Accessibility links

«Жиһад жасқа қарамайды»


Азаттыққа өзін Сириядағы өзбек жауынгері ретінде таныстырған содыр «Имам Бухари жамағаты» тобының жетекшісі Салахаддин әл-Өзбекидің 14 жасар ұлы ұрыста қаза тапқанын хабарлады.
Азаттыққа өзін Сириядағы өзбек жауынгері ретінде таныстырған содыр «Имам Бухари жамағаты» тобының жетекшісі Салахаддин әл-Өзбекидің 14 жасар ұлы ұрыста қаза тапқанын хабарлады.

«Талибан» экстремистік ұйымымен байланысы бар «Имам Бухари жамағаты» тобы қатарында соғысып жүрмін деген өзбек ұлты өкілі Сириядағы ұрысқа жас балалар да қатысып жатқанын айтып, «жиһад жасқа қарамайды» деді.

Тамыз айында Азаттықтың Өзбек қызметімен Сирияда жүрген бір кісі байланысқа шыққан еді. Өзін сол адам ретінде таныстырған содыр қыркүйектің 14-і күні Азаттық радиосының Өзбек қызметіне Сирияда тіркелген ұялы телефоннан WhatsApp қосымшасымен хат жазды. Бірақ содыр аты-жөнін айтудан бас тартты.

«Имам Бухари жамағаты» аталатын жасақ 2014 жылы ауғандардың «Талибан» тобымен одақтас болуға анттасып, содан бері «әл-Қаиданың» Сириядағы жақтасы «Жабхат әл-Нусрамен» бірге ұрысқа қатысып жүр.

Қыркүйектің басында «Имам Бухари жамағаты» тобының жетекшісі Салахаддин әл-Өзбекидің жасөспірім баласы соғыста қаза тапты деген ақпарат тараған. Азаттықпен байланысқа шыққан бұл адам баланың қалай «шәһит» болғанын көзіммен көрдім дейді.

Оның айтуынша, Омар есімді бала өзбек тобы бекінген Алеппо аймағында әкесімен бірге Сирия үкіметі әскеріне қарсы соғысқа қатысып, сонда қаза тапқан.

ОҚҚА ҰШҚАН БАЛА

Қыркүйектің 13-і күні өзбек содыры Азаттыққа онлайн-сұхбат беріп, бала қазасының жай-жапсарын айтты әрі «Имам Бухари жамағаты» тобының балаларды ұрысқа араластыру идеологиясын түсіндіріп берді.

Сириядағы өзбек моджахедтері балалармен сөйлесіп тұр. (Көрнекі сурет)
Сириядағы өзбек моджахедтері балалармен сөйлесіп тұр. (Көрнекі сурет)

Осының алдында Сирияда соғысып жүрген шешен жасақтары да «Салахаддиннің ұлы 16 жасында қаза тапты» деген ақпарат таратқан еді. Ал өзбек содырының айтуынша Омар бар-жоғы 14-те болған.

«Шейх Салахаддиннің ұлы шәһит болды. Мен Омармен бір қатарда тұрғанмын. Қарулы адам оны тоғыз метр жерден атып тастады» дейді ол.

Оның айтуынша жас бала өзбек жасағының қолбасшысы қызметін атқарыпты. «Әміріміз Салахаддиннің 14 жасар баласы – Омар біздің қолбасшымыз еді, себебі ол өте батыл болатын» деп түсіндірді аты-жөнін айтпаған өзбек содыры.

«ТОҒЫЗ ЖАСАР САРБАЗЫМЫЗ ДА БАР»

Сұхбаттасымыздың айтуынша, Омар – өзбек тобының құрамында соғысып жүрген жалғыз бала емес.

«Біздің арамызда қолына қару алып моджахед («жиһадшы» сарбаз) болып жүрген 9, 10, 11, 12, 14 жасар балалар бар» дейді ол.

Жас балалардың бәрі алдыңғы шепте жүре ме, әлде олардың соғыстағы рөлдері әртүрлі ме - сұхбаттасымыз бұл туралы ашық айтпады. Өзбек содырының айтуынша, «жиһад жасқа қарамайды». Өз сөзін дәлелдеу үшін ол ислам діні тарихынан мысалдар келтірді.

«Халиф Омардың баласы жиһадқа шыққанда бар-жоғы 10 жаста болатын» деген ол 7-ғасырда құрылған Ислам халифатының екінші халифі Омар ибн әл-Хаттаб өмірінен мысал келтірді.

«Біз жиһад соғысына кез келген жаста қатыса аламыз. Егер бауырларыңа ең қиын кезде қол ұшын бермесең, оларға басқа кім көмектесе алады?» дейді WhatsApp –сұхбаттасымыз.

14 жасар баланың өлімін ақтап алу үшін ол содырлар қолданатын ислам идеологиясының және бір тұсына тоқталды.

«Моджахедтер өлмейді, олар мәңгі тірі» деді содыр. Құрандағы «шәһит» туралы аятқа сүйенген олар «жиһадта құрбан болғандар мәңгі жасайды» деп санайды. Құран аятында «Алла жолында шейіт болғандарды «өлді» демеңдер. Олар тірі, бірақ сендер оны білмейсіңдер» деген.

«БІЗ МҰСЫЛМАНДАРДЫ ӨЛТІРМЕЙМІЗ»

Сириядағы өзбек содырлары деп жарияланған сурет.
Сириядағы өзбек содырлары деп жарияланған сурет.

Азаттық тілшісімен мұның алдында болған сұхбатында өзбек содыры «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобын қатты сынаған еді. Бұл жолы да ол «Имам Бухари жамағатының» ИМ-нен әлдеқайда күшті екенін дәлелдеуге тырысып бақты.

«Сирияда біз ИМ басып алған аймақтардағыдай мұсылмандарды өлтірмейміз. Өзіңіз келіп көрсеңіз де, мұнафық агенттеріңізді жіберсеңіз де болады», - дейді ол.

«Мұнафық» - Аллаға сенбейтін, бірақ Алла жолында жүрмін деп алдайтын адам деген мағына беретін араб сөзі.

«Біздің арамызда әлемнің түкпір-түкпірінен келген агенттер мен тыңшылар жүр» дейді өзбек содыры.

Йоанна Паражчук пен Барнохон Исакованың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG