Судья Мұрат Абраев Серікжан Біләшті "тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті" деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салды.
Біләш сот қаулысымен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Ол сот қаулысына қарамастан ұйым жұмысын жалғастыра беретінін, әділет министрлігіне тіркелу жағын қарастыратынын айтты.
- [Сот қаулысына] разы емеспін. Біз сияқты өз қалтасынан жетім-жесірлерге көмектесіп отырғандар үшін ауыр [шешім], - деді Біләш соттан кейін.
Алматы қаласы Медеу аудандық полициясы Біләшті "Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық бірлестік қызметіне басшылық жасады" деп айыптап, әкімшілік іс қозғаған.
Біләштің айтуынша, Медеу аудандық полициясының іс қозғауына "Жебеу" республикалық ұйымы сайтының редакторы Тұрдыбек Құрметханның жазған арызы себеп болған.
Бірақ Тұрдыбек Құрметхан Азаттыққа "өзінің бұл іске қатысы жоқ екенін, Серікжан Біләштің кейбір әрекеттеріне байланысты ішкі істер министрлігі атына жазылған топтық арызға қол қойғанын және сол арыз бойынша Алматы қалалық полиция департаментіне барып түсініктеме бергенін" жеткізді.
Ақпанның 12-сі күні өткен отырыста Біләш "Атажұрт еріктілері" Қытайдағы этникалық қазақтардың хал-ахуалына жаны ашитын ерікті адамдардың әлеуметтік желіде құрылған тобы екенін айтқан. Ол өзін осы топтың "админімін" деп таныстырған.
Судьяның "Атажұрт еріктілері" тобының арнайы кеңсесі және тұрақты мекен-жайы бар ма?" деген сұрағына Серікжан Біләш "арнайы кеңсесі бар, бірақ ол - осы топқа мүше кәсіпкердің атына жалға алынған кеңсе" деп жауап берген.
"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келеді.
Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтала бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.
Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты.
Қазақстандағы қазақтар да Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Бұл шаралардың біразын "Атажұрт еріктілері" ұйымдастырған.
Былтыр желтоқсанның соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де бар. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.
Ақпанның 10-ы күні Түркия Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап етіп, онда "миллиондаған адам қысым көріп жатыр" деген. Қытай Түркияның бұл мәлімдемесін "жалған айыптау" деп атады.
ПІКІРЛЕР