Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған ондаған жылдар бойы Түркия саясатына ықпал етіп келеді. Үш мәрте премьер болып сайланған ол партия ережесіне сай («Әділет және даму» партиясы) премьер-министр сайлауына қатыса алмайды. Мерзімі аяқталған Ердоған енді президент сайлауына түсіп жатыр.
Ердоған сайлауда жеңсе, президент кеңсесінің өкілеттігін кеңейтпек. Түркиядағы саяси биліктің сипатын өзгертуі мүмкін бұл сайлауда 55 миллион адам дауыс бере алады.
ӘЛСІЗ ҚАРСЫЛАСТАР
Экмеледдин Ихсаноглу - парламенттегі біріккен оппозициялық партиялар ұсынған кандидат. 71 жастағы академик және тәжірибелі дипломат саяси қайраткер ретінде көп таныла қоймаған. Ихсаноглу салмақты, біртоға адам тәрізді көрінеді, жастар мен орта тап өкілдерін өз жағына шығаруға тырысып отыр. Бұл әлеуметтік топтардың өкілдері Ердоғанның билігіне наразы, оны автократ басшы санайды.
Тағы бір кандидат - 41 жастағы күрд Селяхаттин Демирташ. Солшыл «Халықтық демократия» партиясын басқарады. Ол әртүрлі топтағы адамдардың, әсіресе солшыл түріктердің қолдауына сүйенеді.
Алдын ала жүргізілген сауалнама бойынша, Ердоған 55 пайызға жуық дауыс жинауы мүмкін. Ихсаноглу 40 пайыз жинауы мүмкін. Демирташ үшінші орында қалады деген болжам бар. Егер кандидаттардың ешбірі 50 пайыздан аса алмаса, тамыздың 24-і күні сайлау қайта өтеді.
ЕРДОҒАННЫҢ БЕДЕЛІ БАСЫМ
Брюссельдегі Carnegie Europe зерттеушісі Синан Улген «Ердоғанның сайлауда жеңуіне танымалдығы ғана емес, басқа үміткерлердің әлсіздігі де ықпал етеді» дейді. Оның ойынша, «Ердоған дауға ұрынғанымен, Түркиядағы ең әйгілі саясаткер болып тұр. Оппозициялық топтар ұсынған адамды Түркия халқы жете танымайды. Оларды оппозициялық партиялар жұртқа тым кеш таныстырды» дейді ол.
Түркияда болған үкіметке қарсы наразылық шаралары мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау да Ердоғанның беделіне көлеңке түсіре алмады. Ердоғанды қолдайтындар оның билігі кезінде экономиканың қарқынды түрде дамығанын, оның тыйым салынған Күрд жұмысшы партиясымен (КЖП) татуласуға тырысқанын, елдің қарулы күштерін саясатқа араластырмағанын айтады.
ЕРДОҒАН ПУТИН ӘДІСІН ҚОЛДАНА МА?
Бұл сайлауда кімнің президент болатыны шешіліп қана қоймай, президент болатын адамның билікті қалай жүргізетіні де анықталады. Түркияда осыған дейін президенттің билігі шектеліп келсе, Ердоған конституцияға өзгеріс енгізіп, ел басшысының өкілеттігін ұлғайтпақ.
Ол «мықты басшы» болатынын айтып, АҚШ үлгісіндегі президенттік жүйеге өтуге шақырды. Ердоғанға қарсылар «ол парламент, үкімет пен сот жүйесін бір қолға шоғырландырады» деп қорқады.
Саяси шолушы Ахмет Озер «Milliyet» газетіне берген сұхбатында «Ердоған жеңсе, Түркия автократиялық режимге өтіп, билік органдары бірін-бірі шектеуден қалады» дейді.
Ердоған президент болса, Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалаған Түркияның осыған дейін билікте ең ұзақ отырған басшысына айналады. Ердоған президенттік қызметке бес жылдан екі рет сайлана алады. Президенттің билігін кеңейту мақсатында конституцияға қандай да бір өзгеріс енгізу үшін оның «Әділет және даму» партиясы парламентте конституциялық көпшілік дауысқа ие болуға тиіс.
Демек, келер жылғы парламент сайлауының маңызы артады. Улген «Ердоған конституцияны өзгерткісі келсе де, бәрібір қазіргі конституциямен жұмыс істеуі тиіс, себебі оның партиясы парламентте сол өзгерістерді құптайтындай көпшілік дауысқа ие болмауы мүмкін» дейді.
Сарапшылар қазіргі президент Абдулла Гүлдің жаңа премьер-министр болуы мүмкін дейді. Олар Путин мен Медведев сияқты рөлдерін ауыстырып отыруы ықтимал. 2008 жылы Путиннің үшінші рет сайлауға түсуіне конституция рұқсат етпей, ол - премьер, Медведев президент болған еді. Төрт жылдан соң екеуі қайта ауысты.
САЙЛАУДА ЛАУАЗЫМЫН ПАЙДАЛАНУ
Ердоғанды сынайтындар «ол премьер-министр болып отырған мүмкіндігін пайдаланып, сайлауды әділетсіз өткізіп жатыр» дейді. Ал оның қарсыластары (басқа кандидаттар) мемлекеттік және жекеменшік теле-радио эфирінен «бәсекелестердің бәріне бірдей уақыт бөлінбегенін» айтады.
Түркияның баспасөз кеңесі «эфирде кандидаттарға бірдей уақыт бөлмегені үшін мемлекеттік TRT телекомпаниясының басшысы қызметінен кетсін» деген талап қойып отыр. Жекешеленген ақпарат құралдарының көбі Ердоғанның партиясымен байланысы бар кәсіпкерлерге қарайды. Ал олар «бәсекені бұзды» дегеп айыпты мойындамайды.
КҮЛУГЕ БОЛМАЙДЫ!
«Әділет және даму» партиясының мүшесі, премьер-министрдің орынбасары Бюлент Ариндж осы айда сынға ұшырап, оның «әйелдер қоғамдық орында қатты күлмесін» деген пікірінен дау шықты. Тамыз айының басында ол «Ер адам әдепті болуы тиіс, бірақ әйелдердің әдебі одан да маңызды. Олар әркез сыпайы қалпын сақтап, өнегелі болуы керек. Қоғамдық орында әйелдер дауыс шығарып күлмесін» деген еді.
«Ердоған - автократ басшы, Түркияны діншіл елге айналдырғысы келеді» дейтін кейбір азаматтарға бұл сөз ұнамады. Ариндждың ескертуін жақтырмаған түрік әйелдері Twitter парақшасына күліп тұрған суреттерін салды.
ЭТНИКАЛЫҚ ДАУ
Осы аптада телеарнаға берген сұхбатында Ердоған этникалық армяндардың намысына тиетін пікір білдірді. Тамыздың 5-і күні NTV арнасына сұхбат берген ол өзінің «этникалық түрік екеніне оппозицияның күмәнданғанын» айтты.
Ол «Олар мені грузин деді. Тіпті кейбіреулер одан да жаманын айтты - мен армян екенмін!» деп мәлімдеді. Оның бұл сөзі әлеуметтік желіде сынға ұшырап, Түркиядағы армян азшылығының наразылығын тудырды.
Ердоған өткен аптада оппозициялық Республикалық халық партиясының жетекшісі Кемал Кылычдароглуның алауит (шииттік исламның бір ағымы) екенін бетіне басты.
Түркия тұрғындардың көбі сүнниттер екенін ескерген Ердоған «Кылычдароглу, сіз алауит шығарсыз. Мен оныңызға құрметпен қараймын. Ол жайында айтуға қысылмаңыз. Мен де сүннит екенімді жасырмаймын. Адамдарды алдауға себеп жоқ» деген еді.
(Фруд Бежанның мақаласынағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)