Accessibility links

«Өзбекстан ислам қозғалысы» енді не істемек?


«Өзбекстан ислам қозғалысы» экстремистік тобы жетекшісі Усман Гази мен оның содырларының ИМ-ге ант берген сәті деп жарияланған сурет.
«Өзбекстан ислам қозғалысы» экстремистік тобы жетекшісі Усман Гази мен оның содырларының ИМ-ге ант берген сәті деп жарияланған сурет.

Тамыздың басында «Өзбекстан ислам қозғалысы» экстремистік тобының қазіргі жетекшісі Усман Гази «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымына адал болуға ант берді» деген ақпарат тарады.

Гази 2014 жылдың қыркүйек айында «Өзбекстан ислам қозғалысы» «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымын қолдайтынын» мәлімдеген, бірақ ол кезде өз тобының ИМ-ге қосылғанын айтпаған еді.

Былтыр Гази «Өзбекстан ислам қозғалысы» тағдырын ИМ-ге табыстауға күмәнданса, биыл оған бекінуге өзіндік себебі де бар сияқты. Өзбекстан содырлары жетекшісінің ИМ-ге ант беруі мәселесін талқылау кезінде «Газиді «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырлары қаншалықты қолдап отыр?» деген сауалға қатысты да пікірлер айтылды.

Осы мәселеге қатысты ой бөлісу мақсатында жергілікті тілде «Азатлық» аталатын Азаттықтың Түркімен қызметі дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Онда «Соңғы өзгеріс «Өзбекстан ислам қозғалысы» болашағына қалай әсер етеді, Усман Гази деген кім, «Өзбекстан ислам қозғалысы» басшысы ретінде оның қандай өкілеттіктері бар?» деген сұрақтарға жауап іздеді.

Дөңгелек үстелде Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мұхаммад Тахир модератор болды. Талқылауға жергілікті тілде «Озодлик» аталатын Азаттықтың Өзбек қызметінің екі өкілі – директор Әлішер Сидик пен Сирожиддин Толибов және осы мақала авторы қатысты.

ИМ-ГЕ ҚОСЫЛУҒА АНТ БЕРДІ

«Өзбекстан ислам қозғалысы» содырлары.
«Өзбекстан ислам қозғалысы» содырлары.

Газидің соңғы мәлімдемесіне көп ешкім таңғалмады, себебі соңғы жылдары «Өзбекстан ислам қозғалысы» басшылығы мен «Талибан» экстремистік қозғалысы арасындағы байланыс нашарлап кеткен еді. Гази және «Өзбекстан ислам қозғалысының» басқа да мүшелері «Талибан» басшысы Молла Омардың ұзақ уақыт хабарсыз кетуі кесірінен екіұдай күйде болды – «Талибан» Омардың 2013 жылдан бері бұл дүниеде жоқ екенін растаған соң ғана Гази ИМ экстремистік ұйымына қосылды.

Жиынға қатысушылар ИМ-ге қосылудың басқа да себептерін атады. Толибовтың айтуынша, «Өзбекстан ислам қозғалысы» ИМ-ге қаржы тапшылығы кесірінен қосылуға мәжбүр болған». «Соңғы жылдары Парсы шығанағы елдерінен келетін қаржы азайып, топ мүшелері күн көру үшін күресті» дейді ол.

2001 жылдың соңынан бері «Өзбекстан ислам қозғалысының» көптеген әскерилері Пәкістан тайпалары тұратын аумақта өмір сүрді, АҚШ сарбаздары Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы топ бекінген орындарын бомбалаған соң, олар осында келген еді. «Өзбекстан ислам қозғалысы» аймақтағы тайпалар арасындағы «Талибан» және «Әл-Каиданы» қолдаушыларды өзіне қосып алып, Ауғанстанға шекара арқылы шабуылдап, Пәкістан қарулы күштерімен соғысты.

«Өзбекстан ислам қозғалысы» жетекшісі Жұма Намангани 2001 жылдың қарашасында Ауғанстанның Құндыз провинциясында АҚШ әуе шабуылынан опат болған. Одан кейінгі екі басшы – Тахир Юлдаш пен Одил Усман «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырларының Пәкістанның тайпалар аумағындағы соғыстарында қаза тапты.

Пәкістанда соғысып жүрген кезінде «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырларының негізгі мақсаты өзгерді. Өзбекстан үкіметін құлату міндетінің орнына Пәкістанның тайпалар мекендейтін аумағында жан сақтау мұқтаждығы туды, солайша бұл экстремистік топ Ауғанстан-Пәкістан шекарасындағы әскери-саяси қақтығыстың бір бөлігіне айналды. Сидиктың айтуынша, «Газидің анты топты бастапқы мақсатына жақындатады. «Өзбекстан ислам қозғалысы» бұл тұрғыдан алғанда, аймақта «халифат» құруды көздеген әуелгі мақсатына оралды».

«Өзбекстан ислам қозғалысының» Пәкістанда жүргенінде Орталық Азиядан өз қатарына жаңа жауынгерлер қосуы да қиындаған еді. «Бұдан кейін олардың экстремистік пиғылды жастарды өзіне қосып алуы жеңілдейді. Енді олар Ауғанстан-Пәкістан шекарасында қақтығыс ұйымдастырушы топтан «жиһадшылар» ұйымына айналды» дейді Сидик.

«ТАЛИБАНМЕН» ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Газидің мәлімдемесі «Өзбекстан ислам қозғалысы» сайтында жарияланды, сондықтан оны топ басшысының ресми сөзі деп есептеуге болады. Бірақ қазір Ауғанстандағы жағдай қатты шиеленіскен, Пәкістанның тайпалық аудандары мен Ауғанстанның солтүстігіндегі «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырларының қаншасы жетекшілерінің сөзіне еретіні беймәлім.

2014 жылдың көктемінде Солтүстік Вазиристан аймағында Пәкістан қауіпсіздік күштері әскери операция бастағалы «Өзбекстан ислам қозғалысы» көптеген содырлары Ауғанстанның солтүстігіне ауып кетті. Бұлар ол жақта бұрынғы одақтастары «Талибанға» қосылды. Ауған үкіметі «солтүстік Ауғанстанда өзбек содырлары жасаған қылмыстар күрт көбейді» деп отыр.

Газидің мәлімдемесі Пәкістанның тайпалар тұратын аумағынан жасалған тәрізді. Бірақ «Талибанмен» бірге үкімет әскерімен соғысып жүрген «Өзбекстан ислам қозғалысы» мүшелері мен «Талибан» басшылығы ИМ-нің Ауғанстан ісіне араласқанын қолдамайды. Сидиктің пікірінше, «Талибан» мен «Өзбекстан ислам қозғалысы» тіл табысудан қалған, өзбекстандық содырлар «Талибанды» «ұлтшыл топқа айналған» дейді». Бірақ бұл - «Өзбекстан ислам қозғалысы» басшыларының ойы, ал Ауғанстанның солтүстігінде жүрген қатардағы содырлар олай ойламауы мүмкін.

Ауғанстанның Құндыз провинциясында жүрген «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырлары.
Ауғанстанның Құндыз провинциясында жүрген «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырлары.

Енді «Усман Газиді «Өзбекстан ислам қозғалысы» жасақтары қаншалықты қолдайды, оның мұндағы беделі қандай?» деген сұрақ туады. Әркез топ басшысы өлген сайын, ұйымнан бөлінгендер болған («Ислам жиһадшылары» ұйымы бұрын «Өзбекстан ислам қозғалысы» құрамында болған) еді.

«2012 жылы Одил Усман қаза тапқан соң, Усман Гази басшы болып сайланғанда (сол жылы – ред.) «Өзбекстан ислам қозғалысы» арасына жік түсті» деген дәлелді ақпарат бар. Бір тобы «Әл-Қаидаға» қосылу үшін Сирияға аттанды. Сирожиддин Толибовтың айтуынша, «Катибут имам әл-Бұқари» тобы қазір Сирияда, олардың қатарында жүздеген салафит, ваххабиттер бар». «Бірақ «Өзбекстан ислам қозғалысы» ханафи мазхабы екенін мақтан тұтатын» дейді ол.

Содырлардың басқа бір тобы Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Фарьяб провинциясына барған тәрізді, ол жақта 2013 жылдың сәуірінен бері зорлық-зомбылық күшейіп тұр.

ТАНЫМАЛ ЕМЕС ЖЕТЕКШІ

Ал Гази туралы деректер аз. «Оның Өзбекстан астанасы Ташкентте туғанын білеміз. Білімді, кәдімгі советтік отбасында өскен, бірақ ол «Өзбекстан ислам қозғалысы» жауынгерлері арасында танымал болған емес» дейді Толибов.

Сидик Гази туралы бір есепте (Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі бақылайтын сайт ақпаратында – ред.) «Өзбекстан ислам қозғалысы» құрылған кезде осы топқа қосылған, бірақ ерекше құрметке ие болмаған адам» деп жазылғанын айтты. Сол сайттың жазуынша, «Гази 30 жасында Өзбекстаннан кетіп, Тәжікстанға барған - «Өзбекстан ислам қозғалысы» қатарына өткен».

Сидик «Өзбекстан ислам қозғалысының» алдыңғы үш жетекшісі тәрізді оның «соғыс шебері» деген атағы жоқ, көп ұрысқа қатыспаған тәрізді. Гази сөйлеген кезде бұрынғы жетекші Тахир Юлдаш сияқты Құраннан көп үзінді келтірмейді» дейді.

«Енді «Өзбекстан ислам қозғалысы» тағдыры «Талибанның» болашағына байланысты болмақ» деген пікір де айтылды. Сидик «Газидің дәл қазір ИМ-ге ант беруіне «Талибанның» бөлініп жатқаны себеп болды» дейді. Молла Омардың қазасынан соң Талибан әлсіреп қалды, олар қазір «Өзбекстан ислам қозғалысының» бөлініп шығуына кедергі бола алмайды.

Бірақ Ауғанстанның солтүстігінде ИМ-нің қара туы әлі көтерілмеді, «Өзбекстан ислам қозғалысы» жасағы «Талибан» қайтадан Молла Мансұрдың маңайына шоғырланып, күшейе ме» деп күтіп отырған сияқты.

Дөңгелек үстелдің аудио нұсқасы (ағылшын тілінде):

please wait

No media source currently available

0:00 0:44:24 0:00
Жүктеп алу

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG