2014 жылы «Ислам мемлекеті» (ИМ) «Әл-Қаиданың» өзіне бәсекелес бола алатын күшті «жиһадшыл» топқа айналды. Сүннит экстремистер құрған топ қазір Сирия мен Ирактың үлкен аумағын басып алған. Оларға қосылған мыңдаған содырдың ішінде тіпті Батыс Еуропадан келген еріктілер де бар.
АҚШ жетекшілік ететін ИМ-ге қарсы коалицияға 60 мемлекет мүше болды. Оған кейбір араб елдері де қосылды. Коалиция бірнеше айдан бері әуеден шабуылдап жатыр, бірақ ИМ содырлары бұдан да көп аумақты басып аламыз деп мәлімдеп отыр.
Содырларға қосылып жатқан шетелдік «жиһадшылар» да азаяр емес. Олар тұтқынға түскен Батыс, Сирия, Ирак елдерінің азаматтарын өлімге кесіп, жазалауын тоқтатпай отыр. Сирия мен Ирактағы аласапыран ай сайын құбылып, не боларын болжатпай тұр. Азаттық тілшісі 2015 жыл қарсаңында сарапшылардан «ИМ енді не істеуі мүмкін?» деп сұрап көрген еді.
1. ИМ Ирактың басқа аймақтарына шабуыл жасайды
Америкалық сарапшы, Ирак жөнінде блог жүргізетін Джоэл Уинг «ИМ өзін сақтап қалу үшін үнемі жеңіске жетіп отыруға, өзі жаулап алған аумақтарды ұстап тұруға тырысады» және «Ирак пен Сирия аймақтарын басып алуға оңтайлы сәттерді пайдалануға талпынады» дейді.
ИМ Ирактың үлкен провинциясы – Анбардағы ірі қалаларды басып алуға кіріседі. Жергілікті билік Ирактың орталық үкіметінен әскери көмек алмаса, содырларға төтеп бере алмайтындарын ескертіп отыр.
The Long War Journal сайтының авторы Калеб Вайс Анбардың бас қаласы Рамади мен Амирият Фаллуджада (Фаллуджадан оңтүстікке қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан – ред.) шайқас болады деп болжайды. Себебі, ИМ қоршаған провинцияларын басып алуға тырысады.
«ИМ қазірдің өзінде Рамадидің 60 пайызын басып алған. Егер Ирак қарулы күштері мен біздің сүннит одақтастарымызға қолдау көрсетпесек, Анбар астанасы беріледі» дейді Вайс.
Оның болжауынша, ИМ Ирактың Иорданиямен шекарадағы Анбар провинциясында белсенділігін күшейте түседі.
Ирактың шығыс провинциясы Дияланы да содырлар қысымға алады. Иранның «Әл-Қудс» тобының командирі Касем Сулейманидің көмегімен шииттік қарулы топтар мен күрдтердің «Пешмерга» жасағы Саадии мен Жалавле сияқты бірқатар қалаларды ИМ-нен тартып алды. Енді ИМ бұл аумақты қайтарып алу үшін Диялаға қайта шабуылдауы мүмкін. Ирак қарулы күштерінің қатты қарсылығынан ИМ шығыны көбеюі мүмкін.
2. Коалиция Ирак пен Сириядағы әуе шабуылдарын жалғастырады
Коалицияның әскери басшылары «АҚШ басшылығымен жасалған әуе шабуылдары ИМ содырларын шабуылдан қорғанысқа көшуге мәжбүрледі» дейді. Атап айтқанда, Сирияның солтүстік қаласы Кобанидегі содырлардың шабуылы тоқтап, олар қорғанысқа көшкен. Әуе шабуылдар жалғасады, тіпті күшеюі де ықтимал.
Желтоқсанның 3-і күні коалиция басшыларымен сөйлескен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри «ИМ-ге қарсы кампания содырлар шабуылы қанша уақытқа созылса, сонша мерзім жалғасатынын» айтты. Ал Франция президенті Франсуа Олланд өз елінің әуе шабуылдарын күшейтетінін мәлімдеді.
Сарапшылар «коалиция ИМ-ге тойтарыс беруі үшін Батыстың қазіргіден көбірек күш жұмсауы керек екенін» айтады.
Ирак жөніндегі сарапшы Вингтің айтуынша, «Батыс жағдайды өзгертуге шындап кіріскен жоқ. Коалиция Сирия мен Ирактағы содырларды тежемей отыр» дейді. Винг «ИМ содырларының әуе соққыларына қарамастан, Ирак қалаларына ауқымды шабуылдар жасағанын» айтады.
Дегенмен АҚШ содырлармен қоян-қолтық ұрысқа араласпайтын тәрізді. АҚШ-тың бір жоғары лауазымды шенеунігі желтоқсанның 3-і күні «Президент Обама шыныдай таза болып қалмақ, сондықтан ол америкалық жаяу әскердің соғысқа баруын елестете де алмайды» деді.
3. ИМ-ге қарсы сүнниттерге АҚШ қолдау көрсетеді
Әуе шабуылдары жалғаса береді және АҚШ алдыңғы шепте соғысып жүрген суннит тайпаларының өкілдеріне қолдау жасайды деген болжамдар бар. Жақында Конгреске арнап Пентагон дайындаған құжатта «ИМ-мен соғысып жатқан сүннит тайпаларды қолдаудың маңызды екені» баса айтылады.
Сол үшін АҚШ 24 миллион 100 мың долларға қару сатып алмақ. Ол қарудың ішінде АК-47 (Калашников автоматы) мен гранатомет және минометтер аталады.
Дегенмен Вайс «АҚШ көмегі ауқымды болуы тиіс» дейді. Оның пікірінше, «жақсы қаруланған алдыңғы шептегі сүннит жасақтары содырларға алдағы бірнеше айда тойтарыс бере алады».
4. ИМ әскерін көбейтеді, коалиция да қарулы күштерін күшейтеді
Соңғы мәліметтер ИМ-нің босаңсығанын, тіпті шетелден келген жауынгерлерін қауіпсіздікпен қамтамасыз ету шараларын жасауды доғарғанын көрсетеді. Топ бүкіл Сирияда жаттығу лагерлерін көбейтіп, қатарына жаңадан жасақ жинауын қояр емес, оның ішінде әйелдер де бар. Ұйымға Батыс Еуропа, Орталық Азия мен Оңтүстік-шығыс Азия елдерінен сарбаздар келіп қосылып жатыр. Егер ИМ Ирак пен Сирияда табысқа жетсе, оларға барып қосылатын еріктілер көбейе бермек.
Сырт мемлекеттер ИМ-нің үгіт-насихатына қарсы тұру үшін азаматтарына Ирак пен Сирияға баруға тыйым салып, жергілікті әсіредіншіл топтарға қарсы шара қабылдап жатыр. Ресейде ИМ-нің әлеуметтік желілердегі парақтарын бұғаттады. Қазақстан содырлардың видеоларын бұғаттап, оны көруге тыйым салды.
Кейбір елдерде – әсіресе Орталық Азия елдерінде – ИМ-нен төнген қауіпті діни бостандыққа бақылауды күшейту құралы ретінде пайдаланып отыр.
5. ИМ жаттығу орталықтарын көбейтеді
ИМ Сирия мен Ирактағы жаттығу лагерлерін кеңейтіп, жаңадан келгендер мен бұрынғы сарбаздарын жаттықтыра бермек. АҚШ басқаратын коалиция бұған жердегі шабуылмен қарсы шықпақ сияқты.
The Long War Journal өкілі Вайс пен оның әріптесі Билл Роггио «ИМ-нің Сирия мен Ирактағы 25 жаттығу лагеріне әуеден шабуылдаған тиімді» дейді.
6. «Жиһадшыл» топтың көбі ИМ-ге қосылады
Егер ИМ Сирия мен Иракта табысқа жетіп, осылай насихат жүргізе берсе, жергілікті топтардың көбі ИМ жетекшісі Әбу Бакр әл-Бағдадиге ант бермек.
Синай, Алжир және Сауд Арабиясы сияқты елдердің топтары Бағдадиге ант беріп қойды. Ливиядағы сарапшылар шығыстағы Дерма қаласы да қауіпті екенін ескереді.
«Жиһадшыл» топтар бойынша ұлыбританиялық сарапшы Аймен әл-Тамими «Синайдағы Ан-сар Байт әл-Магдистің Бағдадиге ант беруі басқа да «жиһадшыл» топтардың одан үлгі алуы мүмкін екенін көрсетеді» дейді. Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы бүлікшіл топтардың біразы ИМ-ге адалдыққа ант беруі мүмкін.
(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)