Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік хикаяларын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.
Тоқаевтың екі жылдағы "жартылай президенттігі" һәм Назарбаевтың элитаға ықпалы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті болып отырғанына екі жыл толды. Ол жеке дара басшы бола алды ма? Коронавирус эпидемиясы және экономикалық дағдарыспен қалай күресті? Ішкі және сыртқы саясатта не істеді? Настоящее время бұл туралы қазақстандық саясаттанушы, "Қауіп-қатерді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаевтан сұрады.
Сұхбаттан үзінді
— Тоқаев "үміт сыйлаған президент" бола алды ма?
— 2019 жылы берген саяси реформаларға қатысты уәделерін қоғам күткендей орындамағандықтан "үміт президенті" бола алмады. Бәлкім, бұл Тоқаевтың репутациясына үлкен соққы болды. Бұған ақпандағы Еуропарламенттің Қазақстандағы саяси жағдайға қатысты қабылдаған қарары үлкен нүкте қойды деп ойлаймын. Қаулы елдегі саяси жүйені, жыл басында өткен парламент сайлауын қатты сынаған. Менің ойымша, Еуропарламент қаулысы Тоқаевтың және өзін реформатор ретінде көрсететін Қазақстан билігіне үлкен соққы болды.
Кезектен тыс сайлау һәм бейбіт наразыларды жаппай ұстау. Екі жыл бұрын елде не болып еді?
2019 жылы 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлау өткен. Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды. Оны кандидат ретінде елде отыз жылдай президент болған Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, билікке ықпал етіп отыр) таңдаған. Сайлау күні елде билікке қарсы бейбіт наразылық өтіп, мыңдаған адам күштеп ұсталды. Екі жыл бұрын елде не болып еді? Еске түсірелік.
"Назарбаевтың Қазақстаны" және "акулалар арасындағы" Тоқаев. Кейт Маллинсонмен сұхбат
Ұлыбританиядағы Prism Political Risk Management компаниясының зерттеушісі, Chatham House сараптама орталығы Ресей және Еуразия бағдарламасының сарапшысы Кейт Маллинсон Азаттыққа сұхбат берді.
Үзінді
Азаттық: Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурызында өз еркімен отставкаға кеткенде, "президент қызметінен жоғары мансапқа өрлеу Қазақстанда ғана мүмкін нәрсе" деген әзіл айтылды. Бірақ әр әзілдің астарында шындық жататыны белгілі. Сіздің ойыңызша, бұл қалжыңның артында шындық бар ма? Назарбаев расында да өзі ондаған жыл бойы құрған жүйенің үстіне көтерілді ме?
Кейт Маллинсон: Бірінші президент кеткелі көп өзгеріс бола қойған жоқ. Ол бірқатар маңызды институтты әлі де бақылауда ұстап отыр. Қауіпсіздік кеңесі арқылы ол қорғаныс пен қауіпсіздік салаларын және сыртқы саясат бағыттарын анықтайды. Сонымен қатар [Назарбаев] елдің ішкі жалпы өнімінің 40 пайыздайын басқаратын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына, "Нұр Отан" партиясына ықпалын сақтап қалды. Парламентте көпшілік орынға ие бұл партия арқылы Назарбаев үкімет ұсынған кез келген заң жобасына тосқауыл қойып, министрлер кабинетіне президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған адамды қабылдамай тастай алады. Яғни, ол жаңа президентке айтарлықтай өкілет бермеді. Ол элитаны сахна сыртынан басқарып отыр.
"Тұманды" һәм "үміт сыйлайтын" жарлық. Тоқаевтың адам құқығы жайлы жарлығына реакция
9 маусымда Ақорданың ресми сайтында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстанның адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы" жарлығы шығып, ол үкіметке адам құқығы саласындағы басымдық берілетін шараларды қолға алуды тапсырды. Бұл жарлыққа қатысты құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері не дейді?
Адвокаттар қарсы болған даулы жоба заңға айналды. Заңгер неден қауіптенеді?
10 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адвокаттар мен заң кеңесшілерінің жұмысын реттейтін даулы заң жобасына қол қойды. Мәжіліс мақұлдауынан өткен күннен бастап кәсіп иелерінің қарсылығына тап болған бұл құжат Конституцияда жазылған, бірақ сирек қолданылатын тетіктерді іске қосты.
Ішкі істер министрі Тұрғымбаев кеттлингті "азаптау емес" дейді
Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев арнайы жасақтың бейбіт митингіге шыққандарды кеттлингте бірнеше сағат ұстау тәсілін "азаптау емес" деп есептейді. Сөзінше, қоршауда тұрғандарға полиция "ас-су берген". Құқық қорғаушылар Тұрғымбаев сөзінің жалған екенін айтады.
QazVac төңірегіндегі жаңа дау неден туды?
7 маусым күні дәрігерлер мен ғалымдардың Medsupportkz дейтін тәуелсіз кәсіби қауымдастық қазақстандық QazVac екпесін ұсына алмайтынын мәлімдеді. Бұған вакцина авторларының 20 мамыр күнгі онлайн-лекторий кезіндегі бірқатар жауабы түрткі болған. Солардың бірі – вирус инактивациясы процесінде формальдегидтің қолданылуы.
Екі ай жалақы алмаған "Абу-Даби Плаза" құрылысшылары талап қойды
Нұр-Сұлтанда ұзақ жылдан бері құрылысы толық аяқталмай келе жатқан "Абу-Даби Плаза" кешенінің жұмысшылары екі айдан бері айлық түспеді деп тағы нарызылық білдірді. Араб компаниясы ақша шетелден кешігіп келгенін және жалақыны түгел бере алмайтынын айтты.
"Жылқы топырақ жеп жатыр". Қуаңшылық қинаған шаруа көмекке мұқтаж
Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында кейінгі апталарда қуаңшылық күшейді. Ресми дерек бойынша, екі облыста жиыны мыңнан аса мал қырылған. Жем сатып алып, малды қорада ұстауға бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Шаруалар "үкімет дереу көмек бермесе, мал жаппай қырылуы мүмкін" дейді.
Қазақстанда көкөніс бағасы шарықтап барады. Неге?
Қазақстанда азық-түлік тағы қымбаттады. Әсіресе көкөніс бағасының өте жоғары екені байқалады. Былтырдан бері кейбір өнім екі есе қымбаттаған.
ВИЧ-тің "қарқыны" қатты. Қазақстан мен өзге елдердегі қауіпті трендтер
40 жыл бұрын, 1981 жылы маусымның басында АҚШ-та мамандар адамның иммундық жүйесін зақымдайтын жаңа вирусты сипаттап берді. Алты жылдан кейін ВИЧ Қазақстанға да жетті. 1990-жылдары есірткіні ине арқылы тұтынатын нашақорлар ВИЧ-пен жиі ауыратын, ал кейінгі онжылдықта вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар еселеп көбейген. БҰҰ Орталық Азия мен Шығыс Еуропада ВИЧ-тің "қарқыны" қатты екенін айтады. Қазірге дейін әлемде бұл вирус 80 миллион адамға жұққан, оның 35 миллионы қайтыс болған.
Қауіпті жүктің кідіруі. Қазақстан өндірістің улы қалдығын қайда жібереді?
Қазақстан Бельгияға құрамында аса улы заттар бар ондаған тонна өндіріс қалдығын жоюға жөнелтпек болған. Бірақ қауіпті жүк Қарағандыда апталап тұрып қалды. Бұл мәселені шешетін экология министрлігі улы қалдықты аттандыруға асығар емес.
Қазақстандағы ірі өндіріс кәсіпорындарынан жиналған 118 тонна сұйық полихлордифенилден (ПХД) тұратын ондаған контейнер мен оны сақтайтын құрылғы қазір Қарағандыдағы қоймада қаңтарылып тұр.
Бұл хикаяның басталғанына едәуір болды. ПХД тұрақты органикалық улы затқа жатады. Аса улы әрі қауіпті болғандықтан әлемде бұл заттардың өндірісіне тыйым салынған. 20 жыл бұрын қол қойылған Стокгольм конвенциясы қатысушы мемлекеттерді бұл заттарды айналымнан шығарып, өз аумағындағы ПХД қалдығын 2025 жылға дейін жоюға міндеттейді.
ПІКІРЛЕР