Accessibility links

Рахмонның жұбайын «әйелдер лидері» деп жариялауды ұсынды


Эмомали Рахмонның зайыбы Азизамо Рахмонованың қажылық сапарында жүрген кезінде түскен суреті.
Эмомали Рахмонның зайыбы Азизамо Рахмонованың қажылық сапарында жүрген кезінде түскен суреті.

Тәжікстандағы дін істері бойынша сарапшы Абдулло Мухаккик ел президенті Эмомали Рахмонның зайыбы Азизамо Рахмонованы «мұсылман әйелдердің лидері» деп жариялауды ұсынды.

Тәжікстанның «Ховар» мемлекеттік ақпарат агенттігі Абдулло Мухаккиктің мақаласын жариялады. Онда Мухаккик тәжік президенті Эмомали Рахмонның әйелі Азизамо Рахмонованы Мұхаммед пайғамдардың жұбайы Айшамен салыстырып, оны «мұсылман әйелдердің лидері» деп жариялауды ұсынған.

Мухаккик қаңтардың 19-ы күні шыққан мақаласында «Ол (Азизамо Рахмонова) Айша анамыз сияқты Қағбаға тәу етуге асықты, Меккеде және Мәдина қаласындағы Мұхаммед пайғамбарымыздың зираты басында тауап етті» деп жазған.

Абдулло Мухаккик «президенттің жұбайы - Орталық Азия елдері әйелдерінің арасында Қағбаға бірінші кірген және сонда намаз оқыған әйел» дейді. Автор Азизамо Рахмонованың осы әрекетіне ризашылығын білдіріп, оны «мұсылман әйелдердің лидері» деп жариялауды ұсынған.

Мухаккик «Азизамо - президент Эмомали Рахмонның әйелі, ол - қыздарымен бірге Қағбаға кірген алғашқы тәжік әйелі. Одан бері көптеген тәжік әйелдері қажылыққа барды, бірақ оларға Қағба ішіне кіру бақыты бұйырмады» деп жазады.

Мақала авторы президент жұбайының қажылығын «тарихи оқиға» деп бағалаған және Азизамо Рахмонованы «барлық тәжік әйелдерінің мақтанышы» атап, «әйелдер Азизамодан үлгі алуы тиіс»» деген. Абдулло МухаккикТәжікстан президентінің жұбайы туралы кітап жазғысы келетінін де айтып өткен.

Азизамо Рахмонова жұрт алдына көп шыға бермейді. Оның 2014 жылы тәжік ұлттық киімін киіп, Эмомали Рахмонның Малайзияға сапарына еріп барғаны байқалды.

Сол кезде оның бұл әрекетін қолдаушылар көп болды. Сонымен қатар, елдегі әйелдердің орамал тартуымен күрес мәселесін көтергендер де болды.

Эмомали Рахмон биыл қаңтарда Сауд Арабиясына барған сапарында министрлер кабинеті және отбасымен бірге кіші қажылық жасаған еді. Қажылық шетелдік және тәжікстандық БАҚ-та көрсетілді.

Қағба ішінен шығып келе жатқан Емомали Рахмон отбасы. Сауд Арабиясы, 4 қаңтар 2015 жыл.
Қағба ішінен шығып келе жатқан Емомали Рахмон отбасы. Сауд Арабиясы, 4 қаңтар 2015 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның зайыбына «мұсмылман әйелдер лидері» мәртебесін беру ұсынысы президент «ұлт көшбасшысы» болып былтыр желтоқсанда жарияланғаннан кейін жасалып отыр.

Рахмонның өзі қол қойған «Ұлт көшбасшысы» туралы заң оны қандай да бір жауапкершіліктен босатады және қызметінен өз еркімен кеткен күннің өзінде саясатқа ықпалын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мысалы, заңда «Ұлт көшбасшысысының» кеңестері «міндетті түрде орындалатыны» жазылған.

Эмомали Рахмонға және оның жұбайына ондай мәртебе беруге қарсылар «бұл әрекеттер Тәжікстандағы жеке басқа табынуды күшейтеді» дейді.

Оппоненттердің пікірінше, Тәжікстан халқы 21-ғасырда өмір сүріп жатса да газ және электр қуатымен толық қамтамасыз етілмеген, сондықтан «ұлт көшбасшысы» мәртебесі не үшін берілетіні белгісіз. Сарапшылар Тәжікстандағы жеке басқа табыну белгілері елдің халықаралық беделіне зиян келтіріп, елдегі режим Түркіменстан және Қазақстандағы авторитарлық жүйелерге ұқсап бара жатқанын айтады.

2000 жылы қабылданған Қазақстанның тұңғыш президенті туралы заңға 2010 жылы өзгерістер еніп, Қазақстан президенті заңды түрде «Елбасы - ұлт көшбасшысы» атанған еді. Заңға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев «президент өкілетін атқарған кездегі әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылмайды», «оны ұстауға, қамауға, тінтуге, тергеуге болмайды». Заңда Назарбаевпен бірге тұратын отбасы мүшелерінің «мүлкіне, тұрғын және қызметтік үй-жайларына, жеке және қызметтік көлік құралдарына, хат-хабарларына» қол сұққан, «олар пайдаланатын байланыс құралдары мен банктік шоттарының құпиялығын бұзған азаматтар бес жылға дейін сотталатыны» да бекітілген. «Елбасы – ұлт көшбасшысы» мәртебесі ресми бекітілгеннен кейін, 2011 жылы қаңтарда Қазақстан парламенті конституцияға Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізді.

XS
SM
MD
LG