Accessibility links

Тәжікстандықтар баласының ИМ-ге қосылғанын кейіннен естиді


Назирбек Мадхолов Ирактағы ИМ содырларына қосылған. Сол жақта қаза тапқан.
Назирбек Мадхолов Ирактағы ИМ содырларына қосылған. Сол жақта қаза тапқан.

Шілденің 19-ы күні Шерхон Мадхолов суық хабар естіді. Оның 26 жастағы ұлы Назирбек Иракта қаза тапқан.

Қайғылы хабарды Шерхон Мадхоловқа үлкен ұлы Муродбек телефон арқылы естірткен. Муродбектің өзі де әйелі және үш баласымен Иракта жүр. Мадхоловтың екі ұлы да «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымы басып алған аймақтарға кетіп қалған. Муродбек әскери қақтығыстарға тікелей қатыспайтынын айтқан.

ЕКІ ҰЛЫ БІРДЕЙ ИРАКҚА КЕТКЕН ОТБАСЫ

Махдоловтар әулеті Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы Хатлон облысы Хамадони ауданы Сайдкул Турдиев ауылында тұрады.

Жергілікті биліктің айтуынша, Сирия мен Ирактағы ИМ экстремистік ұйымы басып алған аумақтарға Хамадони ауданынан жеті адам кеткен. Олардың үшеуі қаза тапқан, бірі – Назирбек.

Назирбек Иракқа наурыз айында аттаныпты. Үш ай бұрын ол жаңа үйленген келіншегін алып, жұмыс табу үшін Мәскеуге кетеді. Бірақ Ресейде қалмаған. Мадхолов Назирбектің ИМ сапына қосылғанын оның енесінен естіген.

Енесінің айтуынша, Назирбек алдымен әйелін ұшақ арқылы Мәскеуден Тәжікстанның Куляб қаласына салып жіберген. Мадхолов Азаттықтың Тәжік қызметіне «Бірнеше күннен соң ол енесіне хабарласып, әлдеқашан кетіп қалғанын айтқан. Үш айдан соң менімен Ирактан сөйлесті. Соңғы рет мамыр айында қоңырау шалды. Бұдан соң сөйлескен емеспіз» дейді.

Хатлон облысы Хамадони ауданы тұрғыны Шерхон Мадхолов. Тәжікстан, 8 қыркүйек 2015 жыл.
Хатлон облысы Хамадони ауданы тұрғыны Шерхон Мадхолов. Тәжікстан, 8 қыркүйек 2015 жыл.

Назирбек өзінен бұрын Иракқа кеткен ағасы Муродбектің артынан ерген тәрізді. Муродбек бірнеше жыл бұрын Ресейге еңбек мигранты болып аттанады. Басында ол техникалық қызмет көрсету станциясында істейді, кейін саудамен айналысқан. Бірақ әкесі оның не сатқанын білмейді.

Біраз уақыттан соң Муродбек дінге бет қояды. 2012 жылы әкесіне хабарласып, әйелі мен екі баласын Египетке «саяхатқа» әкететінін айтады. Шерхон Мадхоловтың айтуынша, ұлы сол кеткеннен оралмаған.

Египетте Муродбектің әйелі үшінші перзентін – қыз баланы өмірге әкеледі. Иракқа бала-шағасымен көшіп барған Муродбекпен әкесі анда-санда телефон арқылы сөйлесіп тұрған. Келіні Тәжікстанға оралуды аңсайды екен. Бірақ оған ұлы рұқсат бермеген.

«ӘСІРЕДІНШІЛДЕРГЕ РЕСЕЙГЕ БАРЫП ІЛЕСЕДІ»

Мадхолов ұлдары Иракта екенін біледі, ал Хамадони ауданындағы басқа отбасылар «ИМ басып алған аумаққа кетті» деген туыстарынан нақты хабар ала алмай отыр. Елдің ішкі істер министрлігі өкілдері Одинамо Курбоноваға «ұлы Сафаралидің Сирияға барғанын» айтқан. Ал ол баласы Мәскеуде жұмыс істейді деп ойлап жүрген. Қауіпсіздік қызметі «қазір оның Түркияда екенін» хабарлағанымен, туған-туысы оның нақты мекенжайын біле алмай отыр.

Курбонова соңғы рет баласымен сәуір айында сөйлескен. Әйелдің омыртқасына ота жасату керек, Сафарали оған «ақша тауып беремін, өзім де көмектесуге барамын» деп уәде берген. Бірақ сөзінде тұрмаған.

Мадхолов ұлдарының әсіредіншілдікке ұрынғанына «сауатсыз болғандары, тиесілі діни білім алмағандары себеп болды» дейді. 10 баланы дүниеге әкелген жары 1998 жылы қайтыс болған. Муродбек пен Назирбектің және олардың сегіз бауыр-қарындастарының мектепке әзер барып, сауат ашуға ғана шамалары жеткен.

ИМ-ге қосылды деген Тәжікстан азаматының Интерпол жариялаған фотосы. 30 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
ИМ-ге қосылды деген Тәжікстан азаматының Интерпол жариялаған фотосы. 30 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірақ шенеуніктердің айтуынша, Сирия мен Иракқа кеткен басқа жігіттер жағдайы жақсы отбасылардан шыққан.

Ауылдық кеңес төрағасы Одинахмад Шарипов «Тіпті ата-анасының көзі ашық, зиялы отбасыдан шыққан балалар да сонда кетті» дейді. Оның айтуынша, Сирияда опат болған басқа екі жігіт – 31 жастағы Сайдбек Юнусов пен 26 жастағы Мехрибон Муродов «әлеуметтік жағдайы жақсы әулеттен шығып, жоғары білім алған».

Ауылдық кеңес төрағасының сөзіне қарағанда, Сирияға кеткен жігіттер әсіредіншілдікке Ресейде еңбек мигранты болып жүріп ұрынған. «Болар істің бәрі Ресейде болды. Біздің ауылда ешкім «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымы мен «жиһадқа» қосылуға үгіттемейді» дейді Шарипов.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG