Accessibility links

БҰҰ адам құқықтары комитетінің Қазақстанға қатысты сессиясы басталды


Дулат Құсдәулетов, Қазақстанның әділет вице-министрі БҰҰ-ның отырысында Қазақстандағы адам құқықтары бойынша кіріспе сөз сөйлеп отыр. Женева, 14 шілде 2011 жыл
Дулат Құсдәулетов, Қазақстанның әділет вице-министрі БҰҰ-ның отырысында Қазақстандағы адам құқықтары бойынша кіріспе сөз сөйлеп отыр. Женева, 14 шілде 2011 жыл

Қазақстандағы адам құқықтарының жай-жапсарын талқылау үшін БҰҰ 14-15 шілде арнайы сессия өткізіп жатыр. Қазақстандық делегация басшысы "биылғы сәуірдегі сайлаудан соң президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көштік" деп мәлімдеді.


БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде өтіп жатқан адам құқықтары бойынша комитетінің сессиясына қазақстандық делегацияны бастап келген әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов баяндамасын "Қазақстанның экономикалывқ жетістіктерін" тізбелеуден бастады. Елдегі орташа айлық жалақының соңғы жылы "5 есе өскенін" атап өткен ол, инновациялық-индустриялық бағдарлама сияқты Қазақстан үкіметінің жобаларын түгендеп барып тоқтады.

Саяси реформа мен адам құқықтары туралы баяндаған Дулат Құсдәулетов Қазақстанның биылғы сәуір айында "демократиялық нормаларға сәйкес әділ президенттік сайлау өткізіп, президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшкенін" мәлімдеді.

Бұдан кейін сөз алған әділет министрлігінің халықаралық істер департаментінің директоры Эльвира Әзімова бұл отырысқа дейін БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша комитетінің 30 сауалына жауап беріп үлгіргенін хабарлады.

Оның сөзінен сұрақтардың негізінен конституциялық құқықтарға, конституцияның үстемдігіне, терроризмге қарсы шараларға, азшылықтардың құқықтарына және гендерлік, әлеуметтік һәм нәсілдік кемсітушілікке қатысты қойылғаны байқалды.

Комитет мүшелері қазақстандық делегациядан "саяси тұрақсыздық жағдайында төтенше жағдай жарияланады" деген жолдары бар заң бабына қатысты шұқшия сұрақ қойды. Бұдан бөлек өлім жазасына мораторий жариялау және өмір бойы жазасын түрмеде өтеу жазасына кесілгендердің жай-күйі, оларды кепілге босату мәселелері бойынша сауалдар қойылды. Тағы бір комитет мүшесі Қазақстанның қамау орындарындағы азаптау мәселесін көтерді. 2008-2009 жылдардағы есептерде Қазақстанның ресми жауаптары мен шынайы жағдайдың қарама-қайшы екені көрінді деген пікір айтылды.

Комитеттің Қазақстандағы адам құқықтарына арналған сессиясы ертең де жалғасад. Азаттық радиосы бұл отырысты тікелей веб-трансляция арқылы Алматы уақыты бойынша бүгін 19.00 мен 22.00 арасында, ертең 14.00 мен 22.00 аралығында көрсетіп тұрмақ.
XS
SM
MD
LG