Accessibility links

Skype қауіпсіздігі туралы пікір әрқилы


Компьютер пайдаланып отырған әйел. Ауғанстан, 22 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Компьютер пайдаланып отырған әйел. Ауғанстан, 22 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Көп адам «Құзырлы органдар Skype-тағы (скайп) әңгімемді тыңдай алмайды» деп ойлайды. Расымен бұл солай ма?

Саяси белсенділер мен диссиденттер «арнайы органдар тыңдайды» деп телефонмен ашық сөйлесуден қорқады. Шындығында стационарлық және мобильді құрылғылар арқылы жұрт әңгімесін тыңдау үкіметке қиын шаруа емес.

«ТЫҢДАУДЫҢ ОҢАЙ ЖОЛЫ»

Коммуникация жүйелері мемлекеттік компанияға тиесілі болса, тіпті оңай. Қазіргі заманда жұрттың көбі пайдаланып жүрген интернет-телефон қауіпсіз бе?

Париждегі «Шекарасыз тілшілер» ұйымының сарапшысы Грегуар Пуженің айтуынша, «қазір құқық қорғаушылар онлайн-телефонмен айтқан пікірі үшін түрмеге түсіп, жауапқа тартылатын болған».

- Беларусь мен Ресейдегі журналистер Skype-тағы сөздерінің тыңдалғанын айтты, - дейді ол.
Азаттық фото-байқауының жеңімпазы Асан Қуанышкерей skype-пен сөйлесіп отыр. Алматы, 25 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Азаттық фото-байқауының жеңімпазы Асан Қуанышкерей skype-пен сөйлесіп отыр. Алматы, 25 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазір Skype интернет-телефон қызметін ұсынатын әлемдегі ең ірі провайдер саналады. Шамамен 600 миллион адам Skype пайдаланады. Пуженің айтуынша, интернет-телефонияның осал тұсы – екінің бірі зиянкес бағдарламаларды орната алады.

- Зиян келтіретін бағдарламаны бірнеше жүз долларға сатып аласыз да, оны Skype қолданатын адамға поштамен жібересіз, егер ол файлды басып қалса, бағдарлама орнайды. Ары қарай оның Skype-әңгімелерін тыңдап, чат-хаттарын оқуға болады. Байланысатын адамдары да көрініп тұрады, - дейді маман.

Зиянкес бағдарламалар «Араб көктеміне» дейін (2010 жылы желтоқсанда басталған араб елдеріндегі халық толқулары – ред.) көптеген елдердегі наразыларға қарсы қолданылды. Ал «Араб көктемінің» диссиденттері бұқаралық шеруге халықты үгіттеу үшін интернетті жасырын пайдаланды.

«Араб көктеміндегі» осы оқиғадан соң көптеген елдердегі белсенділер интернетті қауіпсіз аймақ деп ойлай бастады.

БИЛІК ИНТЕРНЕТТІ БАҚЫЛАЙДЫ

Бірақ қазір әміршіл жүйелер интернеттің қоғамға әсерін ескеріп, бұл салаға назар аударып отыр. Сондықтан, қауіпсіздікке ешкім кепілдік бере алмайды.

Skype-ты шығарған алып компанияға «Шекарасыз тілшілер» ұйымы осы айда хат жолдады. Хатта ұйым өкілдері Skype-тағы мәліметтерді құпия сақтау туралы өтініш айтқан.

Skype қожайыны Microsoft (Майкрософт) компаниясы хаттағы мәселені тексеріп жатқандарын айтты, бірақ әлі көпшілік алдында мәлімдеме жасаған жоқ.

Лондондағы Privacy International азаматтық құқық қорғау тобының технологы Сэм Смиттің айтуынша, «2005 жылы Skype өзінің осы құрылғысын «қауіпсіз байланыс құралы» деп жариялап, «ешкім тыңдамайды» деп мәлімдеген.

- Бірақ 2011 жылы Microsoft Skype-ты 8 миллиард 500 миллион АҚШ долларына сатып алғаннан бері, компания қоғам алдында ондай мәлімдеме жасаған емес. Skype-тың 2005 жылғы хабарламасынан соң адамдар оны жаппай қолдана бастады. Ол кезде интернет-телефон арзан, тіпті тегін, әрі қауіпсіз болатын. Егер жүйеде өзгерістер болып жатса, Skype-пайдаланушылар оны білуге және қалауынша шешім қабылдауға құқылы еді, - дейді ол.
Skype таңбасы.
Skype таңбасы.

Кейбір сарапшылар онлайн белсенділеріне әңгімеге кіріспес бұрын ойланып алуға кеңес береді.

Пуже бұл жайында:

- Интернет арқылы сөйлеспес бұрын өзіңізден «Интернет телефонмен айтқаным жөн бе, әлде чат арқылы жазсам ба екен?» деп сұраңыз. Егер чатпен сөйлесу жеткілікті болса, хатыңызды шифрлап (жұмбақтап) беретін тиімді балама қолданыңыз, - дейді.

Мамандар интернет пайдаланушыларға «провайдеріңіздің ақпарат қауіпсіздігін сақтау саясатына баса мән беріңіз» деген кеңес береді.

Privacy International маманы Смиттің пікірінше, провайдерлер ақпаратты биліктің қолына берсе, шифрланған құжатты ашып оқу қиын емес. Билік органдары интернеттегі деректі қаншалықты жиі және қандай жағдайда талап ететіні - билік пен провайдерлер арасындағы даулы мәселе. Олардың қарым-қатынасы ақпаратты талап еткен елге, интернет компаниялардың саясатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG