Accessibility links

Рахмон өзі мен ұлы үшін Тәжікстан конституциясын өзгерте ме?


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен оның ұлы Рустам Эмомали. 25 желтоқсан 2015 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен оның ұлы Рустам Эмомали. 25 желтоқсан 2015 жыл.

Тәжікстан депутаттары конституцияға өзгерістер енгізуге ұсыныс жасады. Яғни президент сайлауына түсу үшін адамның жасына қойылған шектеулер төмендетіліп, Рахмонның президенттік мерзімі ұзартылмақ. Сарапшылар «президент мұны өзі мен баласы үшін жасамақ» деп болжайды.

Тәжікстан парламенті депутаттары ел конституциясына өзгерістер енгізуді ұсынды. Ол өзгерістер бойынша президент сайлауына түсу үшін адамның жасына қойылған шектеулер төмендетілмек. Сарапшылар «егер негізгі заңға бұл өзгерістер енгізілсе, президент Эмомали Рахмонның ұлына келесі президент сайлауына түсуге мүмкіндік туады» дейді.

Мұнан бөлек, ол өзгерістер 1994 жылдан бері елді басқарып келе жатқан тәжік президентіне мемлекеттегі ең жоғарғы лауазымға кандидатурасын қандай да бір мерзімдік шектеусіз ұсына беруге мұрсат береді.

Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесін көтерген Тәжікстан парламенті депутаттарының бірі Мамадали Ватанов «негізгі заңды өзгертетін уақыт келді» деп санайды. Депутат Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында «Парламент депутаттары өзгерістер жобасын жан-жақты тексергеннен кейін оны конституциялық сотқа жолдайды. Конституциялық сот қорытынды шығарған соң бүкілхалықтық референдум өтетін күн белгіленеді» дейді.

Депутаттар ұсынып отырған өзгерістер мәтінінде депутат болуға қойылған жас шектеуі 35-тен 30 жасқа төмендеген. Одан бөлек, жобада Тәжікстанның қазіргі президенті, «бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы, ұлт көшбасшысы» Эмомали Рахмонға шектеусіз мерзім президент болуға мүмкіндік беретін ұсыныстар бар. Рахмон «ұлт көшбасшысы» мәртебесін былтыр алған еді.

Депутаттар ұсынып отырған өзгерістер қабылданған жағдайда президенттің үлкен ұлы Рустам Эмомалиге 2020 жылы өтуі тиіс президент сайлауына кандидатурасын ұсынуға мүмкін туады. Қазір мемлекеттік қаржылық бақылау және коррупциямен күрес агенттігін басқарып отырған Рустам Эмомали ол кезде 33-ке толады.

Егер конституцияға бұл өзгерістер енгізілсе, 2020 жылы президенттік мерзімі бітетін Эмомали Рахмонның өзіне сайлауға тағы түсуге және одан ары да кандидатурасын ұсына беруге жағдай жасалады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали.

Өзгерістер жобасы бойынша, елде діни партия құруға тыйым салынады. Тәжікстан билігі былтыр елдегі Ислам өркендеу партиясы қызметін тоқтатқан. Ол - Орталық Азиядағы ресми тіркелген жалғыз ислам партиясы еді. Душанбе Ислам өркендеу партиясын экстремистік деп жариялап, оның лидерлерін мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптады. 1992-1997 жылдары азамат соғысы кезінде құрылған партияның мүшелері бұл айыпты теріске шығарады.

Тәжікстан конституциясы 1994 жылы бүкілхалықтық референдуммен қабылданған. Ол кезде елде азамат соғысы болып жатқан. Оған 1999 және 2003 жылы тағы да референдум арқылы өзгерістер енгізілген. 2003 жылы енгізілген өзгерістер президент Эмомали Рахмонға жеті жылдық екі мерзім бойы, яғни 2020 жылға дейін билікте отыруға мүмкіндік берген.

Желтоқсан айының соңында Рахмон «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы, ұлт көшбасшысы» туралы заңға қол қойды. 16 баптан тұратын заң Эмомали Рахмонды қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Осы заң бойынша, Тәжікстан президенті және оның отбасы мүшелеріне тиісуге, өзінің және жақын туыстарының мүлкіне қол сұғуға болмайды.

Тәжік оппозициясы мен белсенділері, құқық қорғаушылары заң талқыланып жатқанда, оны сынаған еді. Кейбір белсенділер тіпті құжатты «демократияны мазақ ету» деп атаған болатын.

XS
SM
MD
LG