Accessibility links

Рогун ГЭС-іне арналған плотина құрылысы басталды

Тәжікстанда 29 қазан күні Рогун ГЭС-іне плотина салу үшін Вахш өзенінің арнасын бұру рәсімі өтті. Оған ел президенті Эмомали Рахмон бастаған билік өкілдері және Тәжікстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Бұл нысанның құрлысына "мақталы" Өзбекстан бұрын қарсылық білдіріп келген. Өзбекстанды 27 жыл үздіксіз басқарған президент Ислам Каримов қайтыс болған екі айдың ішінде Ташкент ГЭС құрылысына қарсы реакция білдірмеді.

Вахш өзенін бұру рәсімінде президент Эмомали Рахмон "көршілерді сусыз қалдырмайтынын" айтты. Оның айтуынша, бұл қайта "жаңа жерлерлі суаруға" мүмкіндік болып табылады. Совет Одағы дәуірінде басталып, одан кейін сан мәрте тоқырап қалған Рогун ГЭС-нің құрылысына биылдан бастап италиялық компания кірісіп жатыр. Құрылысты аяқтау үшін 3,9 млрд долларлық келісімге қол қойылған. Соның ішінде тек плотинаны салуға 1 млрд 950 млн доллар қажет. Плотина биіктігі 335 метр болмақ. Бұл әлемдегі ең биік тас-топырақты плотина болғалы тұр.
Рогун ГЭС-інің алғашқы агрегаты 2018 жылға дейін іске қосылады деп жоспарланған. Қуаты 3600 мегаватт (17 млрд. кВт/сағаттан аса) болатын Рогун ГЭС-і Орталық Азия аймағындағы ең ірі гидро-электростанция болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG