Accessibility links

Apple-ді құрған адамның Совет одағына сапары


Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобс (оң жақта) Ресей президенті Дмитрий Медведевке iPhone 4 сыйлап тұр. Калифорния, 23 маусым 2010 жыл.
Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобс (оң жақта) Ресей президенті Дмитрий Медведевке iPhone 4 сыйлап тұр. Калифорния, 23 маусым 2010 жыл.

Apple компаниясы негізін қалағандардың бірі Стив Джобс Совет одағында қайта құру кезеңі енді басталған кезде дербес компьютерлер шығару туралы ұсыныспен Мәскеуге барған. Бірақ оның көздегені орындалмаған.

1985 жылдың жазында Мәскеудегі АҚШ елшілігінің сауда-саттық жөніндегі жас атташесі Калифорниядағы Apple компьютер компаниясының екі өкілін қабылдайды. «Бірі егделеу кісі екен. Ал екіншісі – тік шашты, бойшаң әрі арықша келген дегбірсіз жас жігіт еді» деп еске алады қазір бұрынғы атташе Майк Мерин.

Жасы егделеу адамның визиткасында компания заңгері екені жазылыпты.

– Мен мұны лауазымды қызмет шығар деп ойладым. Ал екіншісінің визиткасында оның компаниядағы рөлі жайлы ештеңе жазылмапты, сондықтан оған мүлде мән бермедім, - дейді Мерин Азаттыққа.

Майк Мерин өзі қабылдаған қонақтардың СССР-де Apple компьютерлері өндірісін ашу жоспарын айтып бергенін еске алады. Ал атташе мұхиттың ар жағынан келген екеуіне ондай жоспар «қырғи-қабақ» соғыстағы АҚШ-тың қас жауының қолына жаңа технологиялардың түсуіне жол бермеуге бағытталған «қисапсыз» экспорттық шектеулерді бұзатынын ескерткен. Оның жауабы жас жігітке ұнамаған.

Apple компаниясы 1984 жылы қаңтарда шығарған «Макинтош» дербес компьютері.
Apple компаниясы 1984 жылы қаңтарда шығарған «Макинтош» дербес компьютері.

– Сол-ақ екен әлгі бойшаң жігіт орнынан атып тұрып, маған: «Сіз соншама кім едіңіз? Ұсақ бюрократсыз, не істеп отырғаныңызды білесіз бе, өзі!» деп айғайлай бастады, - дейді экс-атташе.

Ол кезде Майк Мериннің жасы 25-те еді. Жас жігіттің жанындағы егделеуі – Эл Ейзенстат қызба әріптесін тыныштандыруға тырысқан.

Қазір Мерин сол бір жайтты күліп еске алады. Сауда миссиясындағы әлгі кездеуден кейін, кешкісін үшеуі грузин мейрамханасына барған. Мерин грузиннің еттен жасалған ұлттық тағамдарына тапсырыс бере бастаған кезде Apple компаниясының жас өкілі «Маған салат болса жетеді» деп мәлімдеген. – Қандай ақымақпын, құдай-ау, бұл – Стив Джобс емес пе деген ой маған тек сол сәтте ғана келді. Ал мен оны компанияның заңгеріне көмектесу үшін еріп келген бір жас жігіт шығар деп ойлағам, - дейді Мерин. Стив Джобстың ет жемейтінін сол кезде-ақ бүкіл Америка білетін.

Стив Джобс 2011 жылы 56 жасында қайтыс болғаннан кейін оның Михаил Горбачев билікке келген бетте СССР-ге жасаған алғашқы әрі соңғы сапарына қатысты жаңа жайттар ашыла бастады.

КГБ МА, ӘЛДЕ ЦРУ МЕ?

1988 жылы Стив Джобс АҚШ қорғаныс министрлігіне қарасты қауіпсіздік қызметіне СССР-ге сапары кезінде «ЦРУ мен КГБ-ның біріне жұмыс істеген» халықаралық заңгермен істес болуына тура келгенін мәлімдеген. Бұл туралы ақпарат Джобс құпия ақпаратты пайдалануға рұқсат алу үшін толтырған құжаттарда бар. Wired журналы сауалнама көшірмесін ақпарат еркіндігі туралы заң аясында алған.

Стив Джобске арнап iPhone пішінінде орнатылған ескерткіш. Санкт-Петербург, Ресей, 10 қаңтар 2013 жыл.
Стив Джобске арнап iPhone пішінінде орнатылған ескерткіш. Санкт-Петербург, Ресей, 10 қаңтар 2013 жыл.

Жарияланған құжаттардан әлгі заңгердің есімін сызып тастаған, бірақ Джобс әлгі адамның Парижден екенін және «АҚШ пен Совет одағы арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға көмектескенін» айтқан.

Джобс бұдан бөлек, Мәскеудегі қонақ үйдің бөлмесіне «шақырусыз әрі еш себепсіз» келген теледидар жөндейтін шебер де «мені аңдыды» деп күдіктенген. Бұл жайлы журналист Алан Дойчман 2000 жылы шыққан «Стив Джобстың екінші келуі» («Второе пришествие Стива Джобса») деген кітабында жазған.

"МАК" ЖАСАҒАН ТӨҢКЕРІС

1985 жылы шілденің басында екі күнге Мәскеуге келер алдында Париждегі сауда көрмесіне қатысқан Джобсқа АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Джордж Буш «революцияға іштен серпін беру үшін Ресейге компьютерлеріңді бер» деп кеңес берген. 2011 жылы Уолтер Айзексон жариялаған Стив Джобстың өмірбаянында осылай жазылған. Бұрынғы сауда атташесі Мерин де «Бушпен кездесіп, сөйлескенін Джобс Мәскеуде болған кезінде айтқан» деп мәлімдейді.

Мәскеу сапарына шыққан кез Джобс өнімдерінің сатылым көлемі тез құлдырай бастаған компаниядағы бүкіл өкілеттігінен айырылып қалған шақ болатын. Ол содан бірер айдан кейін Apple компаниясынан кетіп, арада 10 жыл өткенде ұялы байланыс пен электроника саласында төңкеріс жасаған iPhone жәре iPad өнімдерімен нарыққа қайта оралғаны мәлім.

Стив Джобс Apple компаниясының өнімдерін таныстырып тұр. Сан-Франциско, АҚШ, 5 қыркүйек 2007 жыл.
Стив Джобс Apple компаниясының өнімдерін таныстырып тұр. Сан-Франциско, АҚШ, 5 қыркүйек 2007 жыл.

– Джобс Буштың Совет одағын «Мак» компьютерлеріне толтырып тастауға тырысу керек, өйткені, совет адамдарының оған қолы жетсе, ақпараттық хабарламалар алып, компьютерден революцияға дем беретін дүниелерді, қысқасы АҚШ-қа көмектесетін барлық нәрсені қағазға басып шығара алады деген идеясын әбден мақтады, - дейді Мерин.

Бірақ ол кезде Вашингтон Apple компаниясына «Макинтош» компьютерлерін Совет одағына сатуға рұқсат бермей қойған. Алайда қуаты одан кемдеу Apple ІІ моделі бұл тыйымға ілікпеді. Айзексон грузин мейрамханасында отырған кезде Джобстың Меринге айтқан: «Біздің мүддеміз тұрғысынан сондай тиімді болса, мұны Америка заңдарына қайшы деп қалай айтуға болады?» деген сөздерін келтірген.

«АҚЫЛ-ОЙҒА АРНАЛҒАН ВЕЛОСИПЕД»

Мәскеуге сапары кезінде Стив Джобс есептеу техникасы жөніндегі оқу-өндірістік орталық студенттері алдында лекция оқыған. Ресей ғылым академиясының мүшесі Виктор Захаров 2011 жылы Стив Джобстың «Мен Калифорния штатындағы Кремний алқабынан шыққанмын. Электроника – менің қаныммен біте қайнасқан нәрсе. 10 жыл бұрын америкалық журналдардың бірінде биологиялық тіршілік иелері үшін қимыл-қозғалыстың пайдасы жайлы мақала жарияланды. Бірінші орынға кондор ілікті. Бірақ велосипед тебудің адамға пайдасы одан кем түспейді. Бұл адам мүмкіндігін арттыру үшін аспаптың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді» деген сөздері сақталған жазбаларын жариялады. Оның толық мәтінін PCWeek журналынан оқуға болады.

Виктор Захаров келтірген сөздер Стив Джобстың жұрт алдында сөйлеген сөздеріне толық сай келеді. Кондор мен велосипедтегі адам образдары – оның ертеректе оқыған мақаладан алған сүйікті бейнелері. Шын мәнінде, компьютер көріпкелінің компьютерді «біздің ақыл-ойымызға арналған велосипед» деп сипаттаған әрі ең көп тараған метафорасы да осы бейнелерден туған еді.

ШЕТЕЛДІК ТРОЦКИСТ

Уолтер Айзексон Стив Джобстың өмірбаяны туралы кітабында жазуынша, ол Мәскеуде болған кезде «Лев Троцкий жайлы сөйлескісі келетінін айта берген». Айзексонның жазуынша, сапар кезінде Джобсқа еріп жүрген «КГБ қызметкері» оның «екпінін басуы» тиіс болған.

Дмитрий Медведевтің Ресей президенті болып тұрған кезде iPad ұстаған Стив Джобстың үлкен бейнесі алдында түскен суреті. Мәскеу, 23 маусым 2011 жыл.
Дмитрий Медведевтің Ресей президенті болып тұрған кезде iPad ұстаған Стив Джобстың үлкен бейнесі алдында түскен суреті. Мәскеу, 23 маусым 2011 жыл.

Айзексон КГБ қызметкерінің Джобсқа «Троцкий жайлы айтпаңыз. Мұны біздің тарихшылар зерттеп шыққан, ол – көрнекті тұлға емес» деп айтқан сөздерін келтіреді.

Айзексонның жазуынша, бұл сөз Джобсты қастандықпен өлтірілген большевик туралы айтуға одан сайын қамшылай түскен. Ол студенттермен семинарға келген кезде сөзін Троцкийді мақтаудан бастаған. Бірақ бұл сөзді Виктор Захаров естісе, оның жазбаларында бұл эпизод неге жоқ деген сұрақ туады.

САЯЖАЙҒА БАРУҒА ТЫЙЫМ

Айзексонның жазуынша, Джобс пен сауда атташесі Меринмен кездесуге қатысқан заңгер Ейзенстат Мәскеудегі АҚШ елшілігі 4 шілдеге орай берген қонақасыда болған. Бірақ, Мериннің айтуынша, АҚШ елшісінің Мәскеу түбіндегі саяжайында өткен тағы бір жеке банкетке Джобс пен кей америкалық өкілдердің баруына совет билігі рұқсат бермей қойған.

– Олар америкалықтардың, әсіресе бизнесмендердің елші саяжайына баруына барынша бөгет жасап, мұны үлкен проблемаға айналдырып жіберді. Қитыққа тиіп, қасақана бөгет жасады. Адамдарды ол жаққа жібермеуге еш себеп жоқ еді, бірақ бұл олардың «бөгет жасай аламыз әрі бөгет бола береміз» деп қыр көрсету амалы болатын, - дейді Мерин.

2016 жылдың 1 сәуірінде Стив Джобс өзгелермен бірге негізін қалаған Apple компаниясы 40 жылдығын атап өтті. 2015 қаржы жылы оның сауда айналымы 233 миллиард АҚШ долларын құрады. 2016 жылдың қаңтарындағы есеп бойынша, компанияның нарықтық құны 537 миллиард долларға бағаланған.

(Карл Шректің материалы негізінде әзірленді.)

XS
SM
MD
LG