Accessibility links

Тәжік үкіметі цензураны күшейте түсті


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жаңа телеарнаны ашқан сәті. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жаңа телеарнаны ашқан сәті. (Көрнекі сурет)

Тәжікстан билігі үкіметтің жекеменшік теле және радио арналар мазмұнын ресми түрде бақылап отыруына мүмкіндік беретін жаңа ереже қабылдады.

Тәжікстан үкіметі онсыз да қатаң қысым көріп отырған мемлекеттік және жекеменшік ақпарат құралдары хабарларының мазмұнын одан бетер жіті қадағалап отыруға ресми түрде мүмкіндік беретін ережені ың-шыңсыз қабылдап жіберді.

Үкіметтің жақында қабылданған «2017-2021 жылдарға арналған телевидение және радио хабарларын әзірлеудің негізгі бағыттары» деп аталатын қаулысына сәйкес енді мемлекеттік радио және телевидение комитеті «меншік түріне қарамастан, барлық теле-радиоарналардың мазмұнын қадағалап және реттеп отырады».

Мемлекеттік комитеттің жанынан құрылған «Көркемдік кеңес» деп аталатын арнайы комиссия теле және радио бағдарламалардың ұлттық мәдениет, білім және салауатты өмір салты тақырыптарының ресми идеологияға сай насихатталуын тұрақты түрде қадағаламақ.

Мұнымен қоса, «Көркемдік кеңес» «үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму, мәдениет, өнер, білім, ғылым және спорт салаларындағы саясатын насихаттауды да» бақылауға алмақ. Тәжік журналистерін елдің ұлттық мүддесін насихаттауға шақыратын қаулыда бұл құжаттың басты мақсаты – сегіз миллион халықты «бейтарап ақпаратпен қамтамасыз ету» екені айтылады.

Алайда сарапшылар жаңа ереже Душанбедегі авторитарлық үкіметтің тәуелсіз ақпарат құралдарына қатаң цензура орнатуына жол аша ма деп қауіптенеді.

- Бұл – сөз бостандығы, елдің саяси дамуы тұрғысынан қарағанда жағымсыз жағдай, - дейді Британиядағы Экзетер университеті зерттеушісі Эдвард Лемон.

Тәжікстан жөніндегі маман Лемонның айтуынша, жаңа ереже үкіметтің «ақпаратқа бұрынғыдан да кең монополия орнатып, елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік ахуалды өздері қалағандай етіп сипаттауына мүмкіндік береді».

Тәжікстанның кейбір журналистері «Көркемдік кеңесті» Совет Одағындағы (СССР) цензураның басты құралы – әйгілі «Главлитке» (Әдебиет пен баспа бойынша бас басқарма) теңейді. Бұл орган СССР-да шығатын барлық баспа және телерадио өнімдерінің советтік идеяны, социалистік «жасампаздықты» насихаттауын жіті қадағалап отыратын.

Ақпараттық веб-сайт құрылтайшысы Саймуддин Дустов бұл қаулыны «мемлекет цензурасын одан сайын күшейтетін құжат» деп атады. Оның айтуынша, сөз бостандығы заңына қайшы келетін бұл қаулы күшін жоюы керек.

Душанбеде тұратын тәуелсіз БАҚ мәселелері бойынша сарапшы Зафар Абдуллоевтың айтуынша, жаңа қаулы көп нәрсені өзгерте қоймайды, себебі тәжік ақпарат құралдары қазірдің өзінде-ақ цензура мен ішкі цензураның құрсауында. Сөз бостандығын шектеп, тәуелсіз ақпарат құралдарын шектегені үшін тәжік үкіметі үнемі сынға ілігіп келеді.

Freedom House ұйымы Тәжікстанды үнемі «баспасөз еркіндігі жоқ» елдер қатарына қосады. Freedom House биылғы жылғы есебінде «2015 жылы Тәжікстан үкіметі сөз бостандығын, азаматтардың ақпарат алу және ұйымға бірігу құқығын шектеді» деген қорытынды жасаған.

«Шекарасыз репортерлар» ұйымының жақында жасаған рейтингі бойынша сөз бостандығы жөнінен Тәжікстан былтырғыдан 34 сатыға кері сырғып, 180 елдің ішінде 150-орын алған. Осы ұйымның есебінде «Тәжікстан елдегі саяси оппозицияны жойып, қалған тәуелсіз басылымдарды «террормен күрес» деген сылтаумен тұқыртып жатыр» делінген.

«Шекарасыз репортерлар» ұйымы 2016 жылғы сәуірде жарық көрген есебінде: «Қазір хат-хабарларды аңду үйреншікті жайтқа айналған, ал басты ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желілер үнемі бұғатталып тұрады» деген қорытынды жасады. Тәжікстанда Facebook пен YouTube және тәуелсіз веб-сайттар жиі ашылмай қалады.

Сарапшы Лемонның айтуынша, жаңа ереже «үкіметке ешкім қарсы шыға алмайды, әрі ақпарат құралдары үкіметті сынамауға тиіс дегенді меңзейтін және бір символикалық шара болды».

Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG