Ресей мен Қытай басшылары Владимир Путин мен Си Цзиньпин Владивостокта Шығыс экономикалық форумын өткізіп жатыр.
Екі ел басшыларының кездесуінен бөлек, Ресей мен Қытай әскерилері, ресми коммюнике бойынша, "әскери жоспарлау және үлкен қашықтыққа қайта топтастыру кезіндегі әскери басқару органдарының дайындық деңгейін" тексеруді бастады.
1981 жылдан бергі ең ауқымды бұл әскери оқу-жаттығуы Ресейдің Қиыр Шығыс аумағында өтіп жатыр.
Ал НАТО ұйымы Норвегияға сарбаздары мен әскери техниканы жібере бастады – қазан айында ол жақта Trident Juncture 2018 ("Бірлескен айыр - 2018") әскери жаттығуларының бірінші кезеңі басталады.
НАТО жаттығулары Еуропаның солтүстігінде, негізінен Норвегия аумағында өтеді. DPA агенттігінің дерегінше, жаттығуға НАТО-ның 30 мемлекеті мен одақ серіктестерінен (ең алдымен Швеция мен Финляндия) 40 мыңға жуық әскери қатыспақ. Швеция мен Финляндия Солтүстік атлантикалық одаққа кірмейді, бірақ соңғы жылдары – Ресей Қырымды аннексиялап алған соң және Украинадағы шиеленістен кейін – одақпен жақындаса бастаған.
НАТО 130 ұшақ, 70 кеме және 10 мыңнан астам көлік құралын сынақтан өткізбекші. Олар Норвегия жағалауында шабуылға қарсы қорғанысқа жаттығады: америкалық теңіз жаяу әскері "агрессор" рөлін атқарады.
Бір қызығы, 2015 және 2017 жылдары Норвегияда "Оккупацияланғандар" телесериалының екі маусымы көрсетілген. "Ресейдің Норвегияға шабуылын" суреттейтін фильмді көрермендер қызыға тамашалаған.
НАТО маневрі Балтық теңізі мен Атлантиканың солтүстік аудандарын қамтитын болады. Исландия жағалауы мен Финляндия және Швецияның әуе кеңістігі де қамтылады. Әскери-теңіз жаттығуларына айрықша көңіл бөлінген. Оны әскери теоретик, бұрын АҚШ-тың 6-флотын басқарған тәжірибелі америкалық адмиралдардың бірі Джеймс Фогго басқарады.
"Қырғи-қабақ соғыс кезінде мұндай оқуларды ұмыттық. Trident Juncture 2018 – НАТО соңғы 30 жылда өткізгелі отырған ең кешенді маневрлердің бірі. Жеке әскерилерден бөлек қосымша қызмет – медицина қызметкерлері, өрт сөндірушілер, азаматтық қорғаныс бөлімшелері мен теміржолшылар қатысады. Осының бәрі үйлестіру деңгейінің жоғары болуын талап етеді", - дейді Германияның әскери әуе күштерінің подполковнигі Штефан Дирр.
Ол НАТО аймақтық қолбасшылығында маневрлерді дайындауға қатысады.
Норвегия қарулы күштерінің бас қолбасшысы адмирал Хокон Бруун-Ханссен оқу-жаттығудың міндеті "Норвегияның қорғаныс әлуетін нығайтып, НАТО аясында күш біріктіруді үйлестіру" дейді.
"Күшіміз бен ынтымақтастығымызды жеткілікті деңгейде көрсетуіміз керек, шынайы өмірде ондай деңгейде күш салмаспыз деп үміттенемін", - дейді Хокон Бруун-Ханссен.
Маусым айында Норвегия АҚШ-қа өтініш жасап, елдің солтүстігінде (Ресеймен полярлық шекарадан қашық емес) тұрақты ротация негізінде орналасқан америкалық теңіз жаяу әскері құрамын екі есе көбейтуді сұраған. Ол жердегі АҚШ әскери қызметкерлерінің саны 700 дейін жетуі керек. Қазір НАТО шығыс қапталын нығайтып жатыр. Бұған дейін Балтық елдері мен Польшадағы Солтүстік атлантикалық одақ бөлімшелері күшейтілген.
Германия қарулы күштері маневрге белсенді қатысады: мемлекет оқу-жаттығуға 8 мың әскери қызметкер мен 100 танк және 2 мыңнан астам көлік құралын жібереді. Соңғы жылдары Германияның НАТО ісіне белсенді араласа бастағанын осыдан көруге болады. Осы жолы неміс әскерилері жедел іс-қимыл жасайтын жаңа бөлімшелердің негізін құрайды.
НАТО ондай бөлімшелерді одаққа мүше елдердің біріне шабуыл жасалған жағдайда іске қосады. Ондай жағдайда НАТО ұйым жарғысының 5-бабына сәйкес әрекет етеді. Бұл бапта "НАТО мүшелерінің біріне қарсы агрессия одақтастардың бәріне шабуылдаумен бірдей" деп жазылған. Қазанның соңы – қарашаның басында өтетін Норвегиядағы жаттығуда дәл осы сценарий бойынша дайындық өтеді.
Ауқымы жағынан алғанда Trident Juncture ресейлік "Восток-2018" оқу-жаттығуынан сәл кіші. Соңғысына 300 мың әскери, 80 кеме мен 36 мың бронотехника қатысады. Әйткенмен де, тамыздың соңында Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова НАТО күштерінің алдағы оқу-жаттығу шарасына алаңдайтынын білдірген.
Brookings Institution сарапшысы Стивен Пайфер қазіргі маневр шынымен де НАТО-ның Ресей саясатына алаңдайтынын көрсетеді дейді. Пайфердің айтуынша, НАТО-ның жаттығуы "Восток-2018" ғана емес, былтыр Солтүстік атлантикалық одаққа қатысушы елдерге жақын территорияда Ресей мен Беларусьтің бірлескен "Запад-2017" оқу-жаттығуларына да жауап болмақ.
АҚШ әскери теңіз күштерінің адмиралы, бұрын Еуропада НАТО күштеріне бас қолбасшы болған Джеймс Ставридис екі тараптың бұрыннан бір-біріне сақтықпен қарап келгенін айтады. Оның айтуынша, Ресей "Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылу мүмкіндігіне қатты мазасызданады, олардың Trident Juncture жаттығуына қатысуы Мәскеудің уайымын күшейте түседі".
Қарай отырыңыз: Грузиядағы НАТО әскери жаттығуы
"АҚШ пен одақтастары дайындалып, соғысқа дайын болуы керек" дейді Ставридис.
"Әскери дайындық жоғары болса қарсыластың қорқынышы артып, екі тараптың авантюра жасау ниеті азаяды" деп санайды. Бірақ өзіңді алдаудың керегі жоқ, "бұл ойындардың бәрі – өмір мен өлімге тірелетін маңызды іс" дейді ол.
(Ярослав Шимовтың мақаласы орыс тілінен аударылды.)
ПІКІРЛЕР