Accessibility links

Сирияда қаза тапқан қырғызстандық өзбек


«Әл-Қаиданың» сириялық филиалының орыс тіліндегі басылымы White Minaret жариялаған Қырғызстанда туып-өскен өзбек содыры Усманның суреті.
«Әл-Қаиданың» сириялық филиалының орыс тіліндегі басылымы White Minaret жариялаған Қырғызстанда туып-өскен өзбек содыры Усманның суреті.

«Әл-Қаиданың» сириялық филиалының орыс тіліндегі басылымы White Minaret (Ақ мұнара) Қырғызстанда туып-өскен этникалық өзбектің экстремистік топқа қосылып, соғыста қаза тапқанын хабарлады.

24 жастағы Усман «Жабхат ән-Нусра» ұйымы қатарында соғысып, Алеппо провинциясының Азаз қаласына жақын жерде АҚШ әскерилерімен болған шайқаста мерт болған. White Minaret сайтының жазуынша, «Усман Сирияға Қырғызстанның оңтүстік батысындағы Баткен облысынан барған». Жас жігіт туған қаласында радикалды идеялар ықпалына түседі, содан соң көп ұзамай Сирияға аттанады.

РАДИКАЛДАНУ

«Біраз уақыт бұрын ол да басқа ТМД елдерінің жастары тәрізді жаһіл өмір сүрді» деп жазады басылым. «Жаһіл» сөзі араб тілінде «надандық» дегенді білдіреді. Бұл сөзді 1960-жылдары египеттік әсіредіншіл Сайид Қутб жиі қолданған, оның еңбектері «Әл-Қаидаға» ықпал етті.

White Minaret этникалық өзбек «Әбдуали Кори Мирзаевтың уағыздары Усманның исламды қабылдауына түрткі болды» дейді. Танымал имам Мирзаев 1995 жылы жоғалып кетті, жақтастары «оны Өзбекстан барлау қызметкерлері ұрлап кетті» дейді (White Minaret «олар Мирзаевты өлтірді» деп жазады – авт.).

МӘСКЕУ САПАРЫ

Қырғызстанда радикалдана бастаған Усман еңбек мигранты ретінде Мәскеуге келген соң ғана Сирияға баруға қызығады. «Ол күн сайын Сириядағы жаңалықтарды бақылап, кімдердің соғысып жатқанын, моджахед (содырларды айтады – ред.) деген кімдер екенін, жиһадтың не екенін біле бастады» деп жазады White Minaret.

Басылымның дерегі бойынша, Усман «Сайфуллах» қарулы тобы содырларымен байланыс орнатқан, бұл - «Жабхат ән-Нусра» тобына кіретін шетелдік ұйым. Басында бұл топтың негізін қалаған шешен болса да, кейін оны этникалық өзбектер басқарды, қазір бұл топ қатарында Орталық Азия елдерінен барған содырлар көп. Усман осы ұйым ішінде «жақын туыстарының бірі жүргенін білген соң, осы топты таңдайды».

White Minaret-тің «жақын туысы» деп отырғаны Усманның ағайындас туысы емес, туған қаласы Баткенде бірге өскен жолдасы болуы да мүмкін. Қараша айында қырғыз билігі Баткен облысынан 34 адамның Сирияға кеткенін мәлімдеген еді.

СИРИЯҒА АТТАНУ МЕН ҚАЗА ТАБУ

Сирияға аттанар алдында Усман Баткендегі үйіне барған, бірақ жақындарына жоспары жайлы тіс жармаған. Оның бұл әрекетін басылым «жастарды әуежайда және билет кассасында жиі ұстап, ана-анасын шақыратын» деп түсіндіреді. «Усман аз ғана қулық жасап, алдымен Мәскеуге барды, келесі күні Стамбулда болды» дейді дереккөз.

Сирияға Орталық Азиядан барған содырлар деп жарияланған видеодан алынған скришот. (Көрнекі сурет)
Сирияға Орталық Азиядан барған содырлар деп жарияланған видеодан алынған скришот. (Көрнекі сурет)

Сирияда Усман Түркиямен шекаралас Азаз қаласындағы «Нусра» ұйымының жаттығу лагеріне барады. Бірақ оның «жиһад» туралы арманы ұзаққа созылмайды. Бес айдан кейін ол өзінің бірінші ұрысында-ақ қаза табады. White Minaret сайты оны «Усман АҚШ нұсқауымен жүретін америкалық марионеткалармен соғысып жүріп дүние салды» деп жазады.

«Нусра» басылымы АҚШ жаттықтыратын сириялық көтерілісшілерден құралған 30-бөлімді айтып отыр. «Нусра» тобы шілденің 30-ы күні осы 30- бөлімге шабуылдаған, осы айдың басында тағы да соғысып, содырлар ол бөлімнің бірнеше адамын ұрлап, біразын өлтіріп кетті. White Minaret сайтының дерегі бойынша, «Усман дрон ұшақтарының шабуылынан өлген».

30-шы бөлімге жасалған шабуыл туралы Нидерланд солдаты айтқан дерекке қарағанда, «Әл-Қаида» содырлары бөлімді атқылай бастаған соң, дрон ұшақтар олардың орнын анықтап, жойғыш ұшақтарға мәлімет берген. Содан кейін жойғыш ұшақтар жасаған әуе шабуылы кезінде «Нусра» тобының бірнеше содыры қаза тапқан.

White Minaret сайтының Усманды мадақтауы - Сириядағы орыс тілді содырлар арасында кең тараған құбылыс. Осындай хабарлар арқылы олар әсіредіншілдерге «жиһад жасау» үлгісін уағыздайды. Усманның басынан өткен жағдайды хабарлау арқылы Сирияға барғалы жүрген әсіредіншілдерге жүретін жолды да нұсқайды. Оларға Стамбулға өз қаласынан тікелей аттанбауға, айланба жолмен келуге кеңес берілген.

Йоанна Паражчуктың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG