Accessibility links

Диктаторсыз 10 жыл. Каддафи өлген соң Ливияда не өзгерді?


Муаммар Каддафидің әскеріне қарсы соғысқан көтерілісшілер диктатордың ажалы жеткен Сирт қаласында жүр. 20 қазан 2011 ж.
Муаммар Каддафидің әскеріне қарсы соғысқан көтерілісшілер диктатордың ажалы жеткен Сирт қаласында жүр. 20 қазан 2011 ж.

2011 жылғы 20 қазанда Ливияда әлемге атышулы диктатор Муаммар Каддафи туған қаласы Сиртке жақын жердегі жол бойында көз жұмды. Жаралы диктаторды бүлікшілер азаптап өлтірген. Осыдан кейін Ливияда бірнеше тарап пен сыртқы күштер, оның ішінде Ресей қатысқан азамат соғысы басталды. Содан бері он жыл өтсе де, Ливия мен ондағы оқиғалардың әсері тиген көрші Африка елдерінде Каддафи режимі құлағаннан кейін басталған зорлық-зомбылық әлі жалғасып жатыр.

Биыл 24 желтоқсанда Ливияда алғаш рет президент және парламент сайлауы өтеді (парламент сайлауын 2022 жылдың қаңтарына қалдыруы мүмкін). Бір жыл бұрын елде ресми түрде оқ ату тоқтатылып, БҰҰ-ның бастамасымен бейбіт процесс басталғанына қарамастан, биылғы сайлау бір-біріне қарсы күштер арасындағы қайшылықты жойып, дағдарысты шешеді дегенге сену қиын.

2011 жылы "араб көктемі" кезінде Каддафи режиміне қарсы көтеріліс демократиялық ұрандармен басталып, аяғында Ливияның жекелеген мемлекеттік құрылымдарға бөлінуіне, көрші елдерде трайбализм, экстремизм және радикал исламизм идеяларының қанат жаюына әкелді.

Ливия өңірлік, тарихи және "идеологиялық" шекараларға бөлінді. Ал Түркия, Ресей, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Франция мен Италия сынды сыртқы күштердің қолдауына сүйенген әртүрлі әскери топтар мұнайға бай мемлекеттің билігін қолына алу үшін тартыса бастады.

Муаммар Каддафи. Рим, Италия, 2009 жылғы 10 маусым.
Муаммар Каддафи. Рим, Италия, 2009 жылғы 10 маусым.

Жазушылыққа жаны құмар Каддафи қайтыс боларынан бір жыл бұрын барлық шенінен бас тартып, өзі үшін арнайы дайындалған "Ливия социалистік-халық араб жамахириясы 1 қыркүйек ұлы революциясы көшбасшысы және аға көсемі" деген атағын ғана сақтап қалған. Шын мәнінде ол елді 42 жыл бойы (1969 жылы монархияға қарсы өзі ұйымдастырған төңкерістегі жеңісінен бастап) үздіксіз басқарған қатыгез диктатор болған.

Муаммар Каддафи өзіне қарсы шыққандарды басып-жаншып, ондаған қастандықтан аман қалған. Ол әлем көшбасшыларымен кездесуі кезінде үнемі сайқымазақ қылықтар жасап, біресе өзін шатырда тұратын "сауаты шамалы бәдәуи", енді бірде панараб және/немесе панафрикалық қаһарман құтқарушы ретінде көрсететін. Каддафи "Африка корольдерінің королі" сияқты атақтар иеленіп, 2008 жылы тіпті Африка одағы төрағасы да болған. Ол сондай-ақ "жасыл", "ақ" кітаптар жазып, онда әлемнің құрылуы, адамның жердегі міндеті, "Алламен жеке әңгімесі" туралы ой бөліскен.

Каддафи 42 жыл ел билеген кезде ақылға қонбайтын шешімдер қабылдап, соғысқа қатысып, Африка мен Таяу Шығыстағы барлық кикілжіңге араласып, өз әлемінде өмір сүретін әр диктатордың басына келетін "революциялық" өзгерістер енгізген.

Бірақ ол бүкіл әлемнің есінде Батыстағы демократиялық елдерге қарсы шығып, 20-ғасырдың екінші жартысындағы қанды терактілерді мойнына алған экстремистік топтарды ондаған жыл бойы қолдап келген әрі өз елін әлем сахнасындағы "оқшау мемлекетке" айналдырған қиянпұрыс билеуші ретінде қалды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейган Каддафиді "Таяу Шығыстың "құтырған бәйтөбеті" деп атаған.

2011 жылғы тамыз-қыркүйек айларында бірнеше айға созылған қақтығыстан кейін НАТО әуе күштері қолдаған бүлікшілер тобы Ливия астанасы Триполиді басып алып, Каддафидің резиденциясына кірген. Диктаторды орнынан таба алмаған соң, оның алтыннан құйылған мүсінінің басын қағып түсіріп, Каддафидің шетелдік қонақтарды қабылдап, шет мемлекеттерге шыққанда өзімен бірге ала баратын бәдәуи стиліндегі шатырын өртеген. Бірақ Каддафи қол астында бірнеше аймақ ғана қалған кездің өзінде елде болып жатқан оқиғаларға сенбеген.

Кейінірек Каддафидің ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысы бұл туралы "Ол ашулы болды, кейде тіпті есінен адасқандай көрінетін… Ол ел астанасы бүлікшілердің қолына өткенін естігеннен кейін де Ливия халқы өзін бұрынғыдай жақсы көреді деп сенді" деген.

Муаммар Каддафи кілең қыздардан тұратын оққағарларымен бірге. Киев, 4 қараша 2008 ж.
Муаммар Каддафи кілең қыздардан тұратын оққағарларымен бірге. Киев, 4 қараша 2008 ж.

Америкалық белгілі шығыстанушы, Джонс Хопкинс атындағы университеттің профессоры Фуад Аджами Муаммар Каддафиге қарсы революция мен одан кейін басталған азамат соғысының себебін елдің экономикалық емес, саяси жағдайынан іздеу керек деп есептейді. Оның айтуынша, Каддафи билігі тұсында Ливия халқының әл-ауқаты сәл-пәл жақсарғанымен, байлықтың басым бөлігі билеуші мен оның балаларының қолына шоғырланып, елде қатыгез тирания орнаған.

Он жыл бұрын Каддафи өзін Сирт қаласындағы тасжол маңындағы құбырда жасырынып жатқан жерінен тауып алған бүлікшілер қолынан қаза тапты. Ливияда үшінші азамат соғысы жүріп жатыр. Шын мәнінде бұл қақтығыстар ешқашан аяқталмаған, тек бірінен кейін екіншісіне өтіп, жалғасып отырған. Қазір Ливияда қосбилік орнаған. Одан бөлек, елде өз алдына әрекет ететін орташа және шағын топтар, түрлі бандалар бар, кейде олар бір лагерьден екіншісіне ауысып тұрады. Ливияда елге 2014 жылы кірген, өз алдына дербес соғысатын "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы да бар.

Қазір Ливияда екі негізгі саяси күш (олардың әрқайсының жергілікті одақтастары мен қарсыластары бар): БҰҰ мойындаған, Фаиз Сарадж бастаған Триполидегі Ұлттық келісім үкіметі және өзін фельдмаршал деп жариялаған Ливия ұлттық әскерінің қолбасшысы Халифа Хафтар бастаған топ (оларды қолдайтын парламент – Ливия өкілдер палатасы Тобрук қаласында орналасқан) басымдыққа ие. Кейінгі жылы халық наразылығы мен коронавирус пандемиясы өршіген тұста тараптар бірыңғай министрлер кабинетін құрып, жалпыға ортақ сайлау өткізу туралы келісімге келді.

2021 жылы наурызда аталған саяси күштер 2021 жылдың желтоқсан айына белгіленген президент сайлауына дейін Триполи мен Тобрук қалаларындағы құзыретін уақытша үкіметке тапсырды.

Бірақ Ливиядағы саяси жағдай күнде құбылады. Мысалы, жергілікті заңдарға сәйкес, Фаиз Сарадж бен Халифа Хафтар 24 желтоқсанда президент сайлауына қатысу үшін саяси бәсекеден үш ай бұрын ресми түрде барлық қызметінен бас тартты. Дауыс беру 2019 жылы көктемде өтуі керек еді, бірақ Хафтар әскері Триполиге шабуыл бастаған соң (оларға тойтарыс беруге Түркия көмектесті) саяси науқан кейінге қалған. 21 қыркүйекте Ливия парламенті Әбдел Хамид Дбейбаның ұлттық келісім үкіметіне қарсы шықты. Бұл үкімет құрамы наурызда бекітіліп, желтоқсанда өтетін сайлауға дейін жұмыс істейді деп келісілген болатын.

Каддафи күштеріне қарсы соғысып жатқан көтерілісшілер. Ливия, 11 наурыз 2011 ж.
Каддафи күштеріне қарсы соғысып жатқан көтерілісшілер. Ливия, 11 наурыз 2011 ж.

Былтыр тамызда Триполидегі Ливия әскери прокуратурасы Муаммар Каддафидің ұлы (балаларының ішіндегі ең танымалы) Сейф әл-Исламды тұтқындауға ордер берді. Ол Халифа Хафтар әскері (бұрын Ливия ұлттық әскері деп аталған) жағында соғысқан кезде әскери қылмыс жасады деп айыпталған ресейлік "Вагнердің жеке әскери компаниясы" жалдамалы жауынгерлер тобымен байланысы бар деген күдікке ілінген. Каддафидің 49 жастағы ұлы жақында саясатқа оралып, президент сайлауына түскісі келетінін мәлімдеген. Осыған дейін батыстағы ақпарат құралдары бірнеше рет Мәскеу Ливиядағы президент сайлауында кіші Каддафиге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр деп жазған.

Азаттық Ресей ғылым академиясы шығыстану институты араб және ислам зерттеулері орталығының басшысы Василий Кузнецовтан сұхбат алып, кейінгі он жылда Ливия мен оған көрші мемлекеттердің қандай трансформациядан өткенін сұрады.

Екі айдан кейін Ливияда бірінші рет президент сайлауы өтеді. Ливия үздіксіз соғыс пен зорлық-зомбылықты артқа тастап, жаңа кезеңге қадам басуы мүмкін бе? Әлде сол аяқталады дегенге сенім аз ба?

– Мүмкіндік бар, әрине, бірақ оқиғаның дәл солай өрбитіндігі күмәнді. 2011 жылдан бері Ливияда 2012 және 2014 жылдары екі сайлау науқаны өтті. 2014 жылғы сайлаудан кейін әлі күнге Тобрукта жұмыс істейтін өкілдер палатасы құрылды. Осының бәрі азаматтық текетірес пен зорлық-зомбылықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Енді желтоқсанға тағы да бір сайлау белгіленіп отыр. Бұл сайлау Берлин конференциясында қабылданған Ливиядағы жағдайды реттеу жөніндегі кезекті жоспар аясында өтуі керек. Бірақ сайлау өтсе де, өтпесе де, Ливиядағы жағдай тұрақталады дегенге сену қиын.

Сайлау мүлде болмаса, Триполидегі үкімет пен биліктің басқа органдары легитимдігінен айрылып, әртүрлі "мемлекеттік емес ойыншылар" арасындағы қақтығыс қайта басталады. Сайлау болса, онда елді екі түрлі қауіп күтіп тұр. Біріншіден, Ливиядағы саяси күштердің бір бөлігі, оның ішінде соғыс жүргізуге қауқарлы топтар дауыс беру қорытындысын мойындамауы мүмкін. Екіншіден, сайлаудан кейін билікке келген үкіметтің қолында елді басқаруға көмектесетін шынайы құралдар болмайды.

Халифа Хафтардың Ливия ұлттық армиясы жауынгері Түркия президенті Режеп Ердоғанның суретіне қаруын кезеп тұр. Сирт, Ливия, 2020 жылғы шілде.
Халифа Хафтардың Ливия ұлттық армиясы жауынгері Түркия президенті Режеп Ердоғанның суретіне қаруын кезеп тұр. Сирт, Ливия, 2020 жылғы шілде.

Өйткені кейінгі бір жылда Ливиядағы күштер ұлттық бюджетті өңірлер арасында бөлу, елдегі қарулы күштерді біріктіру сияқты басқарудағы негізгі мәселелер туралы келісімге келген жоқ. Бұл болашақта сайланатын үкіметтің қолында экономика мен қауіпсіздік саласын басқаруға арналған құрал жоғын білдіреді. Жағдай өте қиын, алаңдауға негіз көп. Бірақ бұл сайлау өткізбеу керек деген сөз емес. Қазір сайлау керек, өйткені одан басқа нұсқа жоқ.

– Он жыл бұрын ливиялықтардың басым көпшілігі режимге қарсы көтерілістің аяғы неге апарып соғатынын білсе, Муаммар Каддафи билікте қалар ма еді? Яғни, Ливияда 2011 жылдан кейін қалыптасқан жағдайды уақыт талабынан туған оқиғалар деп бағалауға бола ма? Әлде бұл жай ғана қайғылы оқиғалар тізбегі ме?

– Олай болса, оқиғаның қалай аяқталарын кім білсін… Ливиядағы жағдайға шет мемлекеттер араласпаса, Муаммар Каддафи билікте қалуы әбден мүмкін еді деп ойлаймын. Бірақ бұл үшін қанша адамның қаны төгілер еді? Каддафи билікте қалса, құрбандар саны он жылға созылған азамат соғысы кезіндегі адам шығынынан асып кетуі мүмкін еді.

Жыл өткен сайын елдегі жағдай нашарлай берсе, халық бұрынғы билік тұсындағы өмірін сағынып, оның кемшіліктеріне көз жұма бастайды. Яғни, жақсы күндерін ғана есте сақтап, көрген жамандығын тез ұмытады. Көбіне диктатордың елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын қаталдығын, қоғамдағы тұрақтылықты сағынады (бұл Ливияда ғана емес, көп елде кездесетін мысал). Қазір ливиялықтар арасында Каддафидің билігін аңсау сезімі байқала ма?

– 2011 жылы Каддафиге қарсы көтеріліс басталмай тұрып, диктаторды жақтаушылар мен оны жек көретіндердің үлесі тең – 50/50 болды. Соңғы сәтке дейін Каддафи жағында болған кей саяси топтар әлі күнге дейін диктатордың дәуірін сағынышпен еске алады. Мысалы, Бени-Валид қаласы он жылдан бері осындай сезіммен өмір сүріп келеді. Бірақ Ливия қоғамы Каддафи тұсындағы тәртіп қайта орнаса, "каддафизм" дәуірі басталса немесе билікке "жаңа Каддафи" келсе деп армандамайды (бұл жерде өз көзқарасыма ғана сүйеніп отырмын, өйткені қолымда нақты әлеуметтік зерттеу нәтижелері жоқ). Темірдей тәртіп орнататын тұлға дегенге келсек, Халифа Хафтар өзін солай ұстауға тырысып көрді, бірақ одан еш нәтиже шыққан жоқ. Фельдмаршалды халықтың басым бөлігі қолдады дей алмаймын. Әрине, елдегі жағдайға көп адамның жаны ауырады, ешкім қазіргідей өмір сүргісі келмейді. Бірақ бұл Каддафидің дәуірін аңсауға себеп емес.

Қазір ливиялықтардың бір бөлігі Каддафидің көпке танымал ұлдарының бірі Сейф әл-Исламды қолдап отыр, ол президент сайлауына қатысады деген ақпарат жиі кездеседі. Сейф әл-Ислам көпқырлы тұлға, оны қылмыскер, оқиға құрбаны не қаһарман көретіндер де бар. Каддафидің ұлы болғанына қарамастан, оның сайлауда жеңіске жетуге мүмкіндігі бар ма?

– Сейф әл-Ислам әкесі билікте отырған кездің өзінде көпшілікке қызық тұлға болған. Ол бір жылдары батыс елдеріне, әлемге ашық, "модернизациядан өткен" Ливияның келбеті болғанын еске салғым келеді. Қазір ол туралы жиі айтыла бастады. Әсіресе, Сейф әл-Ислам тұтқында болып, әртүрлі оқиғаларды басынан өткергеннен кейін осындай ақпарат көбейді. Бірақ ескеретін жайттар бар. Біріншіден, мен оның бір де бір мәлімдемесін көрген жоқпын, Сейф әл-Исламның артында ешкім тұрған жоқ дегенге күмәнім бар. Яғни, ол туралы ақпарат көп, бірақ бәрі оның атынан сөйлеген басқа адамдардың пікірі.

Муаммар Каддафидің ұлы Сейф әл-Ислам. Триполи, 23 ақпан 2021 ж.
Муаммар Каддафидің ұлы Сейф әл-Ислам. Триполи, 23 ақпан 2021 ж.

Екіншіден, Сейф әл-Исламның қолдаушылары көп деген ақпаратқа келейік. Әлбетте, халық арасында оны қолдайтындар бары белгілі, бірақ олардың саны қанша екенін ешкім нақты білмейді. Олар көп дегенге сенбеймін! Үшіншіден, Сейф әл-Исламға ауыр қылмыстар бойынша (әсіресе, батыста) тағылған айыптар әлі де өз күшінде қалып отыр. Сондықтан ол сайлауға қатысып, жеңіске жетсе, халықаралық қауымдастық қиын жағдайда қалады. Бірнеше қылмыс бойынша айыпталған адам билікке келсе, не істеуге болады? Оның сайлауға қатысуы, оның үстіне, жеңіске жетуі екіталай деп ойлаймын. Бұл спекуляцияның бір амалы болса керек.

– Неге кейінгі он жылдағы оқиғалар тек Ливияда ғана болды? Көршілес ("араб көктемі" барлық елде бірдей уақытта басталды) Тунис, Алжир сияқты елдер бейбіт өмір сүріп жатыр. Египет айналып келіп, марқұм Хосни Мүбәрактың тұсындағыдай режимнің билігіне қайта тап болды.

– Ливияда 2011 жылға дейін ешқандай мемлекеттік институт құрылған жоқ. Өкінішке қарай, Ливияда ұлттық мемлекет кезеңі өте шектеулі болды. Ал елді біріктіретін жүйелер, институттар, ұйымдар мен механизмдер әлсіз болып шықты. Бұған Ливияда капитал мен ресурстың шектен тыс көп болуы қосылды. Қарапайым тілмен айтқанда, ақша да, мұнай да, қару да көп еді, бірақ мемлекеттік институттар болған жоқ.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александр Гостевтің мақаласы ықшамдалып аударылды.

Мақаланың орысша тұпнұсқасы мына жерде

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG