Accessibility links

Әлеуметтік жәрдемге мұқтаждарға мемлекет қарайласпақ


Оңтүстік Қазақстан облысында мақта теріп жүрген зейнеткер әйел. 17 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Оңтүстік Қазақстан облысында мақта теріп жүрген зейнеткер әйел. 17 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

2018 жылы қолданысқа енетін жаңа әлеуметтік бағдарламаларды аймаққа түсіндіруге барған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Оңтүстік Қазақстан облысында алдағы жылы медициналық көмектен 400 мыңнан аса адам қағылуы мүмкін деп ескертті. Жергілікті билік "қиындық барын" мойындайды.

БІРЕГЕЙ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

Шымкент қаласының тұрғыны, мамандығы мұғалім 32 жастағы Огилай Арыстанова жұмыссыз жүргеніне жеті жыл болғанын айтады. Күйеуі де жұмыссыз. Отбасындағы алты жан тоқсан сайын берілетін 24 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек пен төрт баласына ай сайын берілетін жәрдемақыға күнелтеді екен.

Огилай қазіргі кезде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына төленіп келген үш түрлі жәрдемақының орнына 2018 жылдан бастап бірегей атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы қолданысқа енетіні туралы Шымкентте осы бағдарламалар жөнінде халыққа түсініктеме берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарынан естіген. Министрлік өкілдерінің айтуынша, Огилай тәрізді жұмыссыздарға өз кәсібін бастау үшін кедейлік шегінен асқанға дейін тұрақты түрде мемлекет жәрдемін иеленуге мүмкіндік беретін "Өрлеу" жобасы арқылы қаржылай көмек берілмек. Облыс бойынша биылғы жылдың алғашқы жартысында 75 мыңға жуық адамға осы жоба аясында мемлекеттен қаржылай жәрдем көрсетілген.

- Төрт балама айына 9800 теңге шамасында әлеуметтік көмек алып келемін. Ал 2018 жылы бұл әлеуметтік көмек тоқтап, жаңа бағдарлама негізінде көмек беріледі екен. Әлеуметтік көмекті жинақтап бергені бізге тиімді. "Өрлеу" қаржы берсе, мал алып, бордақылап, тіршілігіңді жасауға болады, - дейді Огилай Арыстанова.

Еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген адамдар. Шымкент, 24 тамыз 2016 жыл.
Еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген адамдар. Шымкент, 24 тамыз 2016 жыл.

Шымкенттік Забира Мукашова алдағы 2018 жылы зейнеткерлікке шығатындардың бірі. 57 жастағы әйел екі жыл жұмыссыз жүріп, жұмыспен қамту орталығының көмегімен 6 айға қоғамдық жұмысқа тартылған. Бірақ осы тамыз айында келісім-шарт мерзімі аяқталған соң қайда жұмысқа баратыны белгісіз.

- Егде жастағы адамдарға жұмыс табу оңай емес. Көбі жастарды жұмысқа қабылдағысы келеді, - дейді ол.

Зәбира Мукашова зейнеткерлік жасын көтеру туралы жаңа реформа бойынша, өзінің зейнетке шығу жасына жарты жыл қосылатыны туралы сәрсенбі күні Шымкентте өзі кеңес алған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінен білгенін айтады.

- 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілім, 1998 жылдан кейін еңбекақымнан зейнетақы қорына аударған ақша емес, соңғы 3 жылдық табысымнан түскен ақша ғана есептелінеді екен, - дейді ол Азаттыққа.

Зәбира зейнет жасына қатысты реформа өзіне көп біліне қоймайды деп санайды. Үкімет жоспары бойынша, 2018 жылдың қаңтарынан бастап жыл сайын 6 айдан қосып отырып, енді он жылдан кейін Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке жеткізу көзделген.

- Ол жасқа жетпей қайтыс болатын әйелдер қаншама. Ауыр жұмыс істейтіндерге тым қиын. Өзің жұмыссыз болсаң, зейнеткерлікке кеш шықсаң, олардың күні не болмақ? - дейді Забира Мукашова.

МӘРТЕБЕСІ АНЫҚТАЛМАҒАН 423 МЫҢ ТҰРҒЫН

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері 26 шілде - 2 тамыз аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал, Ордабасы ауданы мен Шымкент, Түркістан қалаларындағы жағдаймен танысып, тұрғындарға 2018 жылдың басынан қолданысқа енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, атаулы әлеуметтік көмек, әйелдердің зейнет жасының өсуі және нәтижелі жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті жаппай дамыту жайлы кеңестер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Тамыздың 2-і күні Шымкенттегі қорытынды жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Бидайбердіұлы медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты Оңтүстік Қазақстан облысында бірнеше жүз мың азаматтың мәртебесі әлі анықталмай отырғанын айтты.

- Облыста 881 мыңнан астам азаматтың мәртебесін анықтау міндеті қойылған. Әлі күнге 423 410 адамның мәртебесі нақты емес. Олардың 33 мыңы жұмыссыз болса, қалғаны өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, - дейді ол.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова. Шымкент, 5 сәуір 2017 жыл.
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова. Шымкент, 5 сәуір 2017 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұл 423 мыңнан аса адам жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде тіркелмесе тегін медициналық көмек ала алмайды деп ескертті.

- Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындар зейнетақы жарнасын төлемейді. Бұл азаматтар 2018 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмек ала алмайды. Сонда олар қайда барады? - деді ол.

Министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық қызмет пайдалану үшін өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар жергілікті салық органына тіркелуі тиіс екенін айтты.

- Айына 1414 теңгеден, жылына барлығы 18 мың теңге төлесе толық қажетті медициналық көмекті алады. Егер 2018 жылдың қаңтар айына дейін үлгермесе, өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамтыған азаматтар 2020 жылға дейін емхана көмегін мемлекет тарапынан тегін алады. Жоспарлы стационарлық көмекті өз қаражатына алады, - дейді Дүйсенова.

Министр міндетті медициналық қордың ортақ болатынын, ол дүниежүзіндегі тәжірибеге сай құрылғанын айтады.

Министрдің мәліметі бойынша, қазір Оңтүстік Қазақстан облысында 224 отбасы тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа толмаған балалары бар 58 мың отбасы - ай сайын балаларға жәрдемақы алады. Осылардың арасында 12830 отбасы "Өрлеу" жобасына қатысып отыр.

- Облыста 46 мыңға жуық отбасы немесе шамамен 200 мың адам келесі жылдан бастап жәрдемақы ала алмай қалуы мүмкін. 400 мыңнан аса жұмысыз отырған азамат тағы бар (ресми тіркеудегі жұмыссыздар мен салық инспекциясына тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды айтады – ред.). Бұл – өте күрделі мәселе. Аудан әкімдері әлі күнге атаулы әлеуметтік көмектерді кімге төлеп отырғанын білмейді, - деді министр.

Әлеуметтік саланың өзекті мәселелері тақырыбына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өткен жиынға қатысушылар. Шымкент, 2 тамыз 2017 жыл.
Әлеуметтік саланың өзекті мәселелері тақырыбына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өткен жиынға қатысушылар. Шымкент, 2 тамыз 2017 жыл.

Қорытынды жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев әлеуметтік салаға қатысты "аймақта бірқатар қиындық" барын жоққа шығармады.

- Медициналық сақтандыру, тіркеу мәселесі тағы бар. Әділет департаменті, еңбек инспекциясы мен біздің мәліметтерімізде үлкен айырмашылық бар. Алдымен осыны ретке келтіру керек, - деген облыс әкімі аудан басшыларына тиісті жұмыстарды қаңтарға дейін аяқтауды тапсырды. Өйтпеген жағдайда медициналық көмектен қағылған тұрғындар наразылығы тууы мүмкін екенін де ескертті әкім.

Қазақстанда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер биылғы шілде айынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудара бастаған. Заңға сәйкес, жұмыс беруші ай сайын жұмыскердің жалақысынан 1 пайыз мөлшерінде, бірақ 3668, 9 теңгеден көп емес аударым жасауға, жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар – жеке қорғаушылар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар айлық жалақысынан 5 пайыз немесе 2445, 9 теңге төлеуге тиіс. Тамыздың 1-і күні Астанада өткен үкімет жиынында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жұмыссыз немесе табысы аз азаматтарды анықтап, оларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіріктіруді тапсырған.

XS
SM
MD
LG