Accessibility links

Ердоғанның тағдырын шешетін сайлау таяды


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған кәсіпкерлер алдында сөйлеп тұр. Анкара, 25 сәуір 2015 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған кәсіпкерлер алдында сөйлеп тұр. Анкара, 25 сәуір 2015 жыл.

Маусымның 7-сі күні Түркияда парламент сайлауы өтеді. Бұл сайлау жаңа үкімет құрудан гөрі ұзақ жылдар билікте келе жатқан президент Ердоғанның тағдырын шешетін сайлау болғалы тұр.

Сайлаушылар бұл күні заң шығарушы орган – Ұлы ұлттық мәжілістің 550 депутатын таңдайды. Ал іс жүзінде азаматтар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның конституцияға өзгеріс енгізу жобасына көзқарасын білдіреді. Егер ол басқаратын «Әділет және даму» партиясы (ӘДП) басым көпшілік дауыс алса, Ердоғанның Түркия конституциясына түбегейлі реформа жасауына мүмкіндік туады.

ПАРЛАМЕНТТІК НЕМЕСЕ ПРЕЗИДЕНТТІК ЖҮЙЕ

Бұл жоспар бойынша, Түркия қазіргі Еуропа стиліндегі парламенттік республикадан президенттік елге айналады. Ондай жағдайда күшейген президенттік билік Режеп Тайып Ердоғанның қолына толайым түседі. Әзірге ірі партиялардың ешқайсысы бұл ұсынысқа қолдау көрсете қойған жоқ, олардың барлығы қазіргі парламенттік жүйені құп көреді.

Стамбулдағы «Экономикалық және сыртқы саяси зерттеулер» орталығының төрағасы Синан Үлгеннің айтуынша, биылғы тамызда өткен сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Ердоғанның президенттік жүйені жақтап отырған себебі - мұндай жүйеде ол өз қолына билікті көбірек шоғырландыруға мүмкіндік алады. «Мұндай жүйеде Ердоған билікті тежеу механизмдерінен құтылады» дейді сарапшы.

Ал Ердоғанның өзі «ел экономикасының қарыштай дамуына мүмкіндік бермей тұрған парламенттік жүйеден бас тарту керек» деп санайды. Қазіргі конституция бойынша, президент билігі тым шектеулі, себебі Түркияда президент көбіне тек символ рөлін атқарады.

ҚҰЛДЫРАҒАН РЕЙТИНГ

Режеп Тайып Ердоғанның ӘДП партиясы 13 жыл бойы парламент пен үкіметте басым көпшілік орындарды иеленіп, билік құрып келеді. Олар бұл жолы да жеңістен дәмелі. Дегенмен сарапшылардың сөзіне қарағанда, соңғы апталарда партия рейтингі біршама төмендеген. Дегенмен билік партиясының конституциялық реформа жасауына мүмкіндік беретін екі меже бар.

Гези паркінен басталып, Таксим алаңына ойысқан наразылық шеруіне полиция шабуылы. Стамбул, 31 мамыр 2013 жыл.
Гези паркінен басталып, Таксим алаңына ойысқан наразылық шеруіне полиция шабуылы. Стамбул, 31 мамыр 2013 жыл.

Егер парламенттен аз дегенде 330 орын алатын болса, «Әділет және даму» партиясы конституцияға өзгерістер енгізу мәселесін референдумға шығаратын құзырға қол жеткізеді. Ал енді кемі 367 орынға жайғасса, конституциялық реформа мәселесін референдумға салмай-ақ парламентте дауыс беру жолымен тікелей шеше алады. Алайда билік партиясының бұл межелерден асып түсуі неғайбіл көрініп тұр.

Қазір Ердоған партиясының парламентте 311 өкілі отыр. Ал зайырлы оппозицияның ең ықпалды өкілі - Республикалық халықтық партияның (РХП) үлесі - 125 орын. Қалған орындар шағын партиялар мен тәуелсіз депутаттарға тиген. Партиялар парламентке өтуі үшін кем дегенде 10 пайыз дауыс жинауы тиіс.

Сарапшылар Ердоған партиясының беделінің түсуіне және рейтингі құлдырауына түрткі болған бірнеше себепті айтады. Негізгі себептер: «билік жемқорлыққа батты» деген айыптар, экономикалық өсімнің баяулауы, мұның үстіне жұмыссыздық көбейіп кеткен. Елдегі жұмыссыздар үлесі кейінгі бес жылда болмаған жоғары шамаға - 11,3 пайызға жеткен.

Стамбулдағы Гези бағын сүру жоспарына қарсы болып, наразылық шарасына шыққандарды аяусыз жазалау арқылы Ердоған өзінің беделін біршама түсіріп алды. Сол дүрмекпен парламент полицияның көтерілісшілерге қарсы қару қолдануына, азаматтарды соттың келісімінсіз тұтқындауына рұқсат беретін бірнеше жаңа заң қабылдап жіберген.

КОАЛИЦИЯЛАР ТУРАЛЫ БОЛЖАМДАР

Сарапшы Үлгеннің айтуынша, бірнеше шағын партияның күшейе бастауы билік партиясының ықпал аясын тарылтып келеді. Мәселен, осы күні Селяхаттин Демирташ есімді 42 жастағы саясаткер басқаратын, күрдтерді қолдайтын Халықтық демократиялық партияның (ХДП) беделі артып келеді.

Анкарадағы күрдтермен полиция қақтығысы. 2014 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)
Анкарадағы күрдтермен полиция қақтығысы. 2014 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Бұрын адам құқықтарын қорғаумен айналысқан заңгер Демирташ басшылыққа келгелі ХДП күрдтер тұратын аймақтарды былай қойғанда, басқа өңірлерге де танылып, солшыл, либерал сайлаушыларды өз тарапына шығара бастаған. AP агенттігіне берген сұхбатында Демирташ «Ердоғанның «президенттік билік» деп жүргенін біз «диктатура» деп атаймыз, оның шексіз билігіне тосқауыл қоя алатын жалғыз күш – ХДП» деп мәлімдеді.

Үлген «Егер ХДП 10 пайыздық бөгесіннен өтіп, парламентке жете алса, олар Ердоған бастаған ӘДП үстемдігіне тосқауыл болуға жарап, билік партиясының көп орын алуына мұрша бермеуі де ғажап емес» дейді.

Оның айтуынша, егер Ердоған партиясы үкімет жасақтауға құзыры жететіндей көп орын ала алмаса, онда билік партиясы шағын саяси бірлестіктерді біріктіріп, коалиция құруы мүмкін. Болмаса, оппозициялық партиялар ӘДП-ге қарсы дізе қосуы да ықтимал.

ЕРДОҒАННЫҢ СИРЕК ҚАТЕЛІКТЕРІНІҢ БІРІ

Ықтимал болжамның бірі – ӘДП-нің оңшыл «Ұлтшыл қозғалыс» партиясын өз бауырына тартуы. Үкіметтің елдің шығыстағы күрд жасақтарымен бітімге келу әрекеттеріне қарсы шығып жүрген ұлтшылдар партиясы соңғы бір жыл ішінде әжептәуір бедел жинады. Күрдтерге көзқарастары әркелкі болғанымен, бұл екі ұйымның да жұрттың консерватор бөлігіне ықпалы басым.

Биліктегі Ердоған партиясы (ӘДП) мен Түркиядағы зайырлы оппозицияның ең ықпалды өкілі - Республикалық халықтық партия (РХП) коалиция құра алса, бұл бір үлкен саяси одақ болар еді. Алайда «Ердоғанның мұндай ымыраға бара қоюы неғайбіл» дейді Үлген. Сарапшының пікірінше «Ондай жағдайда Ердоған президенттік басқару жүйесін құру идеясынан біржола бас тартады».

Түркия президенті сарайында Режеп Тайып Ердоған (оң жақта) НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергті қабылдап отыр. Анкара, 9 қазан 2014 жыл.
Түркия президенті сарайында Режеп Тайып Ердоған (оң жақта) НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергті қабылдап отыр. Анкара, 9 қазан 2014 жыл.

Тағы бір болжам – барлық оппозициялық партиялардың Ердоған бастаған «Әділет және даму» партиясына (ӘДП) қарсы бірігуі. Алайда идеологиялық айырмашылықтары көп болғандықтан, оппозициялық ұйымдардың тегіс бірігуі екіталай.

Accociated Press агенттігінің жазуына қарағанда, Режеп Тайып Ердоған өзіне үйреншікті премьер-министр қызметінде тұрып-ақ парламент сайлауына қайта түсудің орнына, тек символдық функция атқаратын президент лауазымына сайлану арқылы аса үлкен тәуекелге барды. Ол президент сарайына кіріп алған соң, парламенттегі көпшілік орындарды сайлау арқылы алып, президент құзыретін кеңейтсем деп ойлайды. Бұл - 2002 жылдан бері Түркия саяси сахнасында үстем болып келе жатқан тұлғаның сирек жіберетін қателіктерінің бірі болған сияқты.

Марк Бейкердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG