АҚШ президенті Дональд Трамп қаңтардың 17-і күні Пентагонда елдің зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің жаңа стратегиясын таныстырды. Жаңа стратегия елдің зымыранға қарсы қорғаныс мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, ғарышта зымыран шабуылын ертерек хабарлайтын спутниктердің жаңа буынын орналастыруды ұсынады.
АҚШ қорғаныс министрі міндетін атқарушы Патрик Шэнахэн жариялаған құжатта АҚШ халықаралық нормаларды мойындамайтын елдерге қарсы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін жасауда өзін шектемейді деп жазылған. Есепте Солтүстік Корея АҚШ-қа "қауіп төндіретін" ел ретінде аталған. Сонымен бірге АҚШ-тың бәсекелестері - Қытай мен Ресейдің әскери қуатын күшейтіп жатқаны баяндалған.
"Бәсекелестер! Сіздердің не істеп жатқандарыңызды байқап отырмыз және тиісті шара қабылдаймыз" деді Патрик Шэнахэн.
Трамп та, шолу авторлары да АҚШ-ты әскери қауіп-қатерден қорғау үшін зымырандарды тез байқап, қадағалау және жоюға мүмкіндік беретін ғарыш технологиясын белсенді қолдану қажет деген ортақ қорытынды жасаған. Қарсыластың зымырандарына әуеге көтерілген сәтте бірден соққы берілуі тиіс деп көрсетілген.
Қауіпті ерте байқау тұжырымдамасын іске асыру үшін АҚШ басшылығы қарсыластың зымырандарын жер орбитасына орналастырылатын ғарыш спутниктерінің көмегімен қадағалай бастауды ұсынады. Мысалы, әлгіндей ғарыш спутниктері желісі қазіргі заманғы гипердыбысты немесе лазерлік қару түрлеріне қарсы тұруға мүмкіндік береді (2018 жылы наурызда Ресей президенті Владимир Путин Ресейде ондай қару-жарақ бар деп мәлімдеген.)
Сонымен бірге дрондарды лазерлік қарумен жарақтандыру жоспарланған.
Бұған қоса Трамп АҚШ Аляскада зымыранға тосқауыл жасайтын 20 "жаңа" қондырғы орнатады деп уәде берді. Аляскада бұрыннан бар қондырғыларды осылармен алмастыра ма, әлде соларға қосымша орналастырылады ма – президент оны түсіндірген жоқ. АҚШ қазір Аляскада әуе шабуылынан қорғайтын 44 қондырғы ұстап отыр.
"Біз америкалықтарды зымыран шабуылының барлық түрінен, соның ішінде қанатты және гипердыбысты зымырандардан да қорғаймыз" деп уәде берді АҚШ президенті.
Трамптың сөзінше, АҚШ жаңа технологиялары мен зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін НАТО-дағы одақтастарымен бөлісуге әзір, бірақ олар қауіпсіздігін қорғағаны үшін көбірек төлем жасаулары керек.
Президент Трамп 2018 жылы маусымда ашық ғарыш кеңістігінде АҚШ мүддесін қорғайтын қарулы күш (Space Force) құрылатыны туралы жариялаған. Оған дейін АҚШ-та 1947 жылы әскери-әуе күштері (Air Force) пайда болғалы бері қарулы күштердің жаңа түрі құрылмаған. Ғарыш әскері 2020 жылға қарай құрылады деп жоспарланған.
Трамптың бұл баяндамасы 2017 жылы желтоқсанда өзі жария еткен ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жалғасы саналады. Онда президент зымыран шабуылынан қорғануды күшейту - Пентагонның басым бағыты деп көрсеткен. Стратегияда АҚШ-тың "бәсекелестері" ретінде "өз әскери қуатын күшейтіп жатқан" Қытай мен Ресей аталған. Өткен жылы Ресей қарулы күштерінің жетістіктері туралы президент Путиннің мәлімдемесіне Пентагон "Біз толық әзірміз" деп қысқа жауап қайтарған.
АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің жаңа стратегиясын жариялауына байланысты Кремль әзірге пікір білдірген жоқ. Ресей Федерация кеңесінің қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Виктор Бондарев "зымыранды анықтау мақсатында ғарышқа қосымша құрылғылар орнатуды шиеленісті ушықтыру саясатының бір бөлігі ретінде бағалауға болады" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР