Бұдан біраз уақыт бұрын ресейлік әсіреұлтшыл «Завтра» басылымы президент Владимир Путинді сынап-мінеп, түрлі айыптар тағатын еді. Бірақ Ресей Қырымды өзіне қосып алып, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткеннен бері бәрі өзгеріп кетті.
«ПУТИН КӨҢІЛІМІЗДЕН ШЫҚТЫ»
«Қырым Ресейге қосылғалы бері Путин біздің көңілімізден шықты. Тіпті ол бізді шабыттандыратын тұлғаға айналды» деп жазады газет редакторы, басылымның негізін қалаған Александр Прохановтың ұлы Андрей Фефелов. «Біз Путин мұндай қадам жасайды деп күтпеген едік. Бұндай стратегияны да күткен жоқпыз. Ресей мемлекеті күлден тірілген феникс сияқты қайтадан гүлденді» дейді ол.
Бұрын ресейлік саясаттың қиыр шетінде қалып келген «Завтра» енді негізгі топқа қосылып алды. Прохановтың өзі мемлекетке қарасты телеарналарға жиі шығады, оның мақалалары кремльшіл «Известия» сияқты газеттерде жарияланады.
Проханов пен «Завтра» газетінің ұстанымы өзгерген жоқ. 70 мыңнан 100 мыңға тарта тиражымыз бар дейтін басылым бұрынғысынша батысқа қарсы, неосталиндік бағыттағы пікірлерін жариялаумен келеді. Өзгергені – Ресейдің жаңа саясаты, Путин үшінші рет билікті қолына алғаннан бері ол ұлтшыл империялық бағытқа ауысқанын айқын байқатты.
«Кешегі саяси маргиналдар бүгін саясаттың негізгі қолшоқпарына айналды» дейді 1990 жылдары Ресейде танымал болған, НТВ арнасында берілген «Итоги» бағдарламасының жүргізушісі Евгений Киселев. Ол кейін путиншіл Кремльдің қырына ұшырап, Украинаға кеткен еді. «Проханов насихаттаған идеялардың көбі қазіргі Ресей саясатының негізгі бағытына айналды» дейді ол.
«Завтра» газеті 1990 жылдары Совет одағы ыдырай бастағанда Проханов негізін қалаған «День» газетінен бастау алады. Тоқсаныншы жылдардың басында ол өзін Ресейдің алғашқы президенті Борис Ельциннің батысшыл үкіметіне қарсы шығатын «рухани оппозиция» деп таныстырды.
1993 жылы қазан айында, Ресей парламентінде Ельцин мен консерваторлар арасындағы соңы қантөгіске апарған шайқастан кейін билік «День» газетін жауып тастады. Бірақ кейін ол «Завтра» деген атаумен қайтадан шықты.
Ол әлі күнге дейін «қызыл-қоңыр» идеологияны насихаттайды, ұлтшылдық пен монархизмге толы пікірлер айтып, советтік коммунизмді көксейді. Газет қызметкерлері орыс бірлігін сақтауға қажет дүниелер – православтық христиан діні, Сталин жолы, авторитарлық пен ұлтшылдықты сақтау үшін қызмет етеміз дейді.
«ФАШИСТІК ГАЗЕТ»
Гуманитарлық ғылымдар институтының ғылыми қызметкері Антон Шеховцев «Завтра» – «фашистік газет» деп сипаттайды. Газеттің Мәскеудегі штабында орыс патшалары мен советтік «көсем» Иосиф Сталиннің суреті ілініп тұр. Ельцин билік еткен жылдары «Завтра» Кремльді қатты сынайтын оппозициялық басылым болды.
Ал 2000 жылдың тамыз айында, Путин билікке келген соң бірнеше айдан кейін Проханов онымен кездесіп, үміттеніп қалды. «Кремль тағы да менікі, менің отбасымның бір бөлігі» деп жазды ол «Аргументы и факты» газетіне.
Бірақ Путин арасында Прохановтың көңілін қалдырып отырды. 2001 жылы газет Путинді олигархтарға сатылды деп айыптап, «бұл жойылып бара жатқан орыс халқының президенті емес, ұлт сатқындарының президенті» деп жазды.
2004 жылы шыққан тағы бір мақалада Путинді «бар болғаны ельциндік халыққа қарсы саясатты жалғастыратын адам» деп қыжыртып, «олигархия, бұзақылық, сыбайлас жемқорлық пен саяси жезөкшелікке жел беріп отыр» деп сөкті.
2005 жылы басылым «президент тек либералды «фундаменталистерге» қызмет көрсететін, олигархтарды байыту үшін халықты тонаған жан» деп жазды. 2012 жылғы еңбек миграциясы мәселесін бағалай отырып, «Путин ұлт жетекшісі ме?», «Ол қай елдің азаматтығына лайық болды?» деген сауалдарды талдай келе «менің Путинге қатысты пікірім біртіндеп өзгерді» деді Проханов жақында берген сұхбатында. «Сақтықпен қарай отырып, мен ақырындап осының бәрі мемлекетті қалпына келтіру екенін түсіндім. Әсіресе, шешендермен екінші соғыстағы жеңісі соны айқын көрсетті» дейді ол.
СЕПАРАТИСТЕРГЕ КӨМЕКТЕСКЕН БАСЫЛЫМ
Бірақ «Завтра» Путинді Укриана дағдарысы кезінде ғана толық қолдай бастады.
Бұл газеттің бұрынғы екі түлегі – Александр Бородай мен Игорь Гиркин Киевке қарсы сепаратистер жетекшілеріне айналды. Бородай өзін-өзі сайлап алған «Донецк халық республикасының» (ДНР) «премьер-министрі» болып тағайындалды. Бірақ 7 тамыз күні кенеттен қызметінен кетті.
Стрелков деген атпен танымал Гиркин бүлікшілердің командирі болды. 14 тамыз күні оның соғыста жараланғаны туралы сыбыс тарады.
Фефелов «Завтра» газетінің оқырмандары Украинаның Донбасс аймағына (орыс ұлтшылдары оны Новороссия деп атайды) коммунистік, ұлтшыл және монархиялық идеялар жүзеге асатын мекен деп қарайтынын айтады.
Оның айтуынша «көптеген достары мен газет оқырмандары» «Завтра» еріктілердің Шығыс Украинаға баруына ықпал еткен газет» дейді екен. «Газет әскер жинаушылармен кездесуге көмектесті» дейді ол.
«Завтра» оқырманы, 60 жастағы Мәскеу тұрғыны Николай (фамилиясын айтпады) Луганскіге барып, ерікті ретінде соғысып қайтқан. Ол жақта екі ай болған ерікті бақылау-өткізу бекеттерінде отырған. Ол Украина армиясы «геноцид» жасап жатыр дейді. Қолына мылтық ұстап түскен суретте ол сақалды православ дін қызметкерінің қасында тұр. Өз айтуынша, Мәскеуге гуманитарлық көмек алу үшін ғана келген.
Проханов 30 шілде күні Путиннің Ново-Огареводағы резиденциясында президентпен кездесіп, «алғашқы кездесуде алданбағанына көзі жеткенін» айтады.
Қырымды аннексия жасаған соң 18 наурыз күні Путиннің сөйлеген сөзі «Завтра» көтеріп жүрген идеялармен ұштасып жатты. Ол тек ресейлік азаматтар ғана емес, барлық этникалық орыстарды қорғауға мүдделі екенін айтқан еді.
Дегенмен де, Шеховцев газеттің негізгі топқа енуі екіталай екенін ескертеді. «Олар негізгі саяси топтың ыңғайына жақты, бірақ оның бір мүшесіне айналған жоқ» дейді ол. «Әлі күнге дейін Кремльдің орыс ұлтшылдығы мен ресейлік имперализм идеялары мен «Завтра» ұсынатын нұсқа арасында алшақтық бар».
Украина күштері сепаратистерді ығыстыра бастады, батыс санкциялары Ресей экономикасына соққы болып тиіп жатыр, сондықтан Путин бүлікшілердің көзін құртып, Новороссия жобасынан толықтай бас тартуы мүмкін бе деген қауіп бар.
«Мүмкін емес, бұл Путин үшін өліммен бірдей. Пешканы артқа қарай жүргізе алмайсыз ғой» дейді Фефелов. Прохановтың жақында жариялаған мақаласының тақырыбына қарасаңыз, батыспен ұзаққа созылған соғыстан ләззат алатындай көрінеді.
Ол мақала «Қош келдің, қырғи-қабақ соғыс!» деген тақырыппен шыққан.
Том Бэлмфордтың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.