Тәжікстан ислам орталығы пәтуа жөніндегі басқармасының маманы Абдулвахид Хомидовтың қаңтардың 15-і күні Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы) хабарлауынша, елдегі мұсылмандар діни ұйымнан ерлер қауқарын күшейтетін дәрі пайдалану шариғатқа қайшы емес пе деп сұрағаннан кейін ғұламалар кеңесі арнайы пәтуа шығарған.
"Мамандар діни әдебиетті зерттеп, егер ер адамның күш-қауқары әлдебір себеппен әлсіреген болса, онда емдік дәрі қабылдауына болады деген қорытындыға келді" дейді діни ұйым өкілі.
Өткен жылы мамырда Тәжікстанның денсаулық сақтау және тұрғындарды әлеуметтік қорғау мемлекеттік қадағалау қызметі (бұрынғы фармацевтикалық қызметті бақылау жөніндегі мемлекеттік қызмет) белсіздікті емдеуге байланысты азаматтарға дәрігердің рұқсатымен ғана берілетін дәрі-дәрмектер тізімін бекіткен болатын.
"Ерлер қауқарын күшейтетін дәрілердің бір бөлігі тек рецепт бойынша беріледі. Өзгелерін еркін сатуға рұқсат етіледі. Бірақ мәселе онда емес. Дәрігерлер мұндай дәрілердің пайдасы мен зиянын тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет" дейді мемлекеттік қадағалау қызметінің өкілі Махмадали Давлатов Озоди радиосына.
Мамандардың сөзінше, тәжік қоғамында белсіздікке шалдыққан ер азаматтардың көбі дәрігерге қаралғаннан гөрі өз бетінше немесе тамыр-танысының кеңесімен дәрі-дәрмек сатып алып, өзін-өзі "емдегенді" жөн санайды.
"Белсіздікпен мүлде ауырмаса да кей жас жігіттер бізге осындай мәселемен келеді. Көбіне оған жай ғана психологиялық проблема себеп болады, бірақ олар "қауқарым әлсіреген" деп ойлайды. "Не істеймін?" деп сұрайды. Әрине, біз оларды тексереміз, расымен дертке шалдыққан жоқ па, соны анықтаймыз. Бірақ еш ауруың жоқ дегенге олардың көңілі толмайды" дейді тәжікстандық уролог Парвиз Икром.
Дәрігер соңғы кезде жастардың ерлер қауқарын күшейтетін "Тонгкат", "Титан-гель", "Лошадиная сила" тәрізді заттарды жиі пайдаланып жүргенін айтады. Бірақ оларды шамадан тыс пайдалану денсаулыққа зиян деп ескертеді маман.
Дәстүрлі тәжік қоғамында белсіздік ұят нәрсе деп саналады. Ауруға шалдыққан ер адам көптің күлкісіне қалудан қорқып, ондай дертін барынша жасыруға тырысады.
Азаттықтың Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) материалынан аударылды.
ПІКІРЛЕР