіпті ауыл шаруашылығы өндірісі де жоқ. Мүлде бәсекелесе алмаймыз, - дейді Марат Қазақпаев.

Бірақ Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты азық-түлік қауіпсіздігі және агромаркетинг саясаты басқармасы бастығы Жұмабек Асылбековтың пікірінше, егер үкімет экспорт көлемін ұлғайта алса, елде «артығымен шығып жатқан» отандық азық-түлік тауарларына тапшылық та болмайды әрі баға да қымбаттамайды.

XS
SM
MD
LG