Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қосымша күш жіберуге елде "ішінара мобилизация" жариялаған соң, ресейліктердің елден кетуі қиындады: билеттер сатылып кетті, шекара бекеттерінде бірнеше шақырымға созылған ұзын-сонар кезекте тұрғандар көп.
Ресейліктер бара алатын аз ғана елдердің бірі – Грузия. Онда да Ресей мен Грузия шекарасындағы Верхний Ларс бекетінде бірнеше шақырымға созылған кезекте тұрған көліктен көз сүрінеді. 26 қыркүйекте Ресей осы шекара бекетінен ер азаматтардың өтуіне тыйым салуы мүмкін деген ақпарат тарады, бірақ расталған жоқ.
Грузияға барғысы келетін ресейліктердің көбі әлеуметтік желі арқылы сұрақ қойып, кеңес сұрап жатыр.
"Бүгін келдік. Отбасында үш адамбыз. Күйеуім 34 жаста. [Шекарада] біз жақ та, Грузия жақ та ештеңе сұраған жоқ" деді Верхний Ларс шекарасынан өтушілерге арналған Телеграм топтағылардың бірі. "Ұзақ күттік. Кешкі сағат бесте кезекке тұрып, Грузияға [ертеңіне] сағат он бірде кірдік. Су мен тамақ алып алыңыздар".
Бірақ грузиндердің жаны ашып жатқаны шамалы. "Украинада өліп қалмауды ғана ойлап отырсыңдар. Соғысқа қарсы шығуға жеті ай уақыт болды. Есіктеріңді қақпай тұрып, Путинді қолдап отырдыңдар" деп жазған бір азамат.
21 қыркүйекте Владимир Путин "ішінара мобилизация" жариялаған соң, ресейлік баспасөз құралдары әуе рейстерінің қымбаттап кеткенін хабарлады.
24 ақпанда Ресей Украинаға басқыншылық жасаған соң, Батыс Ресейге санкция салды. Еуроодақ әуе кеңістігінен Ресей ұшақтарының өтуіне тыйым салды. Ресейліктер туристік визамен тек Финляндияға бара алады. Хельсинки тыйым салу мәселесін әлі қарастырып жатыр.
Мәскеуден Стамбулға, Ереванға, Ташкентке, Бакуге ұшатын 21-22 қыркүйек күнгі рейстердің бәріне билет сатылып кетті деп хабарлады РБК. Ал елден кетуге асыққан жеңіл және жүк көліктері Ресейдің шығыстағы, оңтүстік пен батыстағы шекарасына қарай ағылды.
Мобилизация туралы жарлық шыққан соң Ресейде наразылық акциялары өтіп, жүздеген адам қамауға алынды. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу "ішінара мобилизацияға" 300 мың адамның ілігетінін мәлімдеді. Бірақ Кремль Украинадағы соғысқа бір миллионнан астам адам тартуға ниетті деген хабарламалар тарады.
Қыркүйекте Украина күштері қарсы шабуыл жасаған соң Ресей әскері сәтсіздікке ұшыраған еді. Путиннің мобилизация туралы жарлығы осы оқиғамен тұспа-тұс келді.
Ресейліктер Верхний Ларс шекара бекетінен көлікпен, жүк көлігімен, скутермен және жаяу өтіп жатыр.
Ресей шекарашыларынан өту оңай емес дейді шекарадан өткен ресейліктердің бірі. "Шекараға келсек, бәрі паспорт бақылауындағы адамға байланысты. Менен ештеңе сұраған жоқ. Бірақ басқа терезедегі [шенеунік] көп сұрақ қойып, [шекарадан өтіп жатқандарды] балағаттап, қиын кезде елден кетіп жатқаны үшін айыптады. Бірнеше адамға Грузияға кетуге рұқсат берген жоқ. Меніңше, әр жиырмасыншы адамды кері қайтарды" деп жазды аты-жөнін атамаған азамат Телеграмда.
Басқалары орыс шекарашылары ер адамдардан әскери статусын сұрап жатқанын айтады. "Шекарадан сағат түскі екіде өттік. Көлікте 55, 19, 23, 35 және 45 жастағы бес адам болды. Әскери қызметке бәрі ілігіп тұр. Сұрақ-жауапқа жиырма минуттай кетті. Аты-жөнін, туған жері мен күнін, [әскерде] болған-болмағанын, әскери қызмет туралы құжат деректерін, мобилизация туралы хабарлама алған-алмағанын сұрады. Одан да басқа сұрақтар болған шығар. Жауап беріп, бәріміз өтіп кеттік".
Ондаған мың сұрақ жиналған Телеграм-топтағы пікірлер шекарада ер азаматтардан патриотизм туралы да сұрағанын көрсетеді. Олар "Неге кетіп жатырсыңдар? Запастағы офицер емессің бе? Ел қиындыққа тап болды. Қашан ораласың?" деген сұрақтар қойған. "Бірақ [ресейлік шекарашылар] ешқандай проблема туғызған жоқ. Бізді өткізіп жіберді" деп жазған бір ер адам.
21 қыркүйекте Ресей қорғаныс министрі Шойгу мобилизацияға тек әскери тәжірибесі бар адамдар ілігетінін, студенттер мен әскери борышын өтеп жатқандар бармайтынын мәлімдеді.
Бірақ Кремльдің одан да кеңірек науқан ұйымдастырып жатқаны, мобилизацияға аз ұлттар өкілдерін де тартуға да тырысып жатқаны туралы хабарламалар пайда болды.
Телеграм қолданушылар Грузия мен Ресей шекарасында күту уақытын қалай азайтуға болатыны жайлы кеңес те беріп жатыр.
"Шекараға таксимен келіп, ары қарай не істеу керек екенін білмейсіз бе? Велосипед, мопед, скейтборд сатып алыңыз да, шекарадан оп-оңай өтіңіз. Толығырақ білу үшін маған жазсаңыздар болады" деді орыстардың бірі.
Кей грузиндер ресейліктерге көмек қолын созып, оларды көлікпен жеткізіп немесе жатын орын ұсынып жатыр.
Путин "ішінара мобилизация" жарияламай тұрып Грузияға кетіп жатқан ресейліктер онсыз да көп еді. Олардың көбі Ресей Украинаға басқыншылық жасаған соң Грузияға кеткен.
Грузияның Тбилиси мен басқа да қалаларында Украинаны қолдайтын акциялар өткенімен, билік Ресей басқыншылығын сынға алудан тартынып отыр.
Еуропа елдерінің көбі Ресейге санкция салғанда, Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили солтүстіктегі көршісіне шектеу салудан бас тартты. Бұл грузиндердің шымбайына батты. Ал Грузия президенті Саломе Зурабишвили Ресейдің 2008 жылғы басқыншылығынан кейін Украинаны қолдайтынын мәлімдеді. Бірақ бұл елде президенттің айтарлықтай билігі жоқ.
Телеграмдағы топта кей грузиндер мобилизациядан қашқан ресейліктерге көмектесіп жатқанымен, көбінің бұған айтарлықтай құлықты емес екені байқалады.
"Грузияға келудің қажеті жоқ. Беларуське барыңдар! Бізге келмеңдер" деп жазды бір адам Беларусь президенті Александр Лукашенконың Ресейді қолдап отырғанын меңзеп.
Тағы біреуі "Қорқақ орыстар қашып жатыр" деп жазды.
Азаттықтың Грузин қызметінің материалы бойынша жазылды.
ПІКІРЛЕР